Саясат • 22 Қазан, 2018

Үлескерлерді үптеп кеткендер жазалануы тиіс - Тұрғын Сыздықов

387 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Соңғы кездері өкілді органдар сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді шаралар жасап келеді. Бірақ осы қатарда кейбір олқылықтардың әлі де орын алып, бұл бағыттағы шаралар қоғамды толық қанағаттандырмай келе жатқанын айтуға тиіспіз.  

Үлескерлерді үптеп кеткендер жазалануы тиіс - Тұрғын Сыздықов

Бізге Астана қаласындағы бір­қатар үлескерлерден хат келді. Онда үлескерлер өздеріне жауап беруге тиісті «Номад строй ЭК» ЖШС лауазымды адам­дарының жауапкершіліктен қашып отырғанын айтады. Олар «Есіл ЭК» ТҚК және «Future home» тұрғын үйлеріне салынған ақшаларын жымқырды деп айыпталуда. Осы істе үлескерлер бірнеше жылдан бері әділдік­ке қол жеткізе алмай келеді екен. Жәбірленушілер мұн­дай келеңсіздікке мемлекеттік органдардың және қалың көп­шіліктің көз алдында жол беріліп жатқанына қынжылады. 

Үлескерлер өздерінің құры­лыс­қа арнаған қаражат­тарын «Астана финанс холдинг» мик­ро­қаржылық ұйымы арқылы қол­ма-қол ақшамен және несие реті­нде салғанын айтады. Ал осы қар­жы­лық ұйымды «Номад строй ЭК» ЖШС басшылары ашқан екен. 

Ақшаларын қайтара алмай, үйлерін де ала алмай пұшай­ман болған тұрғындар өздерінің хатында соттың шешімдері­не, сот орындаушылары мен салық органдарының көптеген тыйымдарына, банктегі шоттар­дың 20 реттен артық тұтқындалға­ны­на қарамастан, Астананың құры­лыс басқарма­сы аталмыш ЖШС басшы­ларын мемлекеттік бағдарламаға сәйкес салынатын әлеуметтік нысандар тұрғызу құрылысының мемлекеттік сатып алуларына қатыстырып, жеңімпаз деп танығанын айтады. Оның үстіне сот 2015 жылдың сәуір айындағы шешімімен бұл ұйымды сенім­сіз қатысушы деп те шешім шығарған екен. Ал олардың қағанағы қарқ, сағанағы сарқ. Мемлекеттік сатып алу бо­йынша жеңіп алған бір құрылыс шарты бойынша ғана мемлекеттік бюджеттен қаржыландыруды 1,8 млрд теңгеге арттырып, құры­лыс мерзімін жалғастырып ал­ған. Алайда көппәтерлі үйлердің құрылысын аяқтамаған. Тіпті басшылары сотталғаннан кейін де тендерге қатысып, 1 млрд теңгенің құрылысын салу тапсырмасын жеңіп алған...

Қорыта айтқанда, «Номад строй ЭК» ЖШС мемлекетке және жеке азаматтарға 7 млрд теңге­ден артық зиян келтірген. Мұның ішінде төленбеген еңбек­ақы және кредиторлық қарыз­дар жоқ. Оларды қоссақ бұл фир­маның зиянкестігі шектен шығып кетеді. Осының өзі Астана қала­сын­да анықтал­ған факті­лер. Ал бұлар басқа аймақтарда да жұ­мыс істеп, халықты қан қақсатуы мүмкін. Үлес­керлер өз хатында Ас­тана қаласының Сарыарқа аудан­дық прокуратурасына қайы­­рыл­ғандарымен ешқандай нәти­же болмағанын айтады. 

Міне, осындай заңсыздық­тарды көрген соң біз тиісті ор­ган­дарға қайырылып, тексеруді талап еткен хаттар жібердік. 

Тұрғын СЫЗДЫҚОВ, 

Мәжіліс депутаты