Білім • 24 Қазан, 2018

Ахаңның тағылымы

289 реткөрсетілді

Тәуелсіздігіміздің тұғыры нықталып, еңсемізді тіктеген сайын кешегі Алаш үшін арпалысып өткен арыстарымыздың бағасы одан сайын артып, мәртебесі одан сайын биіктей бермек. Соның бір дәлеліндей биыл Премьер-Министрдің қаулысымен 5 қыркүйек, яғни Ахмет Байтұрсынұлының туған күні Қазақстан халқы тілдерінің күні болып бекітілген болатын.  

Кеше Астана қаласының әкімдігі мен Тілдерді дамыту және архив ісі бас­қар­масы, «Руханият» коммунал­дық мем­лекеттік меке­месінің ұйымдастыруымен Қ.Қуанышбаев атындағы Мем­ле­кеттік академиялық қазақ му­зыкалық драма театр­ында Ахмет Байтұрсынұлының шы­ғар­машылығына арналған «Алаш­­тың Ахаңы» атты рухани- тағылымды іс-шара өтті.

Кешке Ахмет атамыздың аталас туыс­тарынан тараған ұрпақтары да келіп­ті. «Бізге күл­лі Алашқа ортақ Ах­мет Байтұрсынұлының ұрпағы деген ат әрине мақтаныш, сонымен бірге өте үл­кен жауапкершілік. Әулетіміздің ұл-қыздары осы ардақты атқа жаманат келтірмей, ұрпағы да ғылым, біліммен ұлтқа қызмет ету керектігін айтып, сол бағытта жұмыс істеуге тырысамыз», деді Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Еу­ра­зиялық білім және ғылымды дамыту қоғамдық қорының атқарушы директоры Азамат Нұрланұлы.

Кеш Қ.Қуанышбаев теа­трының әртістері сомдаған «Ұлт қайраткері» қойы­лы­мымен басталып, «Ахмет Байтұр­сын­ұлының ғұмырнамасы» атты бейне­сюжет көпшілік назарына ұсынылды. Алаш­танушы ғалым, филология ғылым­дары­ның докторы, академик Дихан Қам­за­бекұлы сөз сөйлеп, Ахмет Байтұр­сын­ұлының арман-мұраты жайлы баяндады. 

Ол әр ұрпақтың мойнына өз уа­қы­тының жүгі артылатынын, сол жүкті келесі ұрпақтың арқасына артып кету ұлтты кері шегіндіретін немесе басқаларға ілесе алмай қалуға алып келетін қателік еке­нін айта отырып, Ахаңның өз дәуірінде мойнына артылған аса ауыр жүкті толы­ғымен атқарып кеткен ғалым екендігін тілге тиек етті.

«Бұл шараның мақсаты – Алаштың рухани көсемі, қазақ тіл білімінің негізін қалаушы ғалым, әдебиет зерттеушісі, ағар­тушы, ұлт ұстазы Ахмет Бай­тұр­сынұлының шығар­машылық мұрасын көпшілік қа­уымға кеңінен насихат­тау, жас ұрпақтың бойын­да ұлтжандылық пен отан­шыл­дық рухты қалып­тас­ты­ру, қоғамдық сананы ұлт­тық ба­ғытта жаңғырту, ұлттың асыл қазынасы – қазақ тілінің мәр­­тебесін арттыру, қазақ сөз өнерінің құнды мұраларын таныту», дейді ұйымдастырушылар.

Тағылымды да тартымды кеште дәс­түрлі әнші Амангелді Сейітхан Ахаң­ның Файзолла досына жазған соңғы хат­тары­ның бірі «Қан шеңгел» толғауын орындады. «Сенен бұлт менен қайғы тарқамады» деп Мәдидің әнімен бастаған әйгілі әнші Рамазан Стамғазиев  әрі қарай «Алаш қонған ақбоз үй...» деп Қапездің әнімен жал­ғады. Күйші Айбек Бекбосын «Алаш» күйін тарту етті. Сондай-ақ оқушылар Ахмет атамыздың өлеңдерін оқыды.

Игі іс-шараға зиялы қауым өкілдері мен қала басшылығы, құрылымдық және әлеуметтік мекемелердің, оқу орындарының, жастар ұйымдарының жетек­шілері, белсенді жастар мен ұлт ұс­та­зының ұлағатынан сусын­дауға қызыққан қала тұрғындары қатысты.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұлылар үндескен күн

Аймақтар • 18 Қазан, 2019

Футзал: Бүгін жеребе тартылады

Футбол • 18 Қазан, 2019

Күлкі керуені №4

Руханият • 18 Қазан, 2019

Қазақстанда 200 теңгелік тиын шығады

Қазақстан • 18 Қазан, 2019

Ең қысқа әңгіме. Ерғали Бақаш

Ең қысқа әңгіме • 18 Қазан, 2019

Ең қысқа әңгіме. Мақсат Мәлік

Ең қысқа әңгіме • 18 Қазан, 2019

Ең қысқа әңгіме. Есболат Айдабосын

Ең қысқа әңгіме • 18 Қазан, 2019

Ең қысқа әңгіме. Нәзира Жәрімбет

Ең қысқа әңгіме • 18 Қазан, 2019

Ең қысқа әңгіме. Алмаз Мырзахмет

Ең қысқа әңгіме • 18 Қазан, 2019

Ұқсас жаңалықтар