Қазақстан • 25 Қазан, 2018

Мұнай-химиясының мүмкіндіктері мен түйткілдері

9460 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

«Мұнай өндіруші ел болғандықтан, біз мұнай өнімдерінің барлық түрін өзіміз шығаруға тиіспіз». Мемлекет басшысы Н.Назарбаев осылай деген болатын. Иә, шикізат дәуірінің дәурені өтіп бара жатқаны рас. Бұрынғы иек артып үйреніп қалған секторларға сенім азайды. Сол себепті Президент экономиканы әртараптандыру мәселесін жиі көтеріп, Үкіметке осы бағытта тиісті тапсырмалар жүктеді. Ал осы экономикалық әртараптандыру үдерісін көмірсутегі секторында жүзеге асырудың жөні бөлек. Неге?

Мұнай-химиясының мүмкіндіктері мен түйткілдері

Тереңдетіп өңдеудің тиімді тұстары 

Мұнай-химия саласы – дүние жүзіндегі ең табысы мол әрі қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі. Дамыған елдерде соңғы 5 жылда мұнай-химия өнеркәсібіндегі өнімдердің өсімі 7 пайыздан асып түсіпті. Демек, «қалауын тапса...» қыруар пайда әкелетіні күмән тудырмайды деген сөз. 

Жалпы, сарапшылардың пайымына салсақ, мұнай-газ өндірісінің күні батты деуге әлі ертерек. Аталған сектордың әлеуеті әлі де жеткілікті. Ол үшін саладағы басымдықтың бағытын аздап бұрған жөн. Атап айтқанда, мұнай-химия саласын дамыту керек. Адам денсаулығына да, қоршаған ортаға да зиян келтірмейтін қуат көздері табылып жатқан тұста, құр қара майға қарап отырудың жөні жоқ. Мамандардың көпшілігінің пікірі осы төңіректе тоқайласады. 

Мұнай-газ компаниялары одағының алқа төрағасы Рашид Жақсылықов осы мәселеге қатысты:

– Қазіргі таңда отандық мұнай-газ өндірісінде «Shell», «Chevron», «Agip» сынды әлемге әйгілі компаниялар жұмыс істеп жатыр. Осы компаниялардың шикізат күйінде өндіріп, кейін шетелдерде терең өңделіп, елімізге қайта келген тауарларын қолданбайтын қазақ кемде-кем. Бәріміз көлігімізге тежегіш майы, мотор майы сияқты бірнеше машина майларын құямыз. Оның сыртында дәрі-дәрмек, түрлі тыңайтқыш, каучук, бояу дейсіз бе, ондаған тауар түрін де шетелдерден алдырамыз. Қысқасы, өзіміздің шикізатты қара бақырға өткізіп, әлденеше есе қымбатқа қайта сатып алуды әдетке айналдырдық. Яғни, импорт өнімдері үшін төленген қыруар қаражат шетелдердің экономикасына жұмсалып жатыр,– деп жауап берді бізге.

Кезінде Кеңес Одағының мұнай-химия өнеркәсібінің даму деңгейі Жапония, Германия елдерімен бірдей болғанымен, одақ құлағаннан кейін күрт құлдырап кетті. Қазір Қытайда бұл саланың ІЖӨ-дегі үлесі 8,9 пайыз екен. Осы көрсеткіш Жапонияда – 8,2, Германияда – 6,9, АҚШ-та 6,1 пайызды құрайды. Біз 2017 жылдағы деректерді тілге тиек етіп отырмыз. Ал құрылыс, денсаулық сақтау сияқты мұнай-химиямен тығыз байланысты сала­лардың үлесін қоса есептесек, дамы­ған елдерде ол ІЖӨ-нің төрттен бір бөлігі шамасында екен. 

Рашид Жақсылықовтың айтуынша, мұнай-химия саласын жолға қоя алсақ, қыруар тауардың бәрін өзімізде өндіреміз. Шикізат өзімізден шықса, оны өзіміз терең өңдесек, елде тұтынып қана қоймай экспортқа шығарсақ, мұртымызды балта шаппайтыны түсінікті. Им­порттан үнемделетін қаржы мен экспорттан түсетін табысыңыз көл-көсір пайданың көзі. Жұмыс орындары көбейетінін де ескеру керек. Оған қоса мұнай-химия саласы ғылым саласымен қатар дамитынын да ұмытпаған жөн. 

Бүгінде әлем жұртшылығы ағаш қолданудан да қалып барады, оның орнын түрлі пластиктер ал­мас­тыра бастады. Мұнайдың қалдығынан жасалатын басқа құ­рылыс материалдары да толып жатыр. Пластик құбырлар, жылу бергіш материалдар, есік-тере­зенің бөлшектері дейсіз бе, бар­лығына көмірсутегі шикізатын пайда­лану­ға болады. Яғни, мұнай-химия кеше­­нін дамыту денсаулық сақтау, құ­ры­­лыс және басқа да салаларға оң ықпалын тигізеді деген сөз. 

Сөз басында айтып кеткеніміздей, мұнай-газ секторының әлеуетін дамыту әлі де болса экономикамыздағы басым бағыттардың бірі. Мәселен, қазір бюджеті 5 млрд АҚШ долларын құрайтын Қарашыға­нақ өндірісін кеңейту жұмыстары қол­ға алынған. Сол сияқты Каспий теңі­зінде Хазар және Қаламқас мұнай өңдеу жобаларының концеп­циясы дайын, жуырда іске қосылады. Теңіз кен қойнауында бюджеті 5 млрд АҚШ долларын құрайтын жаңа жоба іске аспақ. Осы ірі жоба­лардың барлығында шикізат­ты тереңдетіп өңдеу, мұнай-химия­сын дамыту ұштастырып жүргізіледі деп жоспарланған. 

Мамандар болмаса мандымайды

Жалпы, Қазақстанның мұнай-газ секторындағы ең дамыған деген екі бағыт – шикізат өндіру және осы секторға қызмет көрсету салалары. Тоқсаныншы жылдары тұралап қалған әлеуметтік-экономикалық саланы аяғынан нық тұрғызып, елдің еңсесін тіктеуде, әсіресе өндірістің үлесі ерекше болды. Аталған саладан күткен үмітіміз ақталды десек асылық айтпаймыз. Енді бүгін­гі уақыт талабын ескере отырып жү­зеге асыратын асқаралы мін­дет мұ­най-химия саласын дамыту болмақ. 

Маманның сөзіне қарағанда, Қазақстанда мұнай-химия кешенін дамытуға қызығушылық танытып отырған инвесторлар бар. Оған қоса отандық кәсіпкерлердің деңгейі де соңғы жылдары біршама өсіп, шетелдік әріптестерімен бой теңестіруге жақындап қалды. 

Тағы бір айта кетерлігі, мұнайды тереңдетіп өңдейтін кәсіпорындарды салуға қажетті қаражат та өзімізден табылады. Жеңіл өнеркәсіп өнім­дерін шығаратын шағын кәсіпорын­дар салу үшін ең арзан жобалар 15 миллион доллардан басталса, ең қымбат дегені 700-800 миллион долларға жетеді. Мұндай жобаларды қаржыландыруға қазір мүмкіндік бар. 

Демек, шикізат бар, қаражат бар. Соған қарамастан, мұнай-химия кеше­нінің мандымай жатқаны қалай? Оның басты себебі білікті мамандардың тапшылығына келіп тіреледі. 

– Кәсіпкер қаншалықты тәжі­рибелі, іскер болғанымен, кез келген күрделі жобаны іске асыратын – маман. Ал Қазақстанда мықты химиктер тапшы. Бізде жасалған өнімдер халықаралық стандарттарға сай болуы үшін стандарттау мен сертификаттауды жетік меңгерген мамандар керек, олар да біздің елімізде жоқтың қасы. Қазір химия өнер­кәсібіндегі стандарттау түгілі, қарапайым құрылыс саласында да ескірген стандарттар пайдаланылуда. Технология қарыштап дамып жатқан уақытта біз әлі күнге дейін сексенінші жылдардағы құрылыс материалдарын қолданып жүргені-міз өтірік емес. Бұған дейін экономистер мен заңгерлер көптеп дайын­далып, химик, мұнайшы, техник мамандар әзірлеуге кейінгі жылдары ғана көңіл бөліне бастады. Бұл саладағы бірінші проблема – маман тапшылығы. Таяу болашақта мұндай білікті мамандардың аяқ-қолы жерге тимейтін болады, – дейді Рашид Жақсылықов. 

 Екіншіден, шикізаттың қоршаған ортаға әсерін зерттеумен, өнімнің сапасын арттыру және бастапқы бағасын түсірумен шұғылданатын зертханалар да елімізде жеткіліксіз. 

 Үшіншіден, салынған зауыттарды іске қосатын инженерлер жоқ. Мұнай-химия зауыт­тарының жұмысын көзімен көріп, өз қолы­мен жүргізген инженерлер өте аз. Отандық техника қауіпсіздігі инже­нерлерінің деңгейі де шетелдік әріптестерінен төмен деуге болады. Жасыратыны жоқ, жай ғана дәнекерлеуші мамандардың білік­тілік дәрежесі трансұлттық ком­па­ния­лардың талабына сай келмейтін жағдайлар жиі кездеседі. Сол себепті зауыт салу үшін шет мемлекеттерден біліктілігі жоғары маман әкелуге мәжбүр боламыз. 

Мұнай-химия саласын дамытуда қолбайлау болатын негізгі проблемалар деп осыны айтуға болады. Қазіргі таңда тапшы мамандық иелерін әзірлеуге мемлекет тарапынан көңіл бөлініп жатыр. Назарбаев Университеті, Атырау мұнай және газ институты, С.Торғайғыров атын­дағы Павлодар мемлекеттік уни­вер­ситеті сияқты оқу орындарында осы салаға қажетті мамандарды әзірлеу жолға қойылғаны оған дәлел. Химия өнеркәсібіне бет бұрған кәсіп­орындар мемлекет дайындап беретін мамандарды күтіп қол қусы­рып отырмай, тиісті шәкіртақы таға­йындап, өздеріне қажетті мамандарды дайындауға, оларды шетелдік компанияларда тәжірибеден өткізуге атсалысуға тиіс. 

Мақтануға әлі ерте

Қазақстан дәл қазір мақтана алатын деңгейде емес, мұнай-химия секторының ІЖӨ-дегі үлесі 1 пайызға да жетпейді. Дегенмен, Атыраудағы еркін экономикалық аймақта құры­лып жатқан мұнай-химия паркі­нің жұмысы жолға қойылғаннан кейін бұл көрсеткіш еселеп артып, 3 пайызға дейін жетеді деген оптимизмге толы жоспар бар. 

Энергетика министрі Қ.Бозым­баев­тың биылғы жыл басында Эко­­но­миканы модернизациялау жөнін­дегі мемлекеттік комиссия оты­рысында жасаған баяндамасына сүйенсек, былтыр 14,9 миллион тонна мұнай өңделіп, түрлі маркалы жанармай, дизельдік отын, авиакерасин, мазут сынды негізгі өнімдердің көлемі 10 миллион тоннадан асыпты. Мұнай өңдеу саласында – 5700 адам, мұнай-химияда 1900 адам еңбек етеді. Алдағы жыл­дарда іске қосылатын полипропилен шығару зауыты 3 мыңнан астам адамды, полиэтилен зауыты 3 мың адамды жұмыспен қамтиды деп жоспарланған. Осы және басқа да ірі жобалардан түсетін салық түсімі мен басқа да табыстардың көлемі ондаған миллиард долларды құрауға тиіс. 

Көршілес Өзбекстанда өткен жылы Орталық Азиядағы ең ірі газ-химия кешені іске қосылды. Иран соңғы 15 жыл ішінде мұнай-химия өндірісінің қуатын 8 есеге дейін арттырған. Шикізатты тереңдетіп өңдеуге бел шешіп кіріскен Әзербай­жанның мемлекеттік мұнай компаниясы «SOKAR»-дың бірқатар өнімдері Түркияға экспортталады. Шикізатқа мелдектеген Қатар мұнай өнімдерінің көлемін ширек ғасырда 5 есеге дейін ұлғайт­қан. Көмірсутегін шетелден алатын Азия-Тынық мұхиты мемлекеттері­нің өзі осы саладағы қуатын 3 есеге арттырған. 

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев былтырғы Жолдауында: «Эконо­мика­лық өсімнің тұрақты­лығы үшін елдің тау-кен металлургиясы мен мұнай-газ кешендері өзінің стратегиялық маңызын сақтауға тиіс. Әлемдік сұраныс бәсеңдеп кеткен кезде жаңа нарықтарға шы­ғып, өнім жеткізу аумағын кеңейту керек. Минералдық-шикізаттық база­ны кеңейтуге баса назар ауда­рылуға тиіс. Геологиялық барлау жұмыстарын белсенді жүргізу керек. Бұл салаларды одан әрі дамыту ісі шикізатты кешенді түрде қайта өңдеуді тереңдете түсумен берік ұштастырылуы тиіс» деген болатын. Бүгінгі таңда еліміздің Энергетика министрлігінің қызметі үш страте­гиялық бағытқа негізделген, соның бірі – мұнай-газ және химия салалары. Яғни, Президент те, Үкімет те мұнай-химия саласын дамытуға көңіл бөліп отыр. Алдағы уақыт­та кәсіпкерлер де дәстүрлі кәсіп түрімен ғана шектеліп қалмай, осы салаға мойын бұрса құба-құп. 

Арнұр АСҚАР,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар