Бұл бағытта қолданыстағы заңнамаға сәйкес атқарылған жұмыстар да баршылық. Дегенмен шекаралық аймақтарда орналасқан халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатындағы бірқатар маңызды мәселелер өз шешімін күтуде.
Осыған қатысты бір жыл бұрын Парламент Сенатының депутаттары Үкімет басшысына сауал жолдаған.
Бүгін Шығыс Қазақстан облысының шекара маңында орналасқан Күршім және Катонқарағай аудандарындағы елді мекендерде мектептердің жабылуы себебіне назар аударғымыз келеді. Ресеймен 245, Қытай Халық Республикасымен 45 шақырым бойы шектесетін Катонқарағай ауданы халқының саны соңғы 20 жылда 29 мыңға азайған, 6 ауыл елді мекен мәртебесінен айырылған, 48 елді мекеннің 17-сінде ұялы телефон байланысы жоқ, сапалы интернет желісі тек аудан орталығында ғана жұмыс істеуде. Осы мерзім ішінде оқушы саны 9261-ден 3518 балаға дейін азайып, 15 мектеп жабылған. Қытаймен 300 шақырымдай шектесетін Күршім ауданындағы жағдай да осыған қарайлас. Шекара маңын иесіз мекенге айналдыруды тоқтату шараларын жеделдету, елді мекендерді нығайтып, көптеп қоныстандыру стратегиялық маңызы бар мәселе болып отыр.
Бүгінгі таңда шекара шебінде қалыптасқан үдеріске терең мән бере отырып, Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті жуырда Күршім ауданында өткен көшпелі отырыста осындай шекаралық аймақтарға тән түйінді мәселелер қатарында қысқартылып жатқан мектептер жайын да қозғады. Мектеп санын қысқарту туралы мәселе жалпы шекара аймағындағы проблемаларды кешенді түрде шешу арқылы қарастырылғаны дұрыс деп санаймыз.
Бұл бағытта ШҚО басшылығы арнайы жоспар жасап Үкіметке бірқатар ұсыныстарын жолдағаны мәлім. Білім және ғылым министрлігі тарапынан білім беру ұйымдары желісінің нормативіне негізгі және орта мектептердің қызмет етуі үшін норманы төмендетуге қатысты өзгерістер енгізуді, Үкіметтің 2013 жылғы 29 қарашадағы №1289 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының шекара маңындағы аудандарын дамыту жөніндегі 2014-2020 жылдарға арналған шаралар кешені аясында мектептерді қолдау, олардың жабылуын тоқтатуға бағытталған шаралар қарастырылып, оңтайлы шешімдер қабылдануын ұсынып, біз Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдадық. Сонымен қатар Елбасының кезекті Жолдауында берген тапсырмаларын орындау мақсатында, шекара аймағындағы мектептер мәселесі елді мекендерді дамыту жоспарларымен ұштастырылып, жаңадан әзірленетін «Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі прагматикалық бағдарламасында» және еліміздің 2030 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасында арнайы шаралар кешені ретінде ерекше орын алуы қажет деп санаймыз.
Дүйсенғазы МУСИН,
Сенат депутаты