Қазақстан • 24 Қазан, 2018

Батыр атындағы спорт кешені

884 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мағжан Жұмабаев ауданының орталығы Булаево кентінде заманауи құрал-жабдықтар орнатылған қос қабатты дене­шынықтыру-сауықтыру спорт орталығы есігін айқара ашып, оған Абылай ханның сенімді серіктерінің бірі болған Батыр Баянның есімі берілді. 

Батыр атындағы спорт кешені

Шараның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров Елбасы Жолдауында өңірлік деңгейдегі резервтерді тауып, бұқаралық спорт пен денешынықтырудың қолжетімділігін арттыру міндеті қойылғанын, елімізде кем дегенде 100 денешынықтыру-сауықтыру кешенін салу тапсырмасы берілгенін, оның алғашқы қадамы Қызылжар өңірінде бас­тау алғанын атап өтті. «Өңірде бірнеше көше батыр есімімен аталады. Оның атындағы мектеп алдына еңселі ескерткіш қойылған. 14 жасынан атқа қонып, қолына найза ұстап, қазақ жерін жоңғар шапқыншылығынан қорғауда небір ерлік көрсеткен, қол бас­таған бабамызды қалай ұлық­тасақ та жарасады. Абылай хан оның ақылдылығын, ержү­рек­тігін үлгі еткен. Солтүс­тік­­­қазақстандықтардың 30 пайызға жуығы спортпен шұғылданып, жастарға саламатты өмір сүру үлгісін көрсетіп келеді. Жуыр­да Петропавл қала­сында мем­лекеттік-жекеменшік әріптестігі шеңберінде әмбебап теннис ор­талығы тұрғызылды. Бұл үрдіс алдағы уақытта да өз жалғасын таба­ды», дей келіп, Айдарбек Сейпілұлы аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың жылы лебізге толы құттықтауын жеткізді. 

Батыр Баянның алтыншы ұрпағы Зейнолла қажы Олжа­баев, облыстың құрметті азаматы, даңқты спортшы Жамбыл Тасеменов, ауыр атлетикадан облыстың аға жаттықтырушысы Ерік Әлібаев, тағы басқалары қуа­нышқа ортақтасып, ұлт ден­саулығының маңызына тоқ­талды. Аудан әкімі Асқар Бег­манов байрақты бәсе­келерде олжа салып жүрген жергілікті спортшылар мен жаттықтырушыларды марапаттап, ақшалай сыйақылар табыс етті. Олардың арасында ауыр атлетикадан Азия чемпионы Айдар Қазовтың есімі ерекше аталды. Жерлесіміз қазір әлем біріншілігіне дайындалуда.

1100 шаршы метр аумақты алып жатқан кешенді салуға қазы­надан 80 миллион теңге бағыт­талды. Мұнда енді ауыл балалары күрес, ауыр атлетика, спорттың басқа да түрлерімен еркін айналысатын болады.

Салтанатты рәсім қазақ кү­ресі­нен Батыр Баян атындағы рес­публикалық жарысқа ұла­сып, осымен екінші рет ұйым­дас­тырылған ашық турнирге алаң иелерімен қатар Ақмо­ла, Түр­кістан, Қарағанды облыстарынан сайдың тасындай іріктелген палуан­дар жиналды. Олар 80 килодан жоғары салмақ бо­­йын­ша өзара күш сынасып, «Түйе палуа­н» ата­ғын сарапқа салды.

Боз кілемге бірінші болып көтерілген Түркістан об­лы­сы­ның өкілі Ерсұлтан Мұ­запаров Солтүстік Қазақстан об­лы­сының намысын қорғаған қарсыласын таза жықты. Ол екінші белдесуінде де алаң иесі Алпысов Дулатты еркін ұтып, бас жүлдеден үміткерлердің бірі екенін танытқан еді. Алайда 2014 жылғы «Қазақстан барысы», екі дүркін әлем чемпионы Мұхит Тұрсыновтан жеңіліс тапты. Мұхит Шығыстың тумасы бол­ғанымен, бүгінде «Қызылжар арлан­дары» күрес орталығында жаттығады. Мұхиттың алдын Азия жеңімпазы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Сейтен Айбат орап кетті. Ол ақтық белдесуде М.Жұмабаев ауданының палуаны Ақжігіт Ораловтың осал жерін дөп басты. Белдесу аяқ­талуға санаулы секундтар қал­ғанда оның босаңсығанын пайдаланып, қапы қалдырды.

Сөйтіп «Ұзынкөл» шаруа қожа­лығының жетекшісі Қанат Әлмұратов бас жүлдеге тіккен жеңіл көлікті қанжығаға байлады.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы