Еңбек Отаны – Елбасы назарында
Мемлекет басшысы биыл да осы әдетінен жаңылған жоқ. Қыркүйек айында облысқа жұмыс сапарымен келгенінде Теміртауға арнайы барып, ондағы әлеуметтік-экономикалық жағдаймен жете танысып, қала әкімдігіне, жүйе құрушы алпауыт кәсіпорын – «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-тың басшыларына бірқатар маңызды тапсырмалар берген болатын. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін еске салып, қала тұрғындары өмірінің сапасын жақсарту мақсатында қолдан келгеннің бәрін жасау керектігін шегелеп айтқан еді. Президент қаладағы медициналық, білім беру және спорттық нысандар санын арттыру қажеттігін тапсырған.
Ал сол сапардан бір күн бұрын Қарағандыда облыс активімен өткен кездесу барысында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-тың бас директоры Парамжит Калонды орнынан тұрғызып, Теміртаудағы жылу электр орталығын жаңғыртуды қатаң түрде талап еткен болатын.
– Бұл стансаны 1960 жылы мен салған болатынмын. Ол қала мен комбинатты жылумен қамтамасыз етіп отыр. Миттал мырзаға жеткізіңіздер, оған Үкіметтен телефон соғады, ол менің сұрақтарыма жауап берсін. Бүкіл қала комбинатқа қарап тұр, ол бүкіл қаланы жылумен, сумен қамтамасыз етіп отыр. Оны міндетті түрде жаңғырту керек, – деген еді сонда Мемлекет басшысы.
Қазіргі таңда Елбасының тапсырмасына сай, алпауыт кәсіпорын екі ЖЭО-ны жаңғырту бойынша 2023 жылға дейін есептелген жоспар жасап, қажетті қағаздарды, атап айтқанда, жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеп жатыр. Жоспар бойынша, үш қазандыққа тапсырыс беріліп, олар 2019 жылдың наурыз айында жеткізілетін болыпты. Бұл туралы компания басшылығы ресми түрде мәлім етті.
Еңбекақы 10 пайызға өседі
Таяуда «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның бас директоры Парамжит Калон компанияның алғашқылардың бірі болып Мемлекет басшысының жалақыны көтеру туралы бастамасын қолдайтыны туралы мәлімдеме жасады. Яғни, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап компания қызметкерлерінің тарифтері мен жалақылары 8-10%-ға көтерілетін болады. Сонымен қатар ұжымдық келісімге сәйкес, компания қызметкерлерінің жалақысы 2018 жылдың құнсыздану деңгейіне сай 50% шамасында индексацияланбақ.
– Нұрсұлтан Назарбаевтың өзінің алғашқы еңбек жолын металлург ретінде біздің комбинаттан бастағандығын мақтан тұтамыз, – деді Парамжит Калон. – Біз Мемлекет басшысының ең төменгі жалақыны көтеру жөніндегі бастамасын алғашқылардың бірі болып қолдадық. Бұл шешім ұжымдық негізде қабылданды.
Қызметкерлердің жалақысын көтеру «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының барлық құрылымдық бөлімшелері мен еншілес компанияларын қамтитын болады. Бұдан өзге 2019 жылдың 1 тоқсанында компания өзінің өндірістік нәтижелеріне қарай 13-айлық жалақы төлейтін болады.
Сонымен қатар компания басшысы 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-та зиянды жұмыс жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін жаңа ең төменгі жалақы көлемі салалық коэффициентті есептегенде 77 мыңнан астам теңгені құрайтын болады деп атап өтті.
Теміртау қаласының жағдайын жақсарту мақсатындағы жұмыстардың тамырына қан жүгіре бастағаны қуантады. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, «АрселорМиттал Теміртау» сынды қуатты инвестордың қаражатына металлургтер қаласында 20 мың адамға арналған емхана, 320 орындық балабақша, 320 адам сыятын спорттық нысан бой көтермек. Айта кету керек, аталған нысандардың барлығы да жаңа заман талаптарына сай үлгіде салынып, жабдықталатын болады.
Облыс әкімі Ерлан Қошановтың сөзімен айтқанда, жақын арада теміртаулықтар металлургтер қаласы мен оның тұрғындарына деген Мемлекет басшысының қамқорлығын толыққанды сезінетін болады.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы,
Теміртау қаласы