Күрес • 22 Қазан, 2018

19 жыл бойы алтынды аңсап келеміз...

216 реткөрсетілді

Венгрияның бас шаһары – Будапеште күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтіп жатыр. Айтулы жарыста төрткүл дүниенің барлық мықтыларымен қатар Қазақстанның ұлттық құрама командалары да бақ сынауда. Осы байрақты бәсекелер барысында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен барлығы 30 жүлде жиынтығы сарапқа салынады.  

Балуандық өнерде біздің елде мықты бапкерлік мектеп те, жеңіспен өрілген бай дәс­­­түр де бар. Жерлестеріміз көп­­­­те­ген дүбірлі додада жасын­дай жарқылдап, жеңіс тұ­ғы­­­рына көтерілгенде барша қа­зақ­стандық жанкүйерлер қуа­ныш пен шаттыққа бөленді. Десек те «әттеген-ай» деген тұс­­­та­рымыз да жоқ емес. Атап айтсақ, күрестің үш түрінен үз­дік­сіз өтіп тұратын әлем чем­­пио­натында Қазақ елінің әнұраны шырқалмағанына таба­ны күректей 19 жыл болған екен. Соңғы рет 1999 жылы Гре­­­кияның астанасы – Афиныда жа­лауы желбіреген жарыста 63 кило салмақ дәрежесінде күш сынасқан грек-рим күресінің хас шебері Мкхитар Манукян барлық қарсыласын қапы қалдырып, алтын медальді мойнына ілді. Со­дан бергі уақытта біздің ба­луан­­дарға бас жүлде бұйырған емес...

Өткенге зер салсақ, тәуел­сіздік алғаннан кейінгі кезеңде отандық грек-рим күресі шебер­лері әлем чемпионаттарында 21 мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Тарқатып айтсақ, 5 алтын, 7 кү­міс және 9 қола медальді ол­жа­лады. Алғашқы медальді Дәу­лет Тұрлыханов жеңіп алды. 1993 жылы Стокгольмде өткен жа­рыстың финалында даңқты балуанымыз түркиялық Хамза Ерліқайға есе жіберіп, екінші орын­ға тұрақтады. 1994 жылы Тампереде Юрий Мельниченкоға тең келер ешкім табылмады. Финалда ол ресейлік Александр Игнатенконың күл-талқанын шығарды. 1995 жылы Прагада ұйымдастырылған додада Юрий Мельниченко мен Бақтияр Бай­сейітов күміспен күптелді. Ше­­шуші тұста Мельниченко аме­рикалық Деннис Холдан ұтыл­са, Байсейітов франциялық Ивон Римерге жол берді. 1997 жылы Вроцлавта Юрий Мельниченко екінші мәрте жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Фи­налда жерлесіміз ре­сейлік Рафик Симонянды сан соқтырды. 1998 жылы Ев­леде Қазақстанның қос балуаны әлем чемпионы атанды. Олар – Мкхитар Манукян мен Бақ­тияр Байсейітов. Финалда Манукян түркиялық Шереф Ероғлыны жеңсе, Байсейітов ку­­­­балық Фелиберто Агилера Ас­­куяны ойсырата ұтты. 1999 жылы Афиныда қос жерлесіміз финалға дейін алқынбай жетті. Шешуші тұста Мкхитар Ма­­нукян өзінің сыралғы қар­сы­ласы Шереф Ероғлыны ең­серсе, Юрий Мельниченко Оң­түстік Кореяның оғланы Ким Ин Соптың осал тұсын таба алмады. Міне, әлем чемпионатындағы соң­ғы алтынды дәл сол жарыста олжалаған едік. 

2003, 2005, 2009 және 2010 жылдары өткен дүниежүзілік додаларда Қазақстанның балуан­дары тек қана қола медальді қа­нағат тұтты. Тарқатып айтсақ, Кретейде Георгий Цурцумия, Будапеште Ермек Көкетов, Хер­нингте Нұрбақыт Теңізбаев және Мәскеуде Алмат Кебісбаев пен Нұрмахан Тыналиев үшінші орынды иеленді. 2011 жылы Ыстамбұлдағы жарыстың финалында ирандық Омид Норузиден ұтылған Алмат Кебісбаев күміс алса, Нұрмахан Тыналиев қолаға қол созды. 2013 жылы Будапеште нар тұлғалы Нұрмахан Тыналиев тағы да үшінші сатыға табан тіреді. 2015 жылы Лас-Вегаста Алмат Кебісбаев пен Досжан Қар­­тықов қола медальді мойын­дарына ілсе, 2017 жылы Парижде Мей­рамбек Айнағұлов пен Де­меу Жадыраев сынды қос қан­­дасымыз алтын үшін талас­ты. Бірақ екеуі де шешуші тұста өз қар­сыластарына жол беріп, кү­міс медальмен шектелді. Айна­ғұлов жапониялық Кенитро Фу­митадан, ал Жадыраев гер­мания­лық Франк Штеблерден жеңілді. 

1993-2017 жылдар аралы­ғында Қазақстанның грек-рим күресі шеберлері 19 әлем чем­пио­­натына қатысты. Өкінішке қарай, 2001 жылы Патрыда, 2002 жылы Мәскеуде, 2006 жылы Гуанжоуда, 2007 жылы Бакуде және 2014 жылы Ташкентте бірде-бір жүлдеге қол жеткізе ал­ма­дық. Сондай-ақ 2016 жы­лы Будапеште Олимпия ойын­­­дарының бағдарламасына ен­бе­ген екі салмақ дәрежесі бо­йынша әлем чемпионаты ұй­ым­­дастырылды. Бірақ бұл жарыста біздің жігіттердің бағы жанбады. 

Қазақстанның еркін кү­рес шебер­лері әлем чемпионаттарында 2 күміс пен 8 қола ме­дальді еншіледі. Барлығы 10 жүл­­де. Қоржындағы қос кү­міс­тің қысқаша тарихы мынадай: 1995 жылы АҚШ-тың Ат­ланта қаласында ұйымдас­ты­рылған жарыста Елмәди Жабы­райылов финалға дейін жетіп, шешуші тұста америкалық Кевин Джонсоннан жеңілді. 2016 жылы Венгрияның астанасы – Будапеште олимпиадалық емес салмақ дәрежелері бойынша өткен әлем чемпионатында Нұрлан Бекжанов бірқатар белді балуандарды жолынан ығыс­­­тырып, финалда ресейлік Ма­гомед Құрбанәлиевке есе жі­берді. 

Ал 1997 жылы Красноярскіде Мәулен Мамыров, 2003 жылы Нью-Йоркте Геннадий Лалиев, 2005 жылы Будапеште Магомед Круглиев, 2009 жылы Хернингте Лео­нид Спи­ридонов, 2010 жылы Мәс­кеуде Әбіл­хакім Шә­пиев, 2011 жылы Ыстан­бұлда Дәулет Ниязбеков пен Дәурен Жұ­мағазиев және 2017 жылы Па­рижде Ақжүрек Таңа­таров қола медальға ие болды. 

Отандық еркін күрес ше­берлері 1993-2017 жылдар ара­лығында 20 мәрте жа­лауы желбіреген әлем чем-пионатына үздіксіз қа­тысып, 9 рет елге жүлделі оралды. Қал­ған 11 жарыста біздің жігіт­тер өз жанкүйерлерін жерге қаратты. Ал ең өкініштісі, осы спорт түрін серік еткен бірде-бір өре­німіз төрткүл дүниенің мық­тылары бас қосқан жарыста алтын тұғырға көтеріле алған жоқ. 

Әйелдер күресінен әлем чем­пио­наты 1987 жылдан бе­рі үздіксіз өтіп келе жатқа­ны­­мен, спорттың бұл түрі Қа­зақ­станға кешеуілдеп жетті. Соған қарамастан қысқа ғана мерзім аралығында біздің қыз­дар көптеген биік белестерді ба­ғындырып үлгерді. Алғашқы жүл­делерге 2007 жылы қол жет­кіздік. Бакуде өткен айтулы додада Елена Шалыгина күміс алса, Ольга Смирнова мен Ольга Жәнібекова қола медальді иеленді. 2008 жылы Токиода Жұлдыз Ешімова екінші орынды еншіледі. 2009 жылы Хернингте Елена Шалыгина қоланы қор­­жынға салса, 2010 жылы Мәс­кеуде ол күміспен күптелді. 2011 жылы Ыстамбұлда Жұлдыз Еші­мова үшінші тұғырға көте­рілді. 2012 жылы Альбертада Гүзел Манюрова екінші сатыға жайғасты. 2013 жылы Будапеште Екатерина Ларионова қолаға қол созды. 2016 жылы Венгрияның бас шаһарында Айым Әбділдина үшінші орын алды. 

Әйелдер күресінен өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрама 4 күміс пен 6 қоланы иеленді. Барлығы – 10 жүлде. Спорттың бұл түрі бойынша да отандастарымыз әлі бірде-бір рет алтыннан алқа тағынған жоқ. 

Соңғы әлем чемпионаты 2017 жылы Францияның астанасы – Парижде өтті. Грек-рим күресі шеберлері арасындағы сайыста Түркия мен Арменияның балуан­дары алымды көрінді. Бұл командалардың әрқайсысы қос алтыннан олжалады. Анадолы елінің өрендері арасынан Мете­хан Башар (85 кило) мен Рыза Каяалп (130 кило) және Қап та­уы қырандары қатарынан Мак­сим Манукян (80 кило) мен Артур Алексанян (98 кило) алдарына жан салмады. Сондай-ақ жа­пониялық Кэнитиро Фумита (59 кило), оңтүстіккореялық Рю Хан Су (66 кило), германиялық Франк Штеблер (71 кило) және сер­биялық Виктор Немеш (75 кило) бас жүлдені олжалады. 

Еркін күрестен өткен жарыста Грузия мен АҚШ құрамаларының қарқыны күшті болды. Грузия­лықтардың қатарынан Зураб Яко­бишвили (65 кило) мен Гено Петриашвили (125 кило) және америкалықтардың арасы­нан Джордан Барроуз (74 кило) бен Карл Снайдер (97 кило) теңдессіз деп танылды. Жапониялық Юки Такахаси (57 кило), әзер­бай­жан­дық Қажы Әлиев (61 кило), италиялық Франк Чамисо (70 кило) және иран­­­дық Хасан Язда­ни де (86 кило) чемпиондық атақ­қа қол жеткізді. 

Әйелдер арасында Жапония құрамасы ешкімге дес берген жоқ. Күншығыс елінің Юи Су­саки (48 кило), Харуна Оку­но (55 кило), Рисако Каваи (60 кило) және Сара Досё (69 кило) сынды сұлулары алтыннан алға тағынса, өзге салмақ дәре­­желерінде белоруссиялық Ванесса Колодинская (53 кило), америкалық Хелен Марулис (58 кило), моңғолиялық Пурэвдорд­жийн Орхон (63 кило) және түр­кия­лық Ясемин Адар (75 кило) топ жарды. 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Абай дүкені – Бельгияда

Руханият • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Риза Исаева

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Дәурен Дариябек

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Назерке Саниязова

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Ақылбек Шаяхмет

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Еркеғали Бейсенов

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Көгедай Шәмерхан

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Жасұлан Серік

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Ақжол Қалшабек

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Нұрбек Нұржанұлы

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Күлкі керуені № 7

Руханият • Кеше

Жақсы дәстүр жалғасады

Руханият • Кеше

Игілікті еңбек иесі

Қоғам • Кеше

Кедергісіз келешек

Қоғам • Кеше

Ұқсас жаңалықтар