– Қысқы кезеңде менің блог - платформама келіп түсетін өтініштердің 80 пайызы жылудың дұрыс берілмеуі, ыстық судың жоқ болуына және көшелердің қардан тазаланбауына байланысты, - деді облыс әкімі Болат Бақауов.
Тіпті, облыс орталығында биылғы жылу маусымына дайын емес тұрғын үйлер де болыпты. Қалада пешпен жабдықталған 2300-ден астам жер үй де бар.
Былтыр облыс орталығындағы Толстой көшесі, 82 үйдің тұрғындары пәтерлеріндегі температура 14-16 градус деңгейінде ғана тұрғанын, жылытқыштармен жылынып отырғандарын, Кутузов көшесі, 291 үй, үшінші кіре берістің тұрғындары аяздың кесірінен лифттің тоқтап қалу қаупі бар екенін, Катаев көшесіндегі 12 үйдің пәтерлеріндегі температура 18 градусқа әрең жетіп тұрғанын облыс әкімінің сайтына жазған-ды.
Сонымен бірге, облыс әкімі биылғы жылыту маусымы басталғаннан бері әкімдіктің ресми блог - платформасына 29 шағым келіп түскенін айтты.
Қазір жер қара, күн жылы да, жылуға осылай шағымдар түсіп жатса, ертеңгі күнгі аяздарда тұрғындардың амалы қайсы?
– Тұрғындар амалсыздан менің қабылдау бөлмеме қоңырау шалады. Қалалық коммуналдық шаруашылық бөлімінің Жедел желісі қоңырау қабылдамайды деп шағымдануда,– деді Болат Бақауов.
Біз жедел желіні шұғыл қала тұрғындарының тұрғын үй коммуналдық шарушылық мәселелерін шешу үшін құрған жоқпыз ба?!
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар
Суретті түсірген: Валерий Бугаев