Қазақстан • 23 Қазан, 2018

Өскемендегі көрмеде құнды фотосуреттер ұсынылды

457 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Өскемендегі көрмеде құнды фотосуреттер ұсынылды

Өскеменде Рухани келісім күні аясында бірқатар іс-шаралар өткізілді. Атаулы күнге орай Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде діни бірлестіктер арасында спорттық ойындар ұйымдастырылып, жеңімпаз командаларға кубоктар мен сыйлықтар табысталды. Облыстық дін істері басқармасының мұрындық болуымен Достық үйі-қоғамдық келісім орталығында облыстық діни бірлестіктер басшыларымен «Рухани келісім – Тәуелсіз Қазақстанның басты жетістігі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.

 Салтанатты жиынның басталуы алдында дөңгелек үстелге қатысушылар облыстық тарихи-өлкетану музейі, А.Пушкин атындағы облыстық кітапхана, «Мұхамади» мешітінің кітаптар мен фотосурет көрмесімен танысты. Көрмеде әртүрлі конфессиялардың діндерінің дамуын куәландыратын діни жәдігерлер, сирек кездесетін қасиетті кітаптар, жазбалар, бірегей құжаттар, фотосуреттер ұсынылды.

«Рухани келісім күні - Қазақстандағы әлеуметтік маңызы бар              күндердің бірі. Конфессиялар мен этностар арасында келісімді сақтау - мемлекеттік органдар, діни бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдардың бірлесіп істеген үлкен жұмысының жемісі», - деді Дін істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Т.Жігітаев.

Дөңгелек үстел барысында діни бірлестіктер басшылары шығысқазақстандықтарды Рухани келісім күнімен құттықтап, қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді, тұрақтылықты сақтауда тиімді жұмыстар жасауға тілек білдірді.

Іс-шараға «Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы» РМК-нің, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері мен Қаскелеі епископы, Астана Епархиясының викарийі, жергілікті атқарушы  органдардың, жергілікті діни бірлестіктердің, этно-мәдени орталықтардың, қоғамдық ұйымдардың басшылары қатысты.

Іс-шараның соңында бірқатар діни бірлестіктердің басшылары ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға қосқан үлестері үшін Шығыс Қазақстан облысының грамотасымен марапатталды.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН