Қазақстан • 24 Қазан, 2018

«Саташ» фильмі прокатқа шығады

418 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2018 жылдың 1 қарашасынан бастап, вестерн жанрында түсірілген «Саташ» фильмі отандық прокатқа шығады. Фильмнің режиссері де, сценарийін жазған да белгілі журналист Төлеген Байтөкенов.

«Саташ» фильмі прокатқа шығады

Төлеген «Саташ» фильмін кездейсоқ түсірілмеген. Ұзақ уақыт ішкі дайындықпен келгенін айтады. Төлегеннің өзі Қазақстан киносыншылар қауымдастығының мүшесі, «Тұран» университеті кино өнері кафедрасының аға-оқытушысы, «Алтын адам» ұлттық байқауының «Үздік журналист» жүлдесінің лауреаты.

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген «Саташ» картинасы қылмыскерлермен шайқасқа түскен ауылдың Саташ есімді учаскелік полицейі туралы баяндайды. Саташ – адал полицей.  Ол ауылды басып алған қылмыскерлерге жалғыз өзі төтеп беріп, қызметтік борышына қылау түсірмей, тұрғындарға тырнағы батқандармен бір өзі шайқасады. 
Фильмдегі басты рөлдерді Ақылхан Алмасов, Дина Тасболатова, Шыңғыс Капин және Ержан Нүсіпақынов жас актерлер ойнайды. Ұрыс сахналарын Бахадыр Жалметов пен «Жал» каскадерлер қауымдастығы қойған. Түсірілім жұмысы Алматы облысы, Қапшағай қаласынан 40 шақырымда орналасқан «Бригадир» ауылында жүргізілген.

Естеріңізге сала кетсек,  «Саташ» фильмі жақында ғана қазанның 12-і мен 21-і аралығында өткен 34-Варшава кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына қатысқан болатын. Режиссер Төлеген Байтөкеновтің айтуынша, фильмді тамашалаған польшалық көрермендер мен түрлі елден келген БАҚ өкілдері картинаның ұнағанын айтып, жылы лебіздерін білдірген.  Мысалы, SLANT Magazine атты америкалық танымал басылымының киносыншысы Чак Боэн фестиваль барысында «Саташ» фильмі туралы:

Аталған кинотуынды әсемділігімен ерекшеленеді. Фильмде бәрі үйлесімді, әр кадрлары орынды, айырықша киноахуал сезіледі, оқиға желісі де қызықты. Фильмнің соңы да ойдағыдай аяқталады, әр композициясы есте қаларлық. Бұл – нағыз заманауи вестерн,– деген екен.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ