Қазақстан • 23 Қазан, 2018

Жарқын бастамалар жалғасады

391 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова жетекшілік еткен республикалық ақпараттық-насихаттық топтың мүшелері еңбек ұжымдарына барып, Жолдау талаптары мен міндеттерін түсіндірді.

Жарқын бастамалар жалғасады

 Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша жұмыс кү­ші көп аймақтардан өңірге биыл 348 отбасы көшіп келді. Жыл аяғына дейін тағы 60 отбасы қоныс аударады. Қызылжар ау­данында тұрғындармен өт­кен кездесуде Еңбек және ха­лық­ты әлеуметтік қорғау минис­трі Мә­дина Әбілқасымова қоныс­та­ну­шыларды жұмысқа ор­налас­тыру, жайлы баспанамен қамту, бас­қа да әлеуметтік жағ­дайлар­ды жасау бағытында жер­гілікті жерде атқарылып жатқан ша­ра­ларға оң баға берді. 

«Келесі жылы Солтүстік Қа­зақ­стан облысында қолжетімді тұр­ғын үй қанатқақты жобасы іс­ке қосылады. Ол бойынша әр бас­­пананы салуға 6 миллион тең­­ге мөлшерінде қаражат бөлу, ке­йін жекеменшікке сату жол­да­ры қарастырылған. Күн­гей­ден көшіп келушілер арасын­да білікті мамандар аз емес. Те­ріс­кейде дәрігер, мұғалім кадр­лар жетіспейді. Келешекте осындай олқылықтардың орны толтырылады», деді министр. 
Сапар барысында ол «Ах­муд­­динов» шаруа қожалығы­ның жұмысымен танысты. Ша­руа­шылық директоры Сермұхамед Оралұлы ағашты қалдықсыз өңдеумен айналысатындарын, оң­түстіктен келген 9 азамат жұ­мыс істейтінін, 70 адамның жұмыс­пен қамтамасыз етілгенін, орташа жалақы 150 мың теңгені құ­рай­тынын, алдағы уақытта 40 адам­дық жаңа жұмыс орны құрыла­тынын жеткізді. Соңғы бес жылда қожалық есебінен 12 баспана тұрғызылыпты. 

Петропавл әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 300 нау­қас­қа қызмет көрсетіледі. Олардың 23-і І топтағы мүгедектер. Ме­ке­ме­де психологтар бар, арнайы сен­сорлы кабинет жұмыс істейді. Ұжым­мен кездескен министр қойылған сұрақтарға жауап беріп, Жолдаудан туындайтын ауқымды міндеттерге байланысты келешекте атқарылатын іс-жоспарлармен бөлісті. Қала әкімінің орынбасары Евгений Глотов заманауи үш мектептің құрылысы бас­тал­ғанын, бұл мақсат үшін 50 миллиард теңге қаражат бөлінгенін, 6 мыңнан астам қызметкердің жала­қысы көбейіп, 13 мың адам са­лықтан босатылатынын жеткізді. «Би­знестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде 41 жо­ба қолдау тапты. Келесі жылы кә­сіпкерлерді субсидиялау мөлшері 3 есе арттырылады», деді ол. 

Ақпараттық-насихаттық топ­тың мүшелері еңбек ұжым­дар­ында өткен кездесу-жүздесулерде мұғалім беделін көтеру, алғашқы медициналық-санитарлық қызмет көрсететін қызметкерлерді ынталандыру, сапалы әрі қолжетімді тұрғын үйлер салу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді жұ­мысты күшейту, тағы басқа ба­ғыттар жайлы кеңінен әңгімеленіп, халықты Елбасы тапсырмаларын бірлесіп атқаруға шақырды. Жарқын бастамалардың одан әрі жалғасатынына сендірді

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы