Қазақстан • 24 Қазан, 2018

Алматы «ақылды қала» атанды

623 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда елеулі өзгеріс көп. Соның бірі жаңа тұрпатта дамыған көлік жүйесінің қызметі. Жақында ғана Люблянада өткен ақылды қалалардың «Smart city-2018» Еуропалық форумында мегаполис көлік жүйесін кешенді реформалау бойынша алғашқы орынды еншіледі.

Алматы «ақылды қала» атанды

Байқау комитеті Алматының қоғамдық көліктегі табыстың ашықтығына цифрлы технологияны пайдалануы, оған сарапшылар мен бизнестің қатысуы, МЖӘ механизмінің ұтымды қолданылуы, экологияны жақсартуға басымдық беруі сынды бірқатар жүйелерін айрықша бағалаған.

 Биыл шаһарда автобус парктерін жаңарту деңгейін 80%-ға жеткізу көзделуде. Жеке инвестиция есебінен үшінші буындағы электробустар шығаратын автобус паркі мен зауыт салынды. Электробустарды қала бағыттары бойынша жүргізу шаһардың экологиясына оң әсер етіп отыр. Мегаполисте ел аумағы бойынша алғаш рет BRT жүйесі іске асты, қоғамдық көлік үшін 110 км арнайы жолақ жасалып, қаланың 10 орталық көшесіне біржақты көлік қозғалысы енгізілді. Орталық аумақтарда тұтастай велодәліз жасалды. Алматыны тыныш аудандармен және кейін қосылған елді мекендермен байланыстыру мақсатында қос бірдей метро бекетінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Қоғамдық көліктердегі барлық транзакциялардың 97 пайызы қолма-қол ақшасыз жүргізілгені тұрғындар үшін тиімді болған. GPS-жүйесі арқылы диспетчерлік басқарудың автоматты жүйесі жұмыс істеуде, барлық автобустарға бейнебақылау орнатылған. Оған қоса тасымалдаушыларды субсидиялауға қатысты жолаушылардан түскен шағым бойынша айыппұл салу ісі жүзеге асқан. Қалада ЖКА-ға қатысты фото-бейнетіркеу жүйесі жұмыс істейді. Әзірге 709 қозғалыс жолағы бақылауға алынған болса, келер жылдан бастап бақылау нүктелері екі есеге ұлғаймақ. 

Көлік жүйесін реформалауда қала бас­шылығы үздік халықаралық мамандармен бірігіп жұмыс істеуде. Олардың арасында қоғам­дық көліктер мен көшелерді жаңғыртумен айналысатын «Gehl architects», «Тұрақты көлік» жобасы бойынша жұмыс істейтін БҰҰ ДБ, көлік қозғалысының кешенді сызбасын жасайтын «A+S Транспроект»,«Systra» компаниялары және Алматының шебер-жоспар концепция­сын жасауға кіріскен канадалық-америкалық «HATCH» компаниясы бар.

Айта кетерлігі,«Smart city» форумы Люблянада 2011 жылдан бастап өтуде, ол Еуропа мен Азия қалалары арасында ынтымақ­тастықты нығайтуға, «Ақылды қалалар» цифр­лы трансформациясын бірігіп жүзеге асыруға бағытталған. Елу ең үздік әлемдік тәжірибе мен инновациялық жобалар­дың үштігіне Алматымен қатар Анкара мен Загреб қалалары да еніп отыр.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ