Қазақстан • 27 Қазан, 2018

Астанада ТКШ-ны цифрландыру күні өтті

377 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанада Инвестициялар және даму министрлігі «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ-мен бірлесе отырып, «Зерде» ҰИХ қолдауымен «ТКШ-ны цифрландыру: айқындылық пен сапа» атты іс-шара өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Астанада ТКШ-ны цифрландыру күні өтті

ТКШ-ны цифрландырудың бірыңғай тәсілдерін таңдап, айрықша оңтайлы шешімдерді табу мақсатында мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар мен қазақстандық АT-компаниялар бас қосты.

Өзінің алғы сөзінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына цифрлық технологияларды енгізудің маңыздылығын атап өтті, бұл, ең алдымен, саланың әлеуметтік маңыздылығы мен бірқатар экономикалық факторларға негізделген.

«Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында азаматтардың өмір сүру сапасын көтеру және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтағы ағымдағы бизнес-үдерістердің айқындылығын қамтамасыз ету міндетін қойды. Бұған цифрлық құралдарды пайдалану арқылы қол жеткізуге болады. Мәселен, тек "ақылды" есептегіштерді орнату арқылы ғана екі бөлмелі пәтерде жылу төлемі 36%-ға дейін төмендейді. Тұрғындар үшін бұл айтарлықтай үнем», — деді Вице-Премьер.

Сондай-ақ, ол отандық әзірлеушілерді және есептегіш құрылғыларын өндірушілерді қолдау қажеттігін айтты.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, бұл — ҚР ИДМ өткізіп жатқан салалық Цифрландыру күнінің бірінші күні, және ТКШ тәрізді маңызды салаға дер кезінде арналып жатқанын атап өтті. Министр цифрлық құралдар арқылы бірінші кезекте шешілуі қажет бірнеше негізгі міндеттерді белгіледі, бұлар — тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің сапасын жақсарту, тұрғын үй қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тарифтердің құралуы мен шығындардың айқындылығын қамтамасыз ету, сондай-ақ коммуналдық инфрақұрылымның жағдайын жақсарту және тұтынушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту.

 «Әлі де көптеген міндеттерді атап шықса болады, алайда ТКШ саласының цифрлық трансформациясы барлық мүдделі тараптардың қатысуымен ғана мүмкін болатындығын есте сақтап, барлық түйіткілді мәселелерді тездетіп жою қажеттігін ескере отырып, жоспарлы және сапалы түрде жүргізу керек. Цифрландыру жаңа деңгейге көшуге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына деген көзқарасты өзгертуге және оны экономиканың заманауи және қарқынды дамып келе жатқан саласы ретінде қабылдауға мүмкіндік береді», — деді Жеңіс Қасымбек.

Шарада E-Shanyraq тұрғын үй қоры мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың бірыңғай ақпараттық жүйесі ұсынылды. «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ басқарма төрағасы Нұрсұлтан Жиенбаевтың айтуынша, жүйенің негізгі мақсаты — халық мүдделері мен алға қойылған мемлекеттік тапсырмалардың теңгеріміне қол жеткізу.

«E-Shanyraq жүйесі ТКШ саласында бірыңғай ақпараттық кеңістікті қалыптастыруға және барлық салалық деректерді республикалық деңгейде жүйелеуге мүмкіндік береді. Мемлекет жүйе арқылы саладағы өзгерістерді үнемі бақылап әрі талдап, пайда болған мәселелерді дереу шешеді. Жүйе барлық тұрғын үйлердің техникалық паспорттарын цифрлауды, олардың техникалық жағдайын бақылауды көздейді. Жөндеуге жататын үйлердің кезегі көрсетіледі, КПТҮ басқару органдарының "аудиті" бәсекелестік ортаны құрып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының қызмет көрсету нарығын дамытуды ынталандыратын компания рейтингін беру арқылы жүзеге асырылады», — деді Нұрсұлтан Жиенбаев.

Жиынға шет мемлекеттерден де қонақтар шақырылды. Қазан қаласы мэрінің орынбасары Искандер Гиниятуллин Татарстанның ТКШ-ны цифрландырудағы табысты тәжірибесі туралы, ресейлік «Галактика» корпорациясының вице-президенті және басқарма мүшесі Сергей Петров Ресейдегі ресурстық жабдықтау қызметін автоматтандырудың экономикалық әсері туралы, сондай-ақ DIEHL трансұлттық компаниясының ТМД елдері бойынша блогінің басшысы Беате Бахтрод «ақылды» есептеуіштер және олардың цифрлық әлемдегі рөлі туралы презентациясын ұсынды.

АТ-әзірлеушілер үшін ҚР тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын цифрландыру бойынша өздерінің әзірлемелерін ұсынды. Сондай-ақ, компаниялар өздерінің технологияларын аталған шарамен қатар жүріп жатқан қазақстандық АT-шешімдер көрмесінде таныстырды.