Қоғам • 24 Қазан, 2018

Адами факторды азайтады

508 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Адами факторды азайтады

Соңғы жылдары еліміздегі перзентханалар жанынан ашылып жатқан симуляциялық орталықтар дәрігерлердің тәжірибелік дағды­ларын жетілдіруге бағытталған. Осын­дай тағы бір орталық Аты­рау­дағы қалалық перзентханада жұмысын бастады. 15 стансадан тұратын орталықта жас дәрі­гер­лермен бірге ұзақ жылғы еңбек өтілі бар мамандар да түр­лі мани­пуля­ция­лар жасайды. Мыса­лы, мерзімінен бұрын туыл­ған сәби­лерді, босанған әйел­дерді реа­ни­ма­циялауда, босануға жәр­дем­десуде, тууды имита­ция­лау­да қыз­мет­керлер арнайы меди­цина­лық муляждарды пайдаланады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиева роботтардың адам ағзасына барынша жақындатылған, эмоцияларды білдіре алатындығын, дыбыс шығарып, сөйлейтіндігін айтады. «15 роботтандырылған станцияға 200-ге жуық жабдық сатып алынды. Сол арқылы ай­мақ­тағы медициналық қызмет­кер­лерді тәжірибелік дағдыларға оқы­тып, жедел жәрдем келгенге дейін алғашқы көмек көрсетуде пара­ме­дик­терді дайындауды мақсат еттік», дейді.

Симуляциялық орталықта 12 жаттықтырушы-дәрігер неонатолог, анестезиолог, реаниматолог, акушер-гинеколог жұмыс істейді. Жыл соңына дейін облыстың бар­лық медициналық қызметкерлерін, 200 парамедициналық маманды біліктілік арттыру курстарынан өткізу жоспарланған.

Жаңа орталықтың жұмысымен таныс­қан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев оқу жаттығу орны тек дә­рі­­­гер­­лерге ғана емес, түрлі кә­сіп­­тегі адамдарға, айталық поли­ция қыз­мет­керлеріне, өрт сөн­­діру­­ші­лерге, дене шынық­тыру мұғалім­дері­не, жаттықтыру­шыларға және мем­лекеттік қызметшілерге де пай­далы екенін атап өтті. «Біздің міндетіміз – барлық дәрігерлерді әрқайсысы өзінің арнайы дағды­ларын автоматтандыруға жеткізуі үшін осы орталықтан өткізу. Мақ­сатымыз – адами факторды азайту, өңірдегі барлық дәрігерлер өз саласының маманы болуы тиіс», деп тапсырды Нұрлан Ноғаев денсаулық сақтау басқармасының басшысына.

Мұндай орталық Атырау ме­ди­циналық колледжінің жанынан да ашылған. Онда студенттер бес стансада көмек көрсету үшін тәжірибелік дағдыларды жинақ­тайды.

Атырауда ана мен бала денсау­лы­ғы үнемі назарда болғанына қара­мастан, перзентханада көз жұ­му оқиғалары әлі де бар. Жаңа си­му­ля­циялық орталық ана мен ба­ла өлімінің көрсеткішін нөлдік дең­гейге жеткізуге септігін тигізсе жақсы.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ