Спорт • 23 Қазан, 2018

Қазақстан қоржынында – 10 медаль

437 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткен аптада Аргентина астанасы Буэнос-Айресте ІІІ жасөспірімдер Олимпиадасы аяқталды. 6 қазанда жалауы желбіреген байрақты бәсекеге әлемнің 206 елінен келген 15-18 жас аралығындағы 4000-ға жуық спортшы спорттың 32 түрі бойынша сынға түсті. Ал Қазақстан құрама сапынан ел намысын спорттың 22 түрі бойынша 57 спортшы қорғады. Отандық спортшылар биылғы жасөспірімдер Олимпиадасына 41 жолдама жеңіп алған-ды. Бұл өткен Олимпиадалармен салыстырғанда спортшылар саны әлдеқайда көп.

Қазақстан қоржынында – 10 медаль

ІІІ жасөспірімдер Олимпия ойындарының ең соңғы күнінде Қазақстан құрамасының қор­жы­ны екі жүлдемен толықты. Боксшы Талғат Шайкен (64 кг) финалда ресейлік Илья По­пов­тен жеңіліп, Олимпиаданың күміс жүлдегері атанды. Жекпе-жектен кейін пікір білдірген Шай­кен бұған дейін ол бокс­шыны үш рет жеңгенін, бұл кез­десуде жеңілмегенін айтты. Бірақ төрешілер жеңісті 1:4 есе­бімен ресейлік боксшыға берді. Ал каратэ спортынан 68 кило салмақ дәрежесінде сынға түскен Әбілмансұр Батырғали жартылай финалда бельгиялық Квенти Махауденнен жеңіліп, турнирдің қола жүлдегері атанды. 

Он екі күнге созылған ІІІ жас­өс­пірімдер Олимпия ойында­ры­ның қорытындысы бойынша, қазақстандық спортшылар медаль санынан да, алтын жүлде бойынша да рекорд орнатты. Бұған дейінгі екі Олимпиадада отандастарымыз 3 алтын медаль иеленген болатын. Биыл 4 алтын, 3 күміс және 3 қола жүлдеге қол жеткізді. Жалпыкомандалық есепте біздің спортшылар жалпы саны 10 медальмен он төртінші орынға тұрақтады. Бұл сында Ресей федерациясының спортшылары бірінші болды. Солтүстіктегі көршілеріміздің қоржынында 59 медаль бар (29 алтын, 18 күміс және 12 қола). Қытай құрамасы 36 жүлдемен (18, 9, 9) екінші орынға орналасты. Ал үшінші сатыға табан тіреген Жапония спортшыларының қоржынында 39 медаль бар (15, 12, 12).

Жасөспірімдер Олимпиада­сында ел қоржынына ең көп ме­дальды боксшылар салды – 4 жүлде. Оның біреуі алтын, екеуі күміс және біреуі қола. Додаға бес боксшы барғанын айта кеткен абзал. Айбек Оралбай Олим­пиада чемпионы атанса, Дамир Тойбай мен Талғат Шайкен күміс, Надежда Рябец қола жүлдені иелен­ді. Сондай-ақ велоспортшылар Евгений Федоров пен Глеб Брусенский, каноэмен ескек есуден Диас Бахриддин және дзюдошы Бекарыс Сәдуақас ел қоржынына алтын жүлде салса, дзюдошы қыз Маргарита Гри­ценко күміс, каноэмен ескек есуден Стелла Суханова қола жүл­дегер атанды.

Жасөспірімдер арасындағы Олимпия ойындары 2010 жыл­дан бері тұрақты түрде ұйымдас­тырылып келеді. Биылғы жарыс­ты қоса есептегенде Қазақстан құра­масының спортшылары мұн­дай сайысқа үшінші рет қатысты. Осы аралықта біздің спорт­шылар жалпы саны – 25 медаль иеленген екен. 2010 жылы тұңғыш рет ұйымдастырылған байрақты бә­се­­кеде біздің елдің спорт­шы­ла­ры үш алтын, екі күміс және екі қола медаль алған еді. Жал­пы саны 7 жүлдемен ме­даль көрсеткіші бойынша жал­пы­­командалық есепте 15-орынды місе тұтты. 

Араға төрт жыл салып Қытай­дың Нанкин қаласында өткен Олимпиадада Қазақстан құра­масының спортшылары 3 алтын, 1 күміс және 4 қола медальмен жалпыкомандалық есепте 21-орынға тұрақтады.

Жасөспірімдер арасындағы келесі Олимпиада 2022 жылы Сенегалда өтетін болды. Бұл ше­шімді Халықаралық Олимпиада комитеті Буэнос-Айрестегі сессияда бірауыздан қолдады. Сене­­галда өтетін халықаралық дода Африка құрлығындағы алғаш­қы Олимпиада жарысы болмақ.

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»