Көкпар, аударыспақ, қыз қуу, теңге ілу, жамбы ату, аламан бәйге,топ бәйге, ұшқыр бәйге, жорға жарыс, тазы жарысы секілді ұлттық спорт түрлерінен жүйріктерді анықтаған жарыстың жүлде қоры – 43 млн теңге болды. Шараға генерал-майор, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрметті президенті Қайрат Сатыбалды, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті, Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан құрметті қонақ ретінде қатысты. Турнирді ашқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев шара Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылғанын айта келіп, Индонезияда өткен Паразия ойындарында жүлдегер атанып келген атыраулықтарды марапаттады.
Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрметті президенті Қайрат Сатыбалды Қазақстаннан тыс жерлерде ұлттық спорт түрлерінің танымалдылығын арттыру және ел ішінде насихаттау ассоциациясының алдында тұрған міндеттер екенін атап өтті. «Атырау 7 мемлекеттен спортшыларды жинап, Астананың 20 жылдығына орай осындай ауқымды шара ұйымдастырып отырғанына қуанамын. Облыс басшылығы тарапынан ата дәстүрін дамытып, әлемдік аренада насихаттауда қолдау көрсетіліп отыр», – деді Қайрат Сатыбалды.
Жарыс болған Алмалы ауылы нағыз мерекенің ордасына айналды. Ақшаңқан киіз үйлер құрылып, көрерменге ұлттық тағамдар ұсынылды. Жарыс қорытындысында үздік көкпаршыға «Алтын қамшы» арнайы сыйлығы берілді. Ал 31 шақырым қашықтықта мәреге алғаш жеткен қатысушы 5 млн теңге көлеміндегі бас жүлдені жеңіп алды. Барлық спорт түрлері бойынша жеңімпаз атанғандар да, қатысушылар да сый-құрметке ие болды.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
Атырау