Бүгін сол боздақтардың дүниеге келген жылдары мен туған жерлері, тұрған мекендері, қашан қамауға алынғаны, сотталған күндері мен оларды кімнің соттағаны, қандай баппен сотталғаны, атылған және ақталған күндері мен архивтік нөмірі көрсетілген тізімді жариялап отырмыз.
Бұл тізімде көрсетілген репрессия құрбандарының ұрпақтары мен туған-туыстары олар туралы осы күнге дейін еш хабарсыз болулары мүмкін. Егер олардың іздеушілері табыла қалса, осы мәліметтерге сүйеніп Магадандағы ақпараттық орталыққа сұрау сала алады. Өйткені Алдияр Әубәкіровтің айтуынша,аталған орталық ондағы құжаттармен жұмыс істеуге қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың туыстарына ғана рұқсат етеді екен. Осы орталықтың мамандарының мәліметі бойынша, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары қуғын-сүргінге ұшырағандарды жаппай ақтау жүргізілген кезде елу мыңдай адамның істері қаралмай қалыпты. Оның ішінде екі мыңдай қазақ азаматы бар.
Бұл істердің тізімін алып, ұлтымыздың жоқтаусыз кеткен перзенттерінің бәрін ресми түрде ақтап, олардың ұрпақтарына жеткізу құқықтық, моральдық-имандылық қажеттілік және кезек күттірмейтін мәселе екені айдан анық. Оны шешуге Алдияр Әубәкіров сияқты азаматтардың бір өзінің ғана шамасы келмейтіні белгілі. Оны тек мемлекеттік деңгейде шешуге болады. Сондықтан осы мәселеде Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күресте зардап шеккен адамдарды ақтау және мәңгі есте қалдыру жөніндегі «Қаһармандар» республикалық қоғамдық қоры бастамашылық етіп, тиісті мемлекеттік органдарға нақты ұсыныс жасап, олармен бірге керекті ұйымдастыру-іздестіру жұмыстарын жүргізіп, мәйіттері итжеккенде қалған боздақтарымызды түгелдей анықтап, Магадан қаласында оларға арнап ескерткіш орнатып, олардың есімдерін қайтадан жаңғыртады деген ойдамыз. Бұл істе еліміздің Парламентінің депутаттары, саяси партиялары, халқымыздың өткені мен келешегіне немқұрайды қарамайтын азаматтар тыс қалмайды деген сенімдеміз.
Ержан ИСАҚҰЛОВ