Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауында мемлекеттік-әлеуметтік саясаттың жаңа ұстанымдарын жариялады. Жыл сайын халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарына жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Мұқтаж азаматтарға мемлекет пен қоғам тарапынан кең көлемді қолдау бар. Бұл мәселеге Атырау аймағында да баса назар аударылады.
Атап айтатын болсақ, жыл басынан бері облыстағы жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен төмен тұратын 1732 отбасындағы 9374 азаматқа 317 млн теңге мөлшерінде жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек берілді. Шартты ақшалай көмек алушылардың арасынан 930 адам жұмыспен қамту шараларына тартылды. Аз қамтылған 743 отбасы коммуналдық қызметтерді тұтынуға жұмсалған шығындарын өтеу мақсатында 28,4 млн теңге көлемінде тұрғын үй көмегін алды. Мұның бәрі Елбасы Жолдауында айтылғандай, мемлекет пен адамдардың күш біріктіруінің арқасында ғана Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құра алатынымызды анық көрсетеді. Ол үшін керек алғышарттардың бәрі бізде бар.
Аз қамтылған отбасыларына біржолғы әлеуметтік көмек көрсету бағытында 1285 отбасыға 87,1 млн теңгенің көмегі берілді. Туберкулез дертіне шалдыққан, амбулаториялық деңгейде ем алып жүрген 1017 адамға 118,5 млн теңге әлеуметтік көмек көрсетілді. Сондай-ақ Азғыр полигон аумағында тұратын 242 мүгедек адамға 6,4 млн теңге ай сайынғы әлеуметтік көмек берілді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Мемлекет пен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыру – тұрақты даму шарттарының бірі» деп атап айтқан болатын. Әлеуметтік жауапкершілік қағидалары негізінде аз қамтылған, қоғам тарапынан қолдауға мұқтаж азаматтарға кәсіпкерлер де қолұшын созып отырады, мұның өзі қоғамымыздың біртұтас дамуының кепілі деуіміз керек. Аз қамтылған азаматтарға мүмкіндігінше қолдау көрсетуге жергілікті бизнес өкілдері белсене ат салысып жүр.
Атап айтқанда, халықты әлеуметтік қорғау органдарының ұйымдастыруымен өткен жылдың тоғыз айында облыс кәсіпкерлері 133 сауда нүктесі арқылы 2767 адамнан тұратын 692 аз қамтылған отбасын арзандатылған бағамен 6,9 млн теңгенің азық-түлік, киім-кешек, мектеп құралдары тауарларымен қамтамасыз етті. Сонымен қатар бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында облыстық әкімдіктің бастамасымен коммуналдық қызметтер көрсететін «Атырауэнергосату», «Атырау жылу электр орталығы», «Атырау су арнасы», «Атырау газ инвест» мекемелері сияқты жергілікті монополист кәсіпорындармен жасалған меморандумдар негізінде облысымыздағы аз қамтылған отбасыларына 40% мөлшеріндегі жеңілдіктермен коммуналдық қызметтер көрсетілуде. Аталған кәсіпорындар облысымыздағы аз қамтылған 988 отбасына жалпы сомасы 3,2 млн теңге мөлшеріндегі жеңілдіктермен коммуналдық қызметтер көрсетті.
Жолдауда ең төменгі жалақы мөлшері 1,5 есе өсетіні туралы айтылды, бұл – 1 миллион 300 мың адамның табысы артады деген сөз. Бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің еңбекақысы көбейіп, орта есеппен 35 пайызға өседі. Осындай басқа да жаңалықтарымен елді қуантқан Елбасы Жолдауының сәтті жүзеге асарына сенім мол.
Көңілқос ОРЫСБАЕВ,
Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары