Руханият • 22 Қазан, 2018

Райымбек бұлағы

1548 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Асығыстау болсақ та жол бойы Думан айт­қан әңгімеге қызығу­шылығымыз оянды да, ал кеттік сонда дедік. Мұнымызды күтпеген жүргізуші жігіт еріксіз солға бұрылды. Асқар Алатаудың беткейіндегі бүл­кілдеп аққан бұлақ­қа қарай ынтамыз ауды. 

Райымбек бұлағы

Сіз егерде Алматыдан шы­ғатын Құлжа жолымен Аспантауды бетке алып жолға шықсаңыз, 165 шақы­рым­нан кейін Көкпек жа­зығы құшағын айқара ашып, ақбас биік таулардың кей­пін кеңейте түседі. Оң бет­кейге назар салсаңыз, Тор­айғыр тауының әдемі әспеті бұлаңытып, өзі­не мен­мұндалап шақыра бе­реді. Жусанды сайдың өзе­гінде жер астынан бұлқына буыр­қанып жатқан қайнар бұлақ суы төскейде көзіңізге оттай басылады. Бұл жердің тұрғындарына көптен таныс «Райымбек бұлағы» дегеніңіз, осы шіркін! Әйгілі Бұқар жырау, Қабан жырау, Сабдалы жырау, Жамбыл мен Көдек, Тілеміс шайырлар батырдың өшпес ерлігін жырға қосып, күмбірлете жырлағанын біле­міз. «Киелі мекен» атауымен күре жолдың бойына Ал­ма­­тыда, Еңбекшіқазақ және Райымбек аудандарында тұ­­ратын батыр бабаның ұр­пақтары бұл қасиетті бұлақ басына арнайы барып, қайнар көзін темір шарбақпен ерекшелеп белгітас орнатып қайт­­қан-ды. Жол бойы Ду­ман досымыздың айтып келе жатқаны да осы болатын. Жа­рықтық, алдымызда, кезін­де көміліп қалған көзін ашқан Райымбек бабамыздың қай­нар бұлағы. Бұл күнде елге жетуге асыққандай буыр­қанып ағады. Жол бойы қан­ша асықсақ та, қасиетті қай­­­нардың кесе толы суынан ра­хаттана мейірлене ұрттадық.

«Райымбек бұлағы» ары-бері өткен жолаушының сауа­бын алып буырқанып қайнап жатыр. Бұлқына бер, батыр бабаның мөлдір суы...

Пай шіркін, Райымбек бұлағы...

Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ, 

«Егемен Қазақстан»