Қазақстан • 31 Қазан, 2018

120 жауынгер бітімгерлік мақсаттағы операцияларды орындау үшін Ливанға аттанады

846 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазанның 29 күні Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Қазақстан мен Үндістан үкі­меттері арасындағы БҰҰ-ның Ливандағы Уақытша күштеріндегі үндістандық батальон құрамында қазақстандық бітімгершілік контингентті бірлесіп өрістетуге қатысты заңға қол қойды. Осы орайда, Қазақстан Қарулы Күштерінің 120 жауынгері бітімгерлік мақсаттағы операцияларды орындау үшін Ливанға аттанады.

120 жауынгер бітімгерлік мақсаттағы операцияларды орындау үшін Ливанға аттанады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Бейбіт­ші­лік еш­қандай байлықпен өлшен­бейді. Сондықтан бітімгер­лік мис­сиясы – біздің сыртқы ­сая­саты­­мыздың басты бағыты. Қазақ­­стан қашан да бейбіт келіс­сөз­дерді жүргізуге жағдай жасай­­тын мемлекет болып қала бере­ді» деген болатын. Қазақ­стан­­ның бітімгерлік бастамалары тәуел­сіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ бейбіт саясат ұстанып, әлемдегі түйінді мәселелердің шешілуіне тікелей атсалысып келе жатқан мемлекетіміздің халықаралық дәрежеде танылуын жаңа сапалық деңгейге көтерді деуге болады.

Беделді халықаралық ұйымның бітімгерлік миссиян­ы атқаратын әскеріне жа­сақ қосу ісі кез келген мемлекет­ке жүк­теле беретін шаруа емес. Мұн­дай мәртебе халық­ара­лық қоғам­дастықта бітістіруші, үйлестіруші ретінде мойындалған елдерге ғана артылатын сенім болса керек. Бұл орайда еліміздің БҰҰ бітімгерлік әскеріне Орта­лық Азиядан әскер жіберуші алғашқы мемлекеттердің бірі екенін де айта кеткен жөн.

Ел сарбаздары ішкі шиеленісі өршіп тұрған мемлекетте алты ай бойы әскери қызметте болады. Олар Ливанға Үндістаннан аттанған 680 жауынгерден құрал­ған негізгі батальонға қосалқы құрам ретінде қосылмақ. «Шие­леніс ошағында сарбаздарды қандай қауіп-қатерлер күтіп тұр? Олар қарулы қақтығыстарға қатыса ма деп алаңдаудың еш реті жоқ» дейді жауапты мамандар. Бітімгерлік батальонының сарбаздары қақтығысқа тікелей қатыспайды, керісінше, бейбіт келісімнің орындалуын бақылап, БҰҰ бітімгершілік саясатын жүргізуге атсалысатын болады. Аты айтып тұрғандай, жауынгерлер онда гуманитарлық көмек көрсету, жергілікті тұрғындарға жәрдем беру, әскери базаларды және жүктерді қарауылдау сынды бейбіт мақсаттағы тапсырмаларды орындауға жұмылдырылмақ. 

Әскерилердің сапында әскери шені жоғары сақа жауынгер­лер­мен қатар жас сарбаздар да бар. Ең бас­тысы, олардың бар­лығы әскери білігі жетік өз ісі­нің шеберлері. Қорғаныс министр­лігінің өкілдері сарбаздар бұл әскери қызметке өз еріктерімен барғанын және жа­уынгерлер қатаң іріктеуден өткенін айтады. Ливан жерінде оларға жүктелетін операциялар арнаулы ережеге сәйкес жүзеге аспақ. Барлық сарбаздар алғашқы үш айда оқу-жаттығу жұ­мыстарынан өтеді. Әрбір жа­уын­гер Ливандағы әскери қызметі үшін ай сайын үш еселенген мөл­шерде жалақы алатын ­болады. Одан бөлек БҰҰ тарапынан әр сарбазға айына 1420 доллар айлық төленеді.

«Бұл бастама БҰҰ Жарғысын­дағы 43 бабтың мазмұнына сәйкес келеді. Ұйымға мүше мем­ле­кеттер халықаралық бейбіт­ші­лік пен қауіпсіздікті қол­дау үшін қарулы күштерді, басқа да көмек пен қызмет көрсету­дің тиісті құралдарын беруге міндетті. Әскерилеріміздің БҰҰ миссиясына қатысуы халық­аралық қауіпсіздікті нығай­туға айтарлықтай үлес қоса­ды. Сондай-ақ халықаралық қоғам­дастықтың мүшесі ретінде, оның ішінде Қазақстанның БҰҰ Қа­уіпсіздік Кеңесіндегі тұрақты емес мүшелігінің қорытындысын шығару аясында да еліміздің беделін нығайтады. Әр алты ай сайын ротаның жауынгерлерін ауыстырып тұратын боламыз, деген болатын жуырда ғана осы мәселеге қатысты жасаған мәлімдемесінде Қорғаныс ми­нистрі­нің орынбасары Талғат Мұхтаров.

Бұл жолы Ливан жеріне жі­бері­лген 120 жауынгер – бітім­герлік миссиясына аттан­ған­дар­дың алғашқы легі. Жауап­ты ма­ман­дардың сөзінше, сар­баз­дар­дың келесі шоғыры қаңтар айы­нан бастап дайындықтан өтіп, сә­уір­де Ливанға аттанатын болады. Ха­лықаралық қауіпсіз­дікті нығайту мен қоғамды бітім­гер­лік саясатқа тарту бүгін­де маңызды сипатқа ие болып отырған мәселенің бірі. Тәуел­сіз мемлекетіміз жаһандық бейбіт­шілік мәселелеріне қолдау танытып, сенімді серіктестік пен берік ынтымақтастықтың біре­гей озық алаңына айналып келеді. Бұл жауапты қызмет өз кезе­гінде мем­лекетіміздің Қарулы Күш­те­рі­­не зор тәжірибе жинақтап, ә­с­ке­­ри мамандардың жауынгерлік қа­бі­­леттерін шың­дауға мүмкіндік бермек. 

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ