Қоғам • 22 Қазан, 2018

Ел бірлігі – басты құндылық

600 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл күндері облыста жергілікті Ассамблея жанынан 36 этномәдени бірлестіктің басын қосқан 140-қа жуық қоғамдық кеңес құрылды. Сонымен қатар 2 қалалық, 123 ауылдық кеңес жұмыс істеуде. Кеңестің мақсаты – елде этносаралық, конфессия аралық бірлікті сақтау. 

Ел бірлігі – басты құндылық

Екібастұздағы «Достық үйін­де» 12 этномәдени бірлестік жұмыс істеуде. Этно-мәдени бірлес­тіктердің «Дулкын», «Гюзал-ай», «Славяночка», «Світанок», «Маршо», «Боя­хад», «Зодоринка» сияқты өнер ұжым­дары қалада өтетін барлық мәде­ни мерекелік шаралардан қалмайды. 

Қазақ тілін оқып-үйрену этно-мәдени бірлестік мүше­ле­рін патриоттық рухта тәрбиелеуге ықпал етеді. Әр этно-мәдени бір­лес­тікте мемлекеттік тілде қарым-қатынас жасауға, өз ана тілін оқып үйренуге барлық жағ­дай жасалған. Өздерінің ұлттық салт-дәстүрлерін жаңғы­рту этно-мәдени бірлестіктерінің мүше­лерін біріктіреді. Этно-мәдени бірлестік қаладағы «Үміт» балалар үйімен, орта арнаулы және жоғары оқу орындар­мен бірлесе мәдени шаралар өткізеді. 

Өткен жылы «Достық» үйін­де «Полония» атты поляктар бірлестігі балалар ансамблі құрыл­ды. «Возрождение» неміс­тер мәдени орталығы немiс тiлi­нiң зерттелуiне көңіл бөлінедi. Не­мiс тiлiн үйретуге жұмсалатын шы­ғындарды Гете атындағы Немiс мәдениет орталығы төлей­дi. 

«Братство» атты славян орта­лығы жыл сайын «Славян жазбасы мен мәдениетінің күндерін» өткізеді. Татар-баш­­құрттардың «Шатлық» бір­лестігі «Сабантой» ойын-сауық кештеріне шақырады. Шешен-ингуштардың «Вайнах» және әзербайжандардың «Әзер­бай­жан» бірлестіктерінде Ора­­­­за айында мүмкіндіктері шек­­­­теулі балаларға «Достық» үйін­де қайырымдылық ас­ бе­рі­леді. Украиндардың «Світа­нок» бірлестігінің жанында «Дударыки» балалар ансамблі мен «Світанок» хоры ән салады. Корейлердің «Чосон» және еврейлердің «Бэяхат» бірлес­тіктері ортақ іске жұмыл­ған. 

Облыстық Ассамблея жа­нын­­дағы Қоғамдық келісім ке­ңе­сінің төрағасы Идаят Әбді­халықовтың айтуынша,­ Ас­самблеяның об­лыс­тық фи­лиалы бұл күндері өңір­дегі аудандарды, қаладағы кәсіпорындарды аралап, кездесу өткізуде. Ел­ба­сы Жолдауы – басты та­қы­рып. Тақырып жүгі сал­мақ­ты. Қоғамдық келісім ке­ңе­­­сінің өкілдері алғашқы кез­­де­сулерін өндірісті қала Екі­бастұздан бас­тады. 

Кеншілер қаласына келген филиал өкілдерін қала әкімі Нұржан Әшімбетов қарсы алды. Барлығы да қалалық әкім­дікте өткен жалпы жиын барысында бас қосты. Қоғамдық келі­сім кеңесі, медиация маман­дары бірлесіп кеңеске келген кіші Ас­самблея өкілдеріне биыл­ғы Жолдау жаңалықтарын тал­қы­лап, өздерінің жыл бойы атқар­ған жұмыстары жайлы есеп берді. 

Жиында облыстық филиал төрағасының орынбасары Сей­сенбай Жетпісбаев сөз сөй­леп, еліміздегі бүгінгі күннің жар­қын жетістіктері – елдік пен бірліктің, түсіністіктің, тату­лықтың берекесі екенін айтып өтті. Өңірдегі Ассамблеяның 13 филиалы бар болса, облыстың қала, аудан орталықтарында, ауылдарда 83 этно-мәдени бірлестік және облыс орта­лығында 24 этно-мәдени бірлес­тік жұмыс істеуде.

Жолдауда Елбасы «Біз қа­шанда заман сынына тегеу­рінді іс-қимылмен төтеп бе­ріп келеміз. Бұл – ең алдымен ел ынтымағының арқасы. «Ын­тымақты елдің ырысы мол», дейді халқымыз. Бүгінгі кезеңнің де талабы оңай емес. Бірлігіміз мызғымаса, ынтымағымыз ыдырамаса, біз үшін алынбайтын асу, бағынбайтын белес болмайды» деп айтып өтті Сейсенбай Жетпісбаев. – Олай болса, біздер де осы талапқа сай бірлікте, ынтымақта жұмыс істеуіміз қажет.

Рухани келісім күні этно-мәдени бірлестіктер өнер ұжым­дарының концертімен аяқталды. 

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан» 

ЕКІБАСТҰЗ