Яғни, өңірде өткізілген балалар жылы жалпы республикалық жастар жылына жалғасып жатса, мұның өзі бір мерей.
Президенттің қазақстандықтарға арнаған Жолдауында балаларға сапалы білім мен тәрбие беру ісі мектепке дейінгі мекемелерден бастау алатыны айтылған. Соған сәйкес мектепке дейінгі білім сапасы түбегейлі жақсаруы керек. Басты бағыт осындай. Елбасы мәселені неге бұлайша қойып отыр? Оның жауабы да іле-шала көрсетілген. Өйткені ойлау негіздері, ақыл-ой мен шығармашылық қабілеттер, жаңа дағдылар бала кезден қалыптасады деп ой түйеді Мемлекет басшысы. Айна-қатесіз шындық. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген даналық сөз бар. Президент қойған талаптар мен міндеттер қазіргі озық технологияларды қолдана отырып, балалардың бойындағы қабілет пен талант шоғын одан әрі үрлей түсуге үндейді. Осындай оң бастамалар Ақтөбе облысында биылғы жылдың басынан басталып кеткен еді. Яғни, бұған жоғарыда айтып өткеніміздей, биылғы жылдың облыста балалар жылы деп жарияланып, соған сәйкес ірі әрі жан-жақты ауқымдағы «Бақытты бала» жобасы ойдағыдай жүзеге асқаны айқын айғақ.
Облыс мектептерінде «Бақытты бала» жобасы аясында модельдеу, сәулет, дизайн, анимация, веб-сайт бағдарламалары бойынша білім беретін IT-сынып ашылды. Әрі білім беру мекемелері интерактивті құралдар – принтерлер, робот техникаға арналған жиынтықтар, сонымен бірге ультрақысқа фокусты проекторлармен жабдықталды. Бұл үшін облыстық бюджеттен 68 миллион теңге бөлінген. Аудандарда бұл заманауи іс демеушілердің көмегімен атқарылған. Облыс педагогтарының робот техника бойынша біліктілігін арттыру курсынан өтуіне де «Бақытты бала» жобасының тигізген септігі мол. Бүгінгі күні бұл бағытта мектептердің жанынан арнайы үйірмелер ашылған. Бұл жөнінде газет тілшісіне Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Сүлейменова әңгімелеп берді.
Сегіз бағыт бойынша жүзеге асырылған қанатқақты жобаның ауқымы мейлінше кең. Бұған мысалдар жеткілікті. Айталық, осы шеңберде қосымша білім беруді дамыту, «Мектеп. Отбасы. Қоғам», «Саламатты болашақ» және «Кедергісіз білім» атты бағыттардың іске асқаны жоба мәртебесін биіктете түседі. Оның қай-қайсысы да жас ұрпақтың әлеуетін көтеру мен «Мәңгілік Елдің» болашағын қалыптастыруға көмегін тигізе алары аян. Бұл ретте жоба аясында жүзеге асқан «Әсем» оқу-танымдық орталығында балалардың өсіп-өркендеуі мен дамуына барлық қажетті жағдайлар жасалғанын айтқан жөн. Облысқа сапары кезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «АрТек» үлгісінде жыл бойы жұмыс істейтін баламасы жоқ балалар мекемесінің қызметімен танысып, оң баға бергені де бір мәртебе.
Жоба аясында биылғы жылы оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру ісіне де соны сипат беріліп, жаңаша көзқарас қалыптасты. Соның нәтижесінде өңірдегі мектеп оқушыларының 95 пайызы жазғы демалыспен қамтылды. Бұл үшін жергілікті бюджеттен 282 миллион теңге қаражат бөлінді. «Бақытты бала» жобасының бір бағыты кедергісіз білім деген атауды иеленген.
Мұндағы басты мақсат – мүмкіндігі шектеулі балаларға қолайлы жағдайлар туғызу, олай болса, оның ерекше тетігі қалыптаса алғаны да анық. Әрі оны «Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуы керек» деген Президент тапсырмасының өңірде тиянақты түрде орындалуының басты көрінісі деп бағалағанымыз жөн. Бұл бағытта «Нектар» арнайы түзеу балабақшасы мен ТМД елдері арасында баламасы жоқ «Күншуақ» сауықтыру инклюзивті балалар лагері еңсе тіктеді. Мұнда мүмкіндігі шектеулі балалар алты ауысымда тыныға алады. Өңірде инклюзивті білім беру жүйесі енгізілген білім орындары сенсорлы үйшікпен жабдықталған. Сонымен бірге аутизм дертіне шалдыққан балаларға арналған орталықтың ашылуына да шапағаты мол жандардың тигізген көмегі мол. Жоба аясында аса ауыр дертке шалдыққан балалар тегін емделуге мүмкіндік алды. Әрі шетелден Ақтөбеге арнайы келген дәрігерлер науқас балаларға тегін операция жасады.
Біз – жетімін жылатпаған, жерде қалдырмаған, оны жебеп, көлеңкесімен қорғай жүрген халықтың ұрпағымыз. Осы сахи мінезіміз бен бітім-болмысымыз «Бақытты баладан» тағы бір көрініс тапқандай күй кештік. Бұған облыстағы 100-ге жуық жетім баланың баспаналы болуы куә. Сондай-ақ бұдан басқа ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың есепшоттарына 80 миллион теңге аударылғанын қайда қоярсыз. Осындай сауабы мен шуағы мол істер өңірде одан әрі жалғаса бермек.
Сонымен бірге қанатқақты жоба аймақта 177 спорт, ойын алаңдарының ашылуына негіз қалады. Соның ішінде 4 ірі жоба ФИФА-ның халықаралық стандарттарына сәйкес келеді. Мұның сыртында елімізде теңдесі жоқ соңғы үлгідегі футбол-жаттығу кешені, батут орталығы, ашық аспан астындағы «киіз үй саябағы», отбасылық демалыс орталығы мен аквапарк те балаларға жасалған баға жетпес тарту мен сый екені анық. Жоба аясында жүзеге асқан сан алуан істер мен шаралар тек мұнымен шектелмейді. Бұл айтылғандар соның тек бір бөлігі ғана. Жалпы, жобаға 4,5 миллиард теңге бөлінгені оның аясы кең болғанын көрсетеді. Кәсіпкерлер мен демеушілер көрсеткен қомақты қаржылай көмек бұл есепке кірмейді.
– «Бақытты бала» – ел өңірлері бойынша тұңғыш рет жүзеге асқан ірі де бірегей, кең ауқымды жоба. Театр киімілгіштен басталса, адами капиталдың сапасын көтеру ісі алғашқы кезекте балалардың жан-жақты өсіп-жетілуіне қамқорлық туғызудан басталады. Бұл тұрғыда Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бастамашы болып, тікелей қолдау көрсеткен қанатқақты жобаның еліміздің өзге өңірлерінде де жалғасын тапқанын қалаймыз, – деді жобаның қорытынды жиыны кезінде Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева.
Біз осы ойлы пікірмен бүгінгі материалымыздың нүктесін қойғанды жөн көреміз.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ