Қоғам • 24 Қазан, 2018

Ел күткен шешім

64 реткөрсетілді

Әлемдік және жергілікті проблемалар бірі жағадан, бірі етектен алып тұрған қазіргі кезеңде халқымыздың әл-ауқатын өсіру, тұрмысын байыту оңай шаруа емес...  Жақсы тұрмыс деген не? Ол – барлық жұрттың жағдайының жақсаруы – яғни, қам-мұңсыз өмір сүріп, ауырмай-сырқамай, алаңсыз еңбек етіп, бала-шағасын асырап, оқытуы. Ал сол тұрмыс қайтсе жақсарады? 

Арифметикалық қарапайым сұраққа қарапайым жауап бер­сек, бұл, әрине, ең алдымен тап­қан табысыңа тікелей байла­­ныс­ты болмақ. Нарық кеңір­дегі­нен қысқан теңгеміз қыл­ғын­ған ­сайын, азық-түлікпен күн­де­лікті тұтыну тауарларының баға­сы шарықтай түсетіні анық. Мұн­дайда тапқан табысың бойын тіктеп, алып жүрген жалақыңның өзі жербауырлап қалмай, еңсесін көтере білсе – асығыңның алшысынан түскені емей немене?

Сондықтан да Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа Жолдауының әлқиссасы халық табысының өсуінен басталуында үлкен мән бар. Түбінде әмбеге ортақ еңбек қоғамын құру үшін мемлекет пен халықтың арасы мейлінше жақындап, екеуі тізе қосып, күш біріктіруі қа­жет. Ол үшін алғашқы қадам – ең төменгі жалақының мөл­шерін алдағы жылдан бір жарым есе, яғни 28 мыңнан 42 мың­ға өсіруден басталғалы отыр. Cон­дай-ақ бюджеттік меке­ме­­лерде жұмыс істейтін қыз­мет­­керлердің еңбекақысы 35%-ға өспек. Бұл дегеніміз бүкіл елі­міз­дегі күнделікті және ай­лық, жылдық табыстың молаюына тікелей әсер ететіні сөзсіз. 

Осындайда, төмен жалақы алатын қызметкерлер мен жұ­мыс­керлердің еңбекақысын кө­теру туралы Елбасы бастамасына алпауыт компаниялар қалай қарайды деген сауал сұранады. Бүгін Елбасының «қолдайды» деген сеніміне «қолдаймыз» деп қосарлана жауап беріп, ең­бекақы көтеру мәселесін ертең су аяғы құрдымға жіберіп, соңын сиырқұйымшақтандырып жібер­мес пе екен деген қауіп басын қыл­ти­тады. Сондықтан бұл аса өзек­ті тапсырманың бұлжытпай, мін­сіз орындалуын Үкімет өзі қа­дағалағаны жөн болар еді.

Жолдауда айтылған, ішкі на­рықты отандық тауарлармен қамтамасыз ету дегеніміз – шағын және орта бизнесті да­мы­туға қатысты сөз. Бұл сала үшін негізгі сомасы төленген жағ­дайда қосымша өсім мен айып­пұлды алып тастап, ішінара «салық амнистиясын» енгізу туралы тапсырма көп кәсіпкерге үлкен жеңілдік әкелетіні белгілі. Сондай-ақ жасанды интеллект технологиясын әзірлеумен айналысатын ғылыми-зерттеу институтын құру мәселесі қолға алынса, кетеуі кете бастаған ғылым саласына да қан жүгіретіні анық. 

Президент өз Жолдауында алдағы жылы «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы әзірленіп, қабылдау туралы тапсырма бергені зор ғанибет болды. Бұл ұстаздар үшін аса зор қуа­ныш. Айлығы аз, науқандық жұмыс­тарда әрдайым қолбалаға айнал­дырылатын мұғалімдердің беде­лін көтеру, абыройын арттыру еліміздің келешегі үшін керек­ті, аса маңызды стратегиялық шешім.

«Біз гранттардың санын кө­бейттік, енді жауапкершіліктің кезеңі келді», делінген Жол­дауда. Білім саласындағы бұл жауапкершілік – жоғары білім берудің сапасын арттыру, оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы, жалақысы жоғары қызметке орналасуы. 

Болашағы бар «7-20-25» бағ­­дарламасының іске асырылуы мен қолжетімділігінен түрлі түйткілдер табылды. Бұл кем­шіліктер, ең алдымен, тапсырма орындаушыларға қатысты болып шықты. Өйткені біріншіден, ұсынылып отырған пәтерлер бағасы тым қымбат, екіншіден банктер 7 пайыздық несиеге келісе бермейді, үшіншіден бір пәтердің ипотекалық құнын 25 жыл бойы төлеген кезде бір емес, бірнеше пәтерлік сомаға шығып кететіні анықталды. Әсіресе алғашқы жарнасын төлеу оңай емес. Оған рәсімдеу кезіндегі бю­рократтық кедергілерді қосыңыз. Сөйтіп үй-күйсіз жүрген жас отбасы қолжетімді пәтерден үміт үзуге мәжбүр. Сондықтан жаңа Жолдауда қолға алынған ипотека бойынша алғашқы төленетін 20 пайыздық жарнаны жергілікті бюджет есебінен субсидиялау ісі аса маңызды мәселе деп білемін. Сол үшін жергілікті және қалалық әкімдіктер баспанаға зәру жұртқа тұрғын үй сертификаттарын беру мәселесін шешуі тиіс. Бұған қоса жалдамалы тұрғын үйлер салу ісі де жедел қолға алынбақ. Осы мәселелердің бәрі Жолдауда шешілу жолдарымен қоса нақты көрсетілген.

Жастар демекші, Елбасы­мыз өз Жолдауында алдағы 2019 жылды «Жастар жылы» деп жа­риялау туралы өте орынды ұсы­ныс айтты. Бұл – жастарға арналып арнайы бағдарламалар қабылданып, үлкен қаржылар бөлініп, игілікті істер көзделеді деген сөз. Мұндай «шұға жауатын» шапағаттан шығармашыл жастар да құр қалмайтын шығар. «Мен жастарға сенемін!» деп Мағжан ақын жазғандай, біз өз болашағымызға сенеміз, бірақ, олар біздің сенімімізді ақтауы үшін жан-жақты жағдай туғыза білуіміз керек. Жастардың оқып, мамандық алуына, лайықты жұ­мысқа орналасуына, баспаналы болуына қолайлы жағдай жасау – міне, болашаққа салар нағыз инвестиция осы деп білуіміз керек!

Елбасы өз Жолдауында жа­лақы, табыс мәселесінен кейін: «Медициналық қызмет саласы халықтың әлеуметтік көңіл-кү­йінің аса маңызды компоненті болып саналады» деп, осындай тағы бір аса өзекті мәселенің шешімін ұсынды. Елімізде жыл сайын 35 мың адам обыр (рак) ауруымен тіркеледі екен. Олардың көбі жиған-тергенін шетелдік емханаларда емделуге жұмсайды. Егер озық қондырғылармен жаб­дықталған заманауи емхана салып, әлемдік дәрежедегі білікті дәрігерлермен қамтамасыз ете білсек, шетелге шабылмай-ақ сол емді өз Отанымызда да алу­ға болмай ма? Елбасының рак ауруларын осы заманғы ең озық, ең үздік, аса ерекше әдіс­тердің күллісімен емдейтін Ұлт­тық ғылыми онкологиялық орта­лық салу туралы тапсырма беруін Семей полигоны мен Арал қасі­­ретін бастан өткізіп отыр­ған, эко­логиялық зардап шек­кен еліміз үшін аса қажет қадам ретін­де қуанышпен қабыл­да­дым. Өйт­ке­ні, бұл – халықтың көп­те­ген жылдар бойы асыға күткен шешімі.

Денсаулық сақтау минис­тр­лігіне қарасты Ұлттық онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Ди­ляра Қайдарованың айтуынша, бізде Америкада, Еуропада, Ко­реяда, Түркияда оқып, білім алған, сондағы емханаларда жұ­мыс істеп, тәжірибеден өтіп келген дәрігерлеріміз баршылық. Ал сол жинақталған білім мен тә­ж­ірибені еліміздің бүкіл айма­ғын­да іске асырып, емге қолдану оңай емес, ол үшін арнайы жаб­дық­тал­­ған ғылыми орталық керек. Бізде жаңа онкология­лық орта­лық құрудың тұжырым­да­ма­сы әзір екен. Ол бойынша, сәулемен емдеу, протонды тера­пия, диагностика, иммунноем­деу, т.б. сияқты қазіргі кездегі әлемдегі ең алдыңғы қатарлы, ең тиімді тәсілдермен өз елімізде, өз дәрігерлерімізге емделетін күн жақын қалды. Мұндағы көз, жұлын мен мидың қатерлі ісі­гінің бетін қайтаратын протон­ды емдеу тәсілі және ота жасайтын кибернетикалық қандауыр постсоветтік елдерде ең алғашқы болып Қазақстанда қолданылмақ, ал мұндай ем бүкіл жер жүзі бо­йынша 57 орталықта ғана бар көрінеді. Алдағы жылы Аста­на қаласында салынатын Онколо­гиялық орталықта жылына 8000 адам ауыр сырқатынан тегін емделетін болады.

Жолдаудағы бағыттар мен шешімдердің қай-қайсысы да есеп-қисабы шығарылып, елек-сараптан өткізіліп, нақты қаржыға негізделген, еліміздің ертеңі үшін жасалатын игілікті істер болмақ. Осы ел болашағына бөлінетін қыруар қаржы ертең «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» жырымдалып кетпес үшін сенім артылған орындаушыларға ынсап керек. Қарапайым халық қолдап отырған Жолдауды енді, ең бастысы, қолында билігі мен қаржысы бар, тұтқа мен тізгін ұстаған, бас көтерер, атқамінер азаматтардың қолдағаны қажет. Айтумен емес, ар-ұятпен! Құр сөзбен ғана емес, нақты іспен! Бұл – сөзден іске көшетін кез келгенін көрсетеді. Осыны талап ету керек. Ендеше, іске – сәт!

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы
 

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Еділ мен Жайық суы араласты

Аймақтар • Бүгін, 10:04

Ұқсас жаңалықтар