Қазақстан • 30 Қазан, 2018

Түркітілдес мемлекеттер арасында Нұрсұлтан Назарбаев ең танымал тұлға ретінде танылды

455 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Астанадағы Конгресс-орталықта «Қазақстан және Орталық Азия: этноәлеуметтік үрдістер мен этномәдени диалог» атты Қазақстан халқы Ассамблеясының Орта-Азиялық Ғылыми-сарапшылық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.

Түркітілдес мемлекеттер арасында Нұрсұлтан Назарбаев ең танымал тұлға ретінде танылды

Пленарлық кеңесте «Қоғамдық пікір» зерттеу институтының директоры Ботагөз Рақышева Түркітілдес елдердің әлеуметтік-мәдени байланысы тұрғысында баяндама оқыды.

«Бүгін біз еларалық әлеуметтік зерттеудің нәтижелерін ұсынбақпыз және ол салыстырмалы сипатқа ие. Бұл жоба Халықаралық Түркі академиясына тиесілі. 2017 жылы бастамашылық етілген осы жоба Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Түркия және Әзербайжан елдерінің астаналарында іске асырылды. 2018 жылы бұл жоба жалғасын тауып, барша республикаларда жүргізілді. Осы орайда қалалар мен ауылдар да қамтылды. Биыл бұл жұмыстар түркітілдес әлемнің 5 елінде ұйымдастырылды», - деді Б.Рақышева «Түркі барометрі» жобасын таныстыру барысында.

Зерттеу шаралары шілде және тамыз айларында өткізілген. 

«Атап айтқанда, «түркітілдіс елдердің мәдениетімен қаншалықты таныссыз?» деген сауал қойылды. Осы орайда Әзербайжан мен Қырғызстанның тұрғындары бұл бағыттағы деректермен жақсы хабардар екенін байқатты», - деп тоқталды сарапшы. Сонымен қатар, сауалнамаға қатысқандар арасында «түркітілдес қай елге жұмысқа, оқуға немесе саяхаттауға барғыңыз келеді?» деген сұрақ қойылған. Бұл тұрғыда адамдар аталған бауырлас елдерге сапарлауға ниетті екенін сөз еткен. «Бәрінен бұрын біздің тұрғындар осы елдерде саяхаттауға қызығушылық танытты. Жалпы, туризм мен түркітілдес елдеріне сапарлау ниеті барлық жерде байқалды. Яғни адамдар жоба аясында қамтылған мемлекеттердің мәдениетімен, салтымен танысуға ерекше көңіл бөліп отыр», деді Ботагөз Рақышева. 

Сондай-ақ, респонденттерге Түркі әлеміндегі беделді тұлғалар туралы сұрақ қойған.

«Сауалнама барысында респонденттер өздері білетін адамдар жайында мәлімет берді. Негізінен, әрбір респондент өз елінің Президентін айтып жатты. Алайда барлық 5 елдің азаматтары жалпы жауаптарында екі есімді ерекше білетіндіктерін байқатты. Осы орайда олар Түркі әлемінің маңызды тұлғалары ретінде Мұстафа Кемал Ататүрік пен ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты атады», - деді «Қоғамдық пікір» зерттеу институтының директоры.

Айта кетейік, «Түркі барометрі» өзінің сипаты жағынан Еуропа одағының «Еуропа барометрі» зерттеу бағдарламасы мен әлемнің өзге де аймақтарында жүргізілетін («Афробарометр», «Латынбарометр» т.б.) зерттеулеріне ұқсас. Мұндағы мақсат - түркі мемлекеттері тұрғындарының Түркі кеңесі тарапынан жүргізілетін интеграциялық процестерге қатысты көзқарастарын, экономикалық, мәдени аспектілерге байланысты ой-пікірлерін бағамдау.