Қазақстан • 02 Қараша, 2018

«NurOtanTalks» мақсаты – ұлттық мәдениетті әлемге таныту

414 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше «NurOtanTalks» еркін ой алаңында жаһандану заманындағы қазақстандық мәдениеттің рөлі кеңінен сөз болды. Әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирде көрсетілген іс-шарада қатысушылар тақырыпқа сай пікір білдіріп, өз ойларымен бөлісті. Жиынға «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев арнайы қатысып, отандық мәдениеттің маңызы мен мәніне тоқталды.

«NurOtanTalks» мақсаты – ұлттық мәдениетті әлемге таныту

Еркін ой алаңына қаты­сушылар бұл жолы «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет: биік белестер» тақырыбында әңгіме өрбітті.

Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз», – деп ай­рықша атап өткен болатын. Осылайша, Мемлекет басшысы әлем Қазақстанды табиғи бай­лы­ғымен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымен ғана емес, мәдени жетістіктерімен де тануы керектігін меңзеді.

Бұл дегеніңіз, үлкен қажыр-қайрат пен ауқымды жұмысты қажет ететін іргелі іс. Соның ішінде ұлттық мәдениетіміз бен өнеріміздің ең үздік туындыларын таңдап алып, оларды шетелдерде жан-жақты таныстырып, қазақы құндылықтардың аясын кеңейтудің берері мол.

Іс-шараны ашқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары отандық мәдениетті әлемдік аренаға шығару арқылы оған деген көзқарас пен түсінікті тағы бір жаңа қырынан өзгертуге болатынын айтты. Мұның ұлттық құндылықтарымызға ең алдымен өзіміздің сұранысымызды арттыруға жол ашатын маңызды қадам екені сөзсіз.

– Әлемге тек табиғи байлық­тары­мызбен немесе сыртқы сая­саттағы ірі бастамаларымыз­бен ғана емес, мәдениеттегі же­тіс­тіктерімізбен де танылуды ал­дымызға мақсат етіп қойды. Ол үшін біз Қазақстанмен бірге бүкіл әлемде үлкен сұранысқа ие болатын өнер туындыларын жазуға, шығаруға жағдай жасауымыз керек. Сол арқылы әлемдік мәдениеттің дамуына өзіндік үлесімізді қоса аламыз. Қазірдің өзінде бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, қаламгерлеріміздің туындылары басқа тілдерге аударылып, әртістеріміз әлемнің ең үздік сахналарында өнер көрсетуге мүмкіндік алып жатыр. Осының барлығы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының нақты жемісі екені сөзсіз, – деді М.Әшімбаев.

Іс-шараға қатысушылардың бәрі қазақстандық кино, музыка, жалпы өнердің дамуына үлкен үлестерін қосып жүр­ген, осы са­лада өзіндік көзқара­сын қалып­тастырған қайрат­кер­лер. Сон­­дықтан олар қазақ­стан­дық мә­дениеттің бәсекеге қабілет­тілігін арттырып, отандық өнердің көк­жиегін қалай кеңейтуге болатынын өте жақсы білетіні сөзсіз.

Тақырып жайында пікір біл­діргендер арасында Құрман­ғазы атындағы Қазақ ұлттық кон­сер­ваториясының ректоры, «Қа­зақстандағы 100 жаңа есім» (2017) жобасының жеңімпазы Арман Жүдебаев, 71-ші Халықаралық Канн кинофестивалінің «Үздік әйел рөлі» аталымы бойынша же­ңім­пазы, белгілі актриса Самал Еслямова, Нью-Йорк кино­академиясының (MFA) түлегі, халықаралық және рес­публикалық кинофес­ти­валь­дердің лауреаты, режиссер, сценарийст, актер, документалист Диас Әзімжан және «TSE Art Destination» арт-алаңы мен «Artios» креативті агенттігінің негізін қалаушы, өнертанушы, «Нұр әлем» Қазақстан ұлттық па­вильонындағы қазіргі заманғы өнер жиынтығы мен «Astana Art Show» халықаралық көрмесінің кураторы Дина Байтасова болды. Олар осы мәселеде өз ой­ларын ашық айтып, ұтымды ұсы­ныс­тарын жолдады.

Мәселен, әлемге танымал кино актриса Самал Еслямова қазақтың дәстүрлі әні мен күйі ешқандай әлемдік өнер туындыларынан кем еместігін айтты. «Шетелде көп жүрген қазақ ре­тінде дәстүрлі әніміз бен күйі­міздің музыка саласындағы әлем­дік шедеврлерден еш кем емес­тігін айтқым келеді. Кейде алыс­та жүріп, туған еліңді ауылың­ды аңсайсың. Сондай кездер­де дәстүрлі әндеріміз бен күй­леріміз жанға үлкен демеу бо­латынын байқадым. Сол себеп­ті, біз мәдениет сала­сында әлем­дік деңгейге өзіміз­дің ұлттық бол­мысымызбен, асыл құндылық­тарымызбен шығуы­мыз керек. Өйткені олардың барлығы сұ­ранысқа ие. Тек наси­хат­таудың ұтымды жолын таба білсек бол­ғаны», – деді ол. 

Айта кетейік, «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы партияның идеологиялық жұмы­сының негізгі тұғырнамасы болуы керектігіне ерекше назар ау­дарған еді. Соған орай партия бұл бағдарламаны жүзеге асыруға белсене қатысып, жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

Жолдыбай БАЗАР,

«Егемен Қазақстан»