Мәселен, даңқты спортшы, Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров те сондай қарбалас шақтан енді өтіп, шаруадан қолы қазір босағандай. Жетісу өңіріндегі Жамбыл ауданы және Балқаш ауданындағы шаруашылықтарының қысқа дайындығы мен жұмысшыларының жай-күйін қамдаумен жүрген кәсіп иесімен бірнеше мәрте телефон арқылы сөйлескенімізбен, пікірін білуге уақыт тығыздық еткен. Алғашқыда Мемлекет басшысының Жолдауына қатысты ойын айтуын сұраған болатынбыз. Аз-кем үнсіздіктен соң Еңбек Ері «Жолдауды эфирден тікелей тыңдап, негізгі бағыттарын бағамдадым. Биылғы басымдық әлеуметтің жағдайын оңдауға беріліпті. Бұл өзі науқаншылдықпен бітетін іс емес. Әрі әркім Елбасы жүктеген міндетті қалай атқаратыны жайлы толғанып, мүмкіндіктерін саралап алуы тиіс. Мына күзгі жиын-терін, мал қыстату қамын тиянақтап болған соң бола хабарын берермін...» деген-ді Жақсылық аға. Айтқандай-ақ, арнайы уақыт бөліп хабарласқан Олимпиада чемпионы әріден толғады.
– Елбасы Жолдауында «Үкіметке және әкімдерге кем дегенде 100 денешынықтыру-сауықтыру кешенін салуды тапсырамын. Сондай-ақ қолданыстағы, әсіресе мектептердегі спорт ғимараттарын тиімді пайдаланып, денешынықтырумен айналысу үшін аулаларды, парктерді, саябақтарды жабдықтау қажет» деп менің көкейімде жүрген арманды тап басып, көрсетіп беріпті. Жалпы, бұқаралық спортты дамыту тұрғындар денсаулығының жақсаруына ғана емес, мемлекеттегі спорт саласының жетістікке жетуіне жол ашады. Президент бұл жерде ұлттың денсаулығын өскелең ұрпақ кезінен сақтауды, сол арқылы кәсіби спортқа бет бұратын саламатты буынның қалыптасуына қатысты аталы сөз айтып отыр. Және бұл бастама қазірдің өзінде нәтижесіз емес. Мысалға, Алматы облысында денешынықтыру-сауықтыру кешенін салу ісі жақсы жүріп жатыр. Спортшы әрі Олимпиада чемпионы ретінде жеңіс дәстүрінің үзілмей жалғасқанын қалайсың. Ол үшін рухы мықты, денсаулығы зор, дайындығы жоғары, шеберлігі шыңдалған ұрпақ өсуі тиіс. Осы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің табалдырығын имене аттаған бүгінгі жас бала ертең еліміздің абыройын әлемдік спорт додасында қорғайтын саңлақ болып өспесіне кім кепіл? Лайым солай болғай. Елбасы әкімдерге осы дүниені жасаңдар, халыққа жағдай жасаңдар деп отыр ғой.
Мен өзім осыған қатты қуандым. Қолымыздан келгенше ауылымызға жағдай жасауға тырысып жатырмыз. Жамбыл ауданындағы Мыңбаев ауылын түлетуге күш салып жүргенімді білесіздер. Еңбек Ері атанғанымда Елбасына «Нұреке, елімізде 5 мың ауыл бар шығар, сол ауылды көтеруге дайын 5 мың қалталы азамат шығып, түлетіп жіберсек, Отанымыз гүлденіп кетер еді. Бір арманым осы...» деген едім. Қазір Елбасына берген сол уәдемді орындап жүргеніме өзімді бақытты сезінемін, – дейді Ж.Үшкемпіров.
Десе дегендей, қазір Еңбек Ері туған ауылы үшін үлкен жұмыс жасап жатыр. Мыңбаев ауылынан бірнеше әлеуметтік маңызы бар нысандарды қайта жөндеуден өткізіп, ел игілігіне берді. Қағидасынан айнымаған чемпион алдымен спорт кешенін ашты. Оның құрылысына 73 млн теңге қаржы жұмсапты. Қазір ауыл жастары бұл кешенде күрес, бокс, ауыр атлетика, фитнес, футбол, волейбол, грек-рим күресі, еркін күрес, қазақша күрес, самбо, дзюдо, сол сияқты футбол, баскетбол, тоғызқұмалақ сияқты спорт түрлеріне жаттығып жүр. Мұнан бөлек, Мыңбаев атындағы орта мектептің спорт залына да күрделі жөндеу жүргізіп берген. Тағы сол спорттың дамуы мен саңлақ ізбасарларының қамы.
Спорттан бөлек, әлеуметтің қамын да ұмытқан емес. Өз қаржысына балабақша салып, оған «Жақсылық» деп есімін қойды. Мұнда ауылдың 100 бүлдіршіні тәлім алып жатыр екен. Жас отбасыларға арналған жатақхана да бар. 105 әулет осы шаңырақ астында тұрып, еңбек етуде. Көбі Үшкемпіровтың шаруашылығында жұмыс істейді. Жалақылары жоғары, тұратын жерінде тұрмысқа қажетті жағдайдың бәрі жасалған.
– «Мен істедім дегенше, ел істеді десеңші...» деген қазақтың сөзі бар ғой, аз-кем еңбегіміздің өтеуін елдің алғысымен қайтарып жатырмыз. Бұл – азаматтық парызымыз. «Елде болса – ерінге тиеді» деген даналық та тегін айтылмаған. Елбасы биылғы Жолдауында азаматтарды Отаншыл болуға, туған жерін түлетуге үндеп жатыр. Оның нақты жолдарын көрсетіп берді. Халқымыздың әл-ауқатын арттыруға, тұрмысын түзеуге Үкімет білек сыбанып кірісіп жатыр. Президенттің мұғалімдердің мәртебесін көтеруге, дәрігерлердің жалақысын көбейтуге тапсырма бергені ел ішін сүйсіндіріп тастады. Өйткені осы екі мамандық өкілдері ауылдың қалыпты дамуына үлес қосуда. Кеше ғана орталықтан алыс елді мекенде болдым. Жұрттың аузында Жолдаудың тұрғындардың тұрмысын жақсартуға деген бастамасы. Енді Мемлекет басшысы жүктеген осы міндетті мінсіз атқаруымыз керек, – деп түйіндеді сөзін Жақсылық аға.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы