Аймақтар • 23 Қазан, 2018

Рудныйда Орал Мұхамеджановқа ескерткіш тақта ілінді

320 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Праламент Мәжілісінің төрағасы болған Орал Мұхамеджановтың өмірден озғанына биыл 5 жыл болды. Жерлестері ұйымдастырған еске алу шаралары аясында  Рудный қаласындағы ол оқыған бұрынғы мектеп, қазіргі музыка колледжі ғимаратының қабырғасына ескерткіш тақта ілінді. Оның ашылуына облыс және Рудный қаласы басшылығының өкілдері, замандас достары қатысты.

Рудныйда Орал Мұхамеджановқа ескерткіш тақта ілінді

«Президент әкімшілігінде жауапты қызметтерді атқарып, Парламент Мәжілісіне екі мәрте төраға болып сайлануы – Орекеңе артылған зор сенім мен жауапкершіліктің жеңіл болмағанын аңғартады. Көзі тірі болса ол бүгін 70 жасқа толар еді. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» демекші, Рудный қаласында ілінген ескерткіш тақта Орал Байғонысұлының елі үшін жасаған еңбегін халқының, осы ғимаратта оқитын жастардың есіне салып тұратыны анық», деді Қостанай облыстық мәслихатының хатшысы Сайлаубек Есжанов.

Музыка зерттеушісі Гүлнар Әлпейісова Орал Мұхамеджановтың атасы Мұхамеджанның арқаның ән мектебінің ірі өкілі екенін, бұл өнерден әкесі Байғоныс та, өзі де құралақан болмағанын айтты. Тәуелсіз еліміздің құқықтық-заңнамалық базасын нығайтуда көп еңбек сіңірген, Елбасының сенімді серіктерінің бірі болған Орал Мұхамеджановтың еңбегі мен өнегелі өмірі кейінгі ұрпаққа үлгі бола беретінін Рудный қаласы әкімінің орынбасары Елена Скаредина және Оралдың досы Жұмағали Қасымов ерекше айтып өтті.

Орал Байғонысұлының жары Шолпан мен қызы Зухра ескерткіш тақтаның ашылуына қатысып, отбасы атынан жерлестеріне разылығын білдірді.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай