Қазақстан • 25 Қазан, 2018

Жұртшылық өкілдерімен жүздесулер жалғасуда

521 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолда­уының негізгі басымдықтары мен ережелерін ел ішінде кеңірек таныстыру мақсатында Парламент депутаттары сайлаушыларымен кездесулер өткізуде.

Жұртшылық өкілдерімен жүздесулер жалғасуда

Абай атындағы Қазақ ұлттық педа­го­гикалық университетінде Парла­мент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұл­тановтың қатысуымен Мемлекет бас­шысының Жолдауын талқылауға байла­нысты профессор-оқытушылар құра­мы және студенттермен кездесу өтті. 

Кездесуде Құқықтану кафедра­сы­ның меңгерушісі Ермек Бурибаев, Жобалық кеңсе басшысы Мақсат Жақау, Сор­бон­на-Қазақстан инсти­тутының І курс сту­денті Александр Пермяков сөз сөйлеп, Жолдаудағы жастар өміріне қатысты басымдықтар туралы пікірлерін білдірді. 

Іс-шара барысында Қуаныш Сұлта­нов университеттің 90 жылдығына арналған медальмен марапатталып, оған оқу орнының тарихына қатысты кітап сыйға тартылды. 

*  *  *

Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын насихаттау мақ­сатында Сенат депутаттары Мұратбай Жолдасбаев пен Абдалы Нұралиев Жамбыл облысының Байзақ ауданында болып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында сенаторлар Жолдауда айтылған басымдықтарға кеңінен тоқталды. 

Бұл кездесуде аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев Елбасы Жолдауындағы өмір сапасын арттыру бағытын атап өтіп, халық қалаулыларынан аудан экономикасын көтеру мақсатында ­

21 елді мекенді газбен қамтамасыз ету, 23 елді мекенге таза ауыз су тарту мәселелерінің оң шешілуіне ықпал етулерін сұрады. Өз кезегінде Сенат де­путаттары кездесуде айтылған ұсы­ныс-пікірлерді зерделеп, оның оң ше­ші­луіне атсалысатындықтарын жеткізді.

Сенаторлар «Қазфосфат» серік­тестігі филиалының ұжымымен де жүздесті. 

*  *  *

Мәжіліс депутаттары Ирина Аро­нова, Галина Баймаханова, Асыл­бек Смағұлов, Василий Олейник, Сергей Симонов және Әлия Сапарова Қостанай қаласындағы «Юбилейный» шағын ауданындағы құрылыс ала­ңында болды. 

«Нұрлы жер» бағдарламасы бо­йынша бұл жобаны 2020 жылы тапсыру жоспарланған. Бөлінген 67 га жер телімінде 47 үй салынып, 5190 пә­­тер пайдалануға берілуі тиіс. Қа­зір­­гі уа­қытта 25 үйдің құрылысы жүргізілуде. 

Сонымен қатар мұнда 280 орындық 2 балабақша, 1200 орындық мектеп, емхана, мұз сарайы, ұлттық мәде­­ниет орталығы, смарт-орталық және қо­нақүй құрылыстарын салу көзделген. 

Депутаттар нысанды жоспарлан­ған мерзімде бітіру қажеттігіне назар аударып, пәтер құны, бөлмелердің шар­шы метрі, жылу маусымына да­йындық сияқты бірқатар мәселеге мән берді. 

*  *  *

Мәжіліс депутаттары Майра Ай­сина, Мұхтар Ерман және Арман Қо­жах­метов Астана қаласындағы №10 қала­лық емхананың қызметкерлерімен кездесті. 

Кездесу барысында халық қалаулы­лары медициналық ұйымның қызмет­кер­леріне Мемлекет басшысының Жол­дауын түсіндірді. 

Ерекше назар қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағыт­талды.

Аталған медициналық мекемеде 83 400 адам тіркелген. Мұнда жоғары білікті мамандар, соның ішінде жоғары санатты дәрігерлер, ғылым кандидаттары мен докторлар бар. Жалпы алғанда, клиникада 565 адам қызмет атқарады. 

*  *  *

Мәжіліс депутаттары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүше­ле­рі Марат Бопазов, Әбдіманап Бек­тұрғанов, Балайым Кесебаева және Бақтияр Мәкен Шымкент қаласы­ның тұрғындарымен және еңбек ұжымдарымен кездесті.

Осындай кездесулердің бірі ­Ж.Ша­нин атындағы облыстық қазақ драма театрында өтті.

Мәжіліс депутаттары Жолдаудың негізгі бағыттарын, партиялықтардың оны іске асырудағы міндеттері туралы айтты.

Сонымен бірге депутаттар Прези­денттің осы стратегиялық құжатының әсіресе Шымкент қаласына – оның жаңа мәртебеге ие болып, бүгінгі таңда жаңа мүмкіндіктер мен даму жолында ерекше маңызды екенін атап өтті.

Кездесуде ең алдымен жас­­тарды жұмыспен қамту және ең­бек­ақыны көтеру мәселелері сөз болды. Сондай-ақ шымкенттіктер кәсіп­ор­ын­­дарда тех­ни­калық мамандардың же­тіс­­­пеу­­­­шілігіне алаңдаушылықтарын ­біл­дірді.

*  *  *

Мәжіліс депутаттары М.Чирков, А.Тасболатов, Б.Ізмұхамбетов және А.Мурадов Маңғыстау облысының тұрғындарымен кездесті. 

Депутаттар облысқа сапарла­ры барысында Мұнайлы ауданының Қы­зылтөбе ауылындағы «Шлюм­бер­же» мега-базасының жұмысымен танысты. 

Депутаттар Жолдаудың басым ба­ғыттарына, оның ішінде әлеуметтік қамсыздандыру саласына баса назар аударды. Атап айтқанда зейнетақы, жалақы, денсаулық сақтау, білім беру салаларының қолжетімділігін арт­тырып, азаматтардың әл-ауқатын жақ­сартуға ерекше мән берілді.

Кездесуде еңбек ұжымы халық қа­лау­лыларына өз ұсыныстарын біл­діріп, пікір алмасты. 

*  *  *

Мәжіліс депутаттары Серік Үм­бе­тов, Бақытжан Ертаев, Зағипа Ба­лие­ва, Нұрлан Дулатбеков, Жексенбай Дүй­се­баев Алматы облысына сапарла­ры барысында Талғар ауданындағы Кең­да­ла ауылының тұрғындарымен кездесті.

Кездесудің басты мақсаты – Мем­ле­кет басшысы Н.Назарбаевтың халқына арналған Жолдауын халық арасында кеңінен насихаттау және түсіндіру. Кездесуде Талғар қаласындағы №1 орта мектеп директоры Зәмзәгүл Муш­рапилова ұстаздар қауымының беделін көтеруге қатысты пікір білдірсе, ауыл жастары «Жастар жылына» байланыс­ты келер жылға жоспарланған шаралар туралы айтты.  

– Елбасы Жолдауының әр тармағы халықтың әлеуметтік әл-ауқатын көте­ріп, табысы мен тұрмысын жақсар­туға бағытталған. Біз бұл жұмысты бірлесіп жасауымыз керек. Ауыл тұр­ғындарының әлеуетін көтеру, жас­тарға демеу көрсетіп, болашағына дұрыс бағыт-бағдар берсек қана егемен еліміздің тұғыры бекем, тіршілігі бейбіт болмақ, – деді Кеңдала аулы­ның әкімі Алмас Өмірзақов. 

Ауыл тұрғындары бірқатар өзекті әлеуметтік мәселені көтеріп, ай­тыл­ған барлық ұсыныс-пікірлер Мәжіліс депутаттарының назарына алынды. 

*  *  *

Сенатор Владимир Волков Прези­дент Н.Назарбаевтың халыққа Жолдауын түсіндіру мақсатындағы Алматы облысына сапары аясында «Қазақстан құстары» серіктестігі мен «Алел агро» акционерлік қоғамының еңбек ұжымдарымен кездесті.

Сенатор кәсіпорындағы қызмет­керлердің әлеуметтік кепілдіктері туралы әңгімелеп, Мемлекет басшысының Жолдауындағы басымдықтар туралы айтып берді. Сенат депутаты кездесуге қатысушыларды әрбір қазақстандықтың алдында тұрған Жолдаудан туындайтын міндеттерді орындауға шақырды.

В.Волков Алматы облысы, Қарасай аудандық ішкі істер департаментінің жеке құрамымен де кездесті. Кездесуде құқық қорғау қызметін одан әрі реформалау, атап айтқанда полицияны қызмет көрсету үлгісіне көшіру, мансаптық өсу мен білікті мамандар таңдау, құқық қорғау органдары қызметкерлерін әлеуметтік қорғау және полиция қызметінің мәртебесін көтеру мәселелері талқыланды. 

Ақпараттар «Егемен Қазақстанның» өңірлердегі тілшілерінен алынды