Әлем • 31 Қазан, 2018

Халықаралық деңгейдегі әуежай қолданысқа берілді

563 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ыстанбұл қала­сында жаңа әуежай ашылды. Yeni havalimanı деп аталатын жаңа әуе алаңы Түркияның мемлекеттік мерекесі – Рес­пуб­лика күніне орай қол­данысқа берілді.  

Халықаралық деңгейдегі әуежай қолданысқа берілді

«Үшінші» деп те аталатын жаңа кешен әлемдегі ең үл­кен әуежайлардың қатарынан көрінуге үміткер. Ашылу салтанатына Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған қатысты. 

Ыстанбұлдың Еуропа бөлігін­дегі Арнауыткөй ауданында, Дурусу көліне жақын орналасқан жаңа әуежайдан көкке көтерілген алғашқы ұшақ Анкара қаласына бет алды. Ал бірінші халықаралық рейс Солтүстік Кипр Түрік Рес­публикасына жасалмақ. Одан кейін Әзербайжанға рейс ашылуы жоспарланған. 

Жылына 150 миллион жолау­шыға қызмет көрсете алатын әуе­­жайдың жалпы құны – 11,7 мил­­лиард АҚШ доллары. Оны «Лимак», «Колин», «Дженгиз», «Мапа» компанияларының 200 мың жұмысшысы 42 ай бойы салған-ды. 

Жалпы аумағы 76,5 миллион шаршы метр болатын кешеннің алғашқы кезеңіне 10 миллиард еуро жұмсалған. Әуе алаңының қалған бөлігі қолданысқа 2023 жылға дейін берілмек. Әуежайда 6 ұшу-қону жолағы, 500 ұшақ тұрағы, 70 мың автокөлік қабыл­дай алатын ашық және жабық автотұрақ бар. 

Жыл соңына дейін әуе­жай­да 2000 ұшақ қабылда­нып, әлемнің 350-ден астам нүктесіне жолаушы аттандыру жоспарланған. Yeni havalimanı әлемнің 250 әуе компаниясына қызмет көрсетеді. Airbus A380 пен Boeing 747-8 секілді соңғы үлгідегі ұшақтарды қиындықсыз қабылдай алады. Сондай-ақ робот, жасанды интеллект арқылы адам тану, ақылды жүйе, кабельсіз интернет, SIM картасыз GSM қолжетімділігі секілді бірқатар зама­науи технологияның қол­даны­луына мүмкіндік бар. Жолаушыларының қауіпсіздігі үшін 3500 күзет қызметкері мен 9000 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді.

Ыстанбұлда бұдан басқа «Ататүрк», «Сабиха Гөкчен» атындағы әуежайлар бар. Жаңа әуежай мен Ататүрк әуежайының арасы – 35 километр. 2018 жылдың соңына дейін «Ататүрк» әуежайы толы­ғымен жаңа әуежайға көші­ріледі деп жоспарланған. Әзірге жаңа әуежай конструкциясы толығымен аяқталмайынша, «Ататүрк» әуежайы жұмысын жалғастыра бермек. Жаңа әуежай алаңы Ыстанбұл метросының М2, Мармарай желісімен байланысады.

Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Бүгін ауа райы қандай болады?

Ауа райы • Бүгін, 10:42

Арандатудан сақ болған жөн

Пікір • Бүгін, 09:40

Жаңа жоба – қоғам талқысында

Реформа • Бүгін, 09:20

«Е-АӨК» платформасы іске қосылады

Шаруашылық • Бүгін, 08:58