Аймақтар • 24 Қазан, 2018

Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауылында спорттық-сауықтыру кешені ашылды

559 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жақында Батыс Қазақстан облысында спортсүйер қауым ерекше қуанған бір оқиға болды: Бөрлі ауданына қарасты Бөрлі ауылында үлкен спорттық-сауықтыру кешені ашылды. Мұның ерекшелігі – бокс, қазақша күрес, таэквондо, волейбол, футбол, баскетбол, допты хоккей, фитнес, сондай-ақ қысқы спорт түрлері үшін барлық жағдай жасалған, 300-ден астам спортшы шынығатын кешен қалада немесе аудан орталығында емес, қарапайым ауылдық округте тұр.

Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауылында спорттық-сауықтыру кешені ашылды

Суретті түсірген Александр КУПРИЕНКО

«Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг бв» компаниясының қаржысына бой көтерген спорт ғимаратының алаңы 3056,7 шаршы метр, жалпы ауданы 13 597,3 шаршы метрді құрайды. Кешен құрылысы 2017 жылдың шілде айында басталып, 2018 жылдың шілде айында аяқталды. Жоба құны - 321,6 млн теңге.

«Өңірлік деңгейдегі резервтерді тауып, бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру қажет. Үкіметке және әкімдерге кем дегенде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды тапсырамын. Сондай-ақ, қолданыстағы, әсіресе мектептердегі спорт ғимараттарын тиімді пайдаланып, дене шынықтырумен айналысу үшін аулаларды, парктерді, саябақтарды жабдықтау қажет» деген еді Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында.

- Бұл – дәл Президент тапсырғандай, ауылдық жерде ашылған дене шынықтыру және сауықтыру кешені. Жолдауда мұндай құрылыстар елдімекеннің болашағын, тұрғындар санын ескеріп салынсын делінген. Бөрлі – болашағы бар ауыл. Мұндағы жергілікті мектепте 550 оқушы, агротехникалық колледжде 300 студент оқиды. Кешенде дәстүрлі спорт түрлері де, баскетбол, футбол, волейбол үйірмелері де болады. Сондай-ақ мұнда облыста тұңғыш рет қысқы спорт түрлерінен – допты хокккей мен шаңғыдан шәкірт дайындайды. Бұрын допты хоккей командасында ойнаған Азамат Мәжік Бөрлі ауылына жаттықтырушы болып аттанды, оған қызметтік пәтер берілді. Осының бәрі жергілікті билік тарапынан көрсетіліп жатқан үлкен қолдау ғой, - дейді Батыс Қазақстан облыстық спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева.

Елбасымыздың өңірлерде бұқаралық спортты дамыту туралы тапсырмасы Ақ Жайық өңірінде қарқынды жүзеге асырылып жатыр. 2018 жылдың 9 айында жергілікті бюджет есебінен Орал қаласы мен аудандарда 28 спорттық алаң салынған. Жыл соңына дейін тағы 23 алаң салынып, жалпы саны 41-ге жетпек. Ал алдағы уақытта «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп өңірде 100 жаңа спорт алаңы салынуы жоспарланған.

- Спорттық алаңдар, стрит-уоркаут жабдықтары шынымен де бұқаралық спорттың дамуына ықпал етеді. Ауылда да, қалада да оындай алаңдардың бос тұрғанын көрген емеспін. Ертелі-кеш халық толып жүреді, - дейді Әсия Рақымқызы.

Статистикаға көз салсақ, Батыс Қазақстан облысы тұрғындарының 27,1%-ы, яғни 175245 адам дене шынықтыру және спортпен тұрақты шұғылданады екен. 2018-2019 оқу жылында облыс мектептерінде әр түрлі бағыттағы 838 секцияда 43120 оқушы спортпен айналысқан. Колледждердегі 496 спорттық секцияға 11728 студент тұрақты барып жүр. Түрлі спорттық-көпшілік шараларға да халық ықыласпен қатысады. Мәселен, Жеңіс күніне арналған көпшілік жүгіруге 1000-ға жуық адам, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілер күні мерекесіне арналған көпшілік жүгіруге – 600, Елордамыз – Астана қаласының 20 жылдығына арналған «Ақжайық дуатлон-2018» жарысына – 500-ге жуық қатысушы қатысқан. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жүлдесі үшін Батыс Қазақстан облысының VI Халық спорты ойындары 200-ге жуық әуесқой спортшының басын қосыпты.

- Біздің өңірдің географиялық жағдайы триатлон жарыстарын өткізуге де қолайлы. Келер жылы бұйырса Орал қаласында триатлон сайысын өткізу жсопарда бар. Оралдағы спорт мектебінің бірінде триатлон бөлімі де ашылды, - дейді басқарма басшысы.

Еске сала кетейк, 2018 жылдың 9 айында бойынша Батыс Қазақстан облысы спортшылары түрлі республикалық және халықаралық жарыстарда (Әлем, Азия, Қазақстан Республикасының чемпионаттары) 428 медаль (149 алтын, 118 күміс, 161 қола) ұтып алды.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан  

Соңғы жаңалықтар