Аймақтар • 23 Қазан, 2018

Балалар жылы жастар жылына жалғасады

2043 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысында мәреге таяп келе жатқан биылғы 2018 жылдың балалар жылы деп белгіленуі табиғатпен үндестік тапқандай әсер қалдырады. Ал Елбасы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында алдағы 2019 жылды еліміз бойынша «Жастар жылы» деп жариялау­ды ұсынды. Балалық шақ кейін жастық кезеңге ұласатынын ескерсек, ақтөбеліктер үшін жылдар сабақтастығының алатын мәні мен маңызы жоғары болмақ.

Балалар жылы жастар жылына жалғасады

Яғни, өңірде өткізілген балалар жылы жалпы республикалық жастар жылына жалғасып жатса, мұның өзі бір мерей.

Президенттің қазақстандық­тарға арнаған Жолдауында ба­­ла­ларға сапалы білім мен тәрбие беру ісі мектепке дейінгі меке­­мелерден бастау алатыны айтылған. Соған сәйкес мек­теп­ке дейінгі білім сапасы тү­бегейлі жақсаруы керек. Бас­ты бағыт осындай. Елбасы мәсе­­лені неге бұлайша қойып отыр? Оның жауабы да іле-шала көрсетілген. Өйткені ойлау негіз­дері, ақыл-ой мен шығар­ма­шылық қабілеттер, жаңа дағды­лар бала кезден қалып­тасады деп ой түйеді Мем­ле­кет басшысы. Айна-қатесіз шын­дық. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген даналық сөз бар. Пре­зи­дент қойған талаптар мен мін­деттер қазіргі озық технологияларды қолдана отырып, балалардың бойындағы қабілет пен талант шоғын одан әрі үрлей түсуге үндейді. Осындай оң бастама­лар Ақтөбе облысында биыл­ғы жылдың басынан басталып кет­кен еді. Яғни, бұған жоға­ры­да айтып өткеніміздей, биыл­ғы жылдың облыста балалар жы­лы деп жарияланып, соған сәйкес ірі әрі жан-жақты ауқым­дағы «Бақытты бала» жобасы ойда­ғы­дай жүзеге асқаны айқын айғақ.

Облыс мектептерінде «Ба­қыт­­­ты бала» жобасы аясында мо­дельдеу, сәулет, ди­зайн, ани­мация, веб-сайт бағдар­ла­малары бойынша білім беретін IT-сынып ашылды. Әрі білім беру мекемелері интерактив­ті құралдар – принтерлер, робот техникаға арналған жи­ынтық­тар, сонымен бірге ультрақыс­қа фокусты проекторлар­мен жабдықталды. Бұл үшін облыс­тық бюджеттен 68 мил­лион теңге бөлінген. Аудандарда бұл за­манауи іс демеушілердің көме­гімен атқарылған. Облыс педагог­тарының робот техника бойын­ша біліктілігін арттыру курсы­нан өтуіне де «Бақытты бала» жобасының тигізген сеп­тігі мол. Бүгінгі күні бұл бағыт­та мектептердің жанынан арнайы үйірмелер ашылған. Бұл жө­нінде газет тілшісіне Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Сүлейменова әңгімелеп берді. 

Сегіз бағыт бойынша жүзеге асырылған қанатқақты жобаның ауқымы мейлінше кең. Бұған ­мысалдар жеткілікті. Айталық, осы шеңберде қосымша білім бе­руді дамыту, «Мектеп. Отбасы. Қоғам», «Саламатты болашақ» және «Кедергісіз білім» атты бағыттардың іске асқаны жоба мәртебесін биіктете түседі. Оның қай-қайсысы да жас ұрпақ­тың әлеуетін көтеру мен «Мәң­гілік Елдің» болашағын қалыптастыруға көмегін тигізе алары аян. Бұл ретте жоба аясында жүзеге асқан «Әсем» оқу-танымдық орталығында балалардың өсіп-өркендеуі мен дамуына барлық қажетті жағдайлар жасалғанын айтқан жөн. Облысқа сапары кезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «АрТек» үлгісінде жыл бойы жұмыс істейтін баламасы жоқ балалар мекемесінің қызметімен танысып, оң баға бергені де бір мәртебе. 

Жоба аясында биылғы жылы оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру ісіне де соны сипат беріліп, жаңаша көзқарас қалыптасты. Соның нәтижесінде өңірдегі мектеп оқушыларының 95 пайызы жазғы демалыспен қамтылды. Бұл үшін жергілікті бюджеттен 282 миллион теңге қаражат бөлінді. «Бақытты бала» жобасының бір бағыты кедергісіз білім деген атауды иеленген. 

Мұндағы басты мақсат – мүмкіндігі шектеулі балаларға қолайлы жағдайлар туғызу, олай болса, оның ерекше тетігі қалыптаса алғаны да анық. Әрі оны «Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуы керек» деген Президент тапсырмасының өңірде тиянақты түрде орын­далуы­ның басты көрінісі деп баға­лағанымыз жөн. Бұл ба­ғытта «Нектар» арнайы түзеу балабақшасы мен ТМД елде­рі арасында баламасы жоқ «Күншуақ» сауықтыру инклю­зивті балалар лагері еңсе тіктеді. Мұнда мүмкіндігі шектеулі балалар алты ауысымда тыныға алады. Өңірде инклюзивті білім беру жүйесі енгізілген білім орындары сенсорлы үйшікпен жабдықталған. Сонымен бірге аутизм дертіне шалдыққан балаларға арналған орталықтың ашылуына да шапағаты мол жандардың тигізген көмегі мол. Жоба аясында аса ауыр дертке шалдыққан балалар тегін емделуге мүмкіндік алды. Әрі шет­елден Ақтөбеге арнайы келген дәрігерлер науқас балаларға тегін операция жасады. 

Біз – жетімін жылатпаған, жерде қалдырмаған, оны жебеп, көлеңкесімен қорғай жүрген халықтың ұрпағымыз. Осы сахи мінезіміз бен бітім-болмысымыз «Бақытты баладан» тағы бір көрініс тапқандай күй кештік. Бұған облыстағы 100-ге жуық жетім баланың баспаналы болуы куә. Сондай-ақ бұдан басқа ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың есепшоттарына 80 миллион теңге аударыл­ғанын қайда қоярсыз. Осындай сауабы мен шуағы мол істер өңірде одан әрі жалғаса бермек.

Сонымен бірге қанатқақты жоба аймақта 177 спорт, ойын алаңдарының ашылуына негіз қалады. Соның ішінде 4 ірі жоба ФИФА-ның халықаралық стандарттарына сәйкес келеді. Мұның сыртында елімізде тең­десі жоқ соңғы үлгідегі футбол-жаттығу кешені, батут орталығы, ашық аспан астындағы «киіз үй саябағы», отбасылық демалыс орталығы мен аквапарк те балаларға жасалған баға жетпес тарту мен сый екені анық. Жоба аясында жүзеге асқан сан алуан істер мен шаралар тек мұнымен шектелмейді. Бұл айтылғандар соның тек бір бөлігі ғана. Жалпы, жобаға 4,5 миллиард теңге бөлінгені оның аясы кең болғанын көрсетеді. Кәсіпкерлер мен демеушілер көрсеткен қомақты қаржылай көмек бұл есепке кірмейді. 

– «Бақытты бала» – ел өңір­лері бойынша тұңғыш рет жүзеге асқан ірі де бірегей, кең ауқымды жоба. Театр киімілгіштен бас­талса, адами капиталдың сапасын көтеру ісі алғашқы кезекте балалардың жан-жақты өсіп-жетілуіне қамқорлық ту­ғы­зудан басталады. Бұл тұр­ғыда Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бастама­шы болып, тікелей қолдау көр­сеткен қанатқақты жобаның еліміздің өзге өңірлерінде де жалғасын тапқанын қалаймыз, – деді жобаның қорытынды жиы­ны кезінде Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева. 

Біз осы ойлы пікірмен бүгінгі материалымыздың нүктесін қойғанды жөн көреміз.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ