Саясат • 22 Қазан, 2018

Рухани келісім – татулық тірегі

484 реткөрсетілді

1992 жылы 18 қазанда Алматы қаласында Елбасының төрағалығымен Бірінші Бүкіләлемдік рухани келісім конгресі өтті. Конгреске қатысушылар 18 қазанды Рухани келісім күні – қақтығыстар мен жанжалдарға тоқтау салу, татулық іздеу, жақынға қайырымдылық және көмек күні деп жариялау туралы манифест қабылдады. 26 жылдан бері қазақстандықтар бұл күнді татуласу жолын іздеу, адамдар арасында өзара түсіністік орнату күні ретінде атап өтеді. 

Рухани келісім күніне орай Астана қаласында «Қазақстандық жол: сұхбаттастықтан – рухани келісімге» атты тақырыпта ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиынға мемлекеттік органдардың басшылары, Қазақстан діни бірлестіктері мен мәдениет және конфессияаралық диалогті жүзеге асыратын үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты. Қоғамдық даму министрлігі Қоғамдық келісім комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Жанаханов «Қазақстандық тәжірибе – сындарлы диалог пен этностық алуандылық ұлттық байлық ретінде қабылданатын демократиялық мемлекеттің нақты алаңы бола алады», деді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда елімізде 18 конфессияның өкілдері өмір сүреді және 3700-ден аса діни бірлестік жұмыс істейді. Сондай-ақ Қайсар Жанаханов әлем елдерінің дінаралық келісімде Қазақстан моделіне қызығушылық танытып жатқаны тұрғысында сөз қозғады. «Дүниежүзінде дінаралық қақтығыстарды шешу үшін әртүрлі жобалар жолға қойылған. Әр елдің өз моделі бар. Кеше ғана АҚШ елінен келген делегацияны қабылдадым. Олар Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысына қызығушылық танытты», деді. 

Конференцияда сөз алған Мәдениеттер және діндер­дің халықаралық орталығының директоры Айдар Әбуов: «Қазақстанның тәжірибесі сындарлы диалог пен өзара түсіністік, адамдардың рухани бірлігін нығайтуға арналған алаң бола алатынын дәлелдейді. Бүгінде Рухани келісім күні қазақстандықтарды дәстүрлі моральдық құндылықтар арқылы біріктіріп, қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылық үшін толеранттылық пен рухани келісім идеяларын насихаттайды», деді. 

Конференцияда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Бауыржан Есмахан баяндамасында «Бүгінгі таңда Қазақстанның этносаралық және конфессияаралық келі­сімді нығайтуға қол жеткізген бірегей тәжірибесі әлемдік қоғамдастықтың сұранысына күн өткен сайы­н ие болуда. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбас­шыларының съезін өткізу арқылы жаһандық деңгейдегі рухани келісімді қамтамасыз етуде Қазақстан және оның Елбасының рөлін Үндістанның аса көрнекті жазушысы және қоғам қайраткері Рабиндранат Тагор «Әрбір ұлт өзінде бар жақсылықты жалпының игілігіне жұмсауы тиіс» деген сөздерімен білдіруге болады», деп айтты. Наиб мүфтидің айтуынша, ұлт байлығының жетістігі – біржақты жеке мүдделерді жеңе отырып, әлем елдерін рухани келісімді асқақтатуға шақыру. 

Күнделікті тұрмыс жағдайында әртүрлі ұлт өкілінің арасында кикілжің болатыны шындық. Осыған орай саясаттанушы Кенжеболат Жолдыбай «БАҚ және руханият» атты баяндамасында өскелең ұрпақтың тәрбиесіне тікелей ықпал ететін бағдарлама мен ақпараттың БАҚ беттерінде талқылануы күн тәртібінің басты мәселесі екенін айтты. «Әлеуметтік желілерде мәселені ушықтыра түсетін жағдайларға куә боп жүрміз. Сондықтан қалың бұқара арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту керек», дей келе жаңа портал ашу туралы ұсынысын білдірді. Конференция соңында қатысушылар бір ауыздан бейбітшілік пен келісім көздің қарашығындай сақтайтын басты құндылық екенін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар

Ұлылар үндескен күн

Аймақтар • 18 Қазан, 2019

Футзал: Бүгін жеребе тартылады

Футбол • 18 Қазан, 2019

Күлкі керуені №4

Руханият • 18 Қазан, 2019

Қазақстанда 200 теңгелік тиын шығады

Қазақстан • 18 Қазан, 2019

Ең қысқа әңгіме. Ерғали Бақаш

Ең қысқа әңгіме • 18 Қазан, 2019

Ең қысқа әңгіме. Мақсат Мәлік

Ең қысқа әңгіме • 18 Қазан, 2019

Ең қысқа әңгіме. Есболат Айдабосын

Ең қысқа әңгіме • 18 Қазан, 2019

Ең қысқа әңгіме. Нәзира Жәрімбет

Ең қысқа әңгіме • 18 Қазан, 2019

Ең қысқа әңгіме. Алмаз Мырзахмет

Ең қысқа әңгіме • 18 Қазан, 2019

Ұқсас жаңалықтар