22 Қазан, 2018

«Қызыл трактор» Нью-Йоркте жүр

54 реткөрсетілді

Нью-Йоркте «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында 14 қазан-30 қараша аралығында «Қызыл трактор» өнер тобының «Ойлар жинағы: Ойдағы оқиғалар» ретроспективті көрмесі өткізіліп жатыр. Бұл – «Фокус Қазақстан» жобасының және ACAW Азия заманауи өнер апталығының бір шарасы. 

Көрмеде «Қызыл трактор» қазақ­стандық өнер тобының үш жүзге жуық экспонаты қойылған: көркем сурет, графика, монументті мүсіндік жұмыс, кеңістіктік нысан, инсталляция, пер­форманстардың мұрағаттық суреті және бейнелері. Көрменің салтанатты ашылуында «Қызыл трактор» өнер тобы «Тазарту» атты өзінің танымал перформанстарының бірін ұсынды.

Айта кеткен жөн, Қазақстанның арт-сахнасында 90-жылдардың басынан бері белсенді еңбек етіп жүрген «Қызыл трактор» қатысушылары – трансавангард қозғалысының негізін салушылар. Топты кеңістіктік құрылымдық композиция мектебінің оқытушысы және жолын қуушы Виталий Симаков құрған. Топ құрылған уақыттан бері атауын бірнеше рет өзгерткен: «СаА тобы», «Шымкент-Трансавангард», «Си құрылымдық мектебі». 1995 жы­лы Молдақұл Нарымбетовтың ұсы­нысымен «Қызыл трактор» атауы берілді. Автордың түпкі ойына сәйкес, бұл топ әлемді шарлауы тиіс.

Топтың мүшелері, әрқайсысының дербес шығармашылық жолының болуына қарамастан, «Ойлар жинағы: Ойдағы оқиғалар» көрмесіндегідей жиі бірігіп тұрады. 

«Қызыл трактор» топ тәжірибесінде аймақтағы болып жатқан әлеуметтік және саяси өзгерістермен тығыз бай­ланыста болатын көшпелілер, со­пылық, шаманистік философияларды қайта ойластырып, пайдаланатынымен белгілі. Көшпелілердің тұрақты қозғалысы, 90-шы жылдардағы танымал нарратив, сондай-ақ табиғи материалдардың – ағаш, жүн, киіз, тоқыманың қасиеттілігі қолдан жа­салған шаңқобыз, домбыра және барабан секілді халық аспаптарын пайдалаумен тең дәрежеде топтың перформанстарында жиі кездеседі.

Экспозицияның орталығында – суретші, ақын, философ және «Қызыл трактор» тобының басты тұлғасы М. Нарымбетовтың кескіндемесі қойылған. М. Нарымбетовтың көрмеге қойылған шығармаларын Еуразиялық мәдени альянс қамтамасыз етті және жүздеген басқа экспонат суретшілердің өздерінің шеберханаларынан, Қазақстан мен Орталық Азиядағы музейлер мен жеке коллекциялардан жиналды.

Көрменің «Ойлар жинағы: Ойдағы оқиғалар» атауы көрме кураторы Лиза Ахмадидің шығарма желісіне қатысты, ол суретшіні көркемөнер нарығынан тыс бірінші коллекция жиюшы деп атайды, бұл сонымен қатар 2018 жылғы Азия заманауи өнер апталығының не­гізгі тұжырымдамасы.

«Фокус Қазақстан» жобасын «Рух­ни жаңғыру» бағдарламасы аясында Мәдениет және спорт минис­трлігінің қолдауымен Қазақстанның Ұлттық музейі ұйымдастыруда. 

«Егемен-ақпарат»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Еділ мен Жайық суы араласты

Аймақтар • Бүгін, 10:04

Ұқсас жаңалықтар