Аймақтар • 23 Қазан, 2018

Петропавлда қонақ үй және мейрамхана кешені тұрғызылды

60 реткөрсетілді

9 қарашада Қазақстан мен Ресей арасында өтетін өңіраралық ынтымақтастық форумы қарсаңында облыс орталығында көптеген әлеуметтік, мәдени, спорттық нысандар, көпқабатты үйлер бой түзеді.

Солардың бірі– «Royal Palace» қонақ үй және мейрамхана кешені. 3,5 мың шаршы метр аумақты алып жатқан екіқабатты еңселі ғимаратты салуға жеке  кәсіпкер 600 миллион теңге қаражат жұмсаған. Банктен алынған несиенің бір бөлігі «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы «Даму» қоры кепілдендірген.

«Нысанның екінші қабатында әкімшілік кеңселер және 600 орынға шақталған тойхана болады. Оның іші техникалық құралдармен толық жабдықталып, 4 лед экран қойылады. Ал бірінші қабатында караоке бар мен қонақ үй орналасады. Бұдан бөлек 150 адамға арналған кіші мейрамхана да жұртшылыққа қызмет көрсетеді.  Әрлеу жұмыстары толығымен аяқталып, жихаздар әкелінуде», дейді «Жоланов» ЖК жетекшісі Бекежан Жоланов.

«Green park» таңдаулы отбасылық парк отелі де көрші елден келетін қонақтарды қарсы алуға тас-түйін дайын. Сән-салтанаты келіскен 9 үй 120-200 адамды қабылдай алады. Мұнда wifi  желісі жұмыс істейді. Биыл қосымша 2,5 мың шаршы метр жол төселіпті. Осындағы хайуанаттар бағына екі марал мен екі қабан әкелініпті. Енді 3 монша,  жылытылатын бассейін іске қосылады.

Осы нысанның аумағында тағы бір мейрамхана тұрғызылуда. Оның бірінші қабатында 150, екінші қабатында 300 адам тыныға алады. Осыдан 34 жыл бұрын пайдалануға берілген «Есіл» мейрамханасы да  күрделі жөндеуден өтіп, адам танымастай кейіпке енген.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар