Келелі кеңеске Түркия, Қырғызстан, Әзербайжан және Татарстан елдерінің ақпараттық агенттіктері мен белді басылымдарының жетекшілері, отандық БАҚ басшылары мен өкілдері, ғалымдар және журналистика бөлімінің студенттері қатысты.
Жиында Түркістан облысының басты брендін қалыптастыру, облыстың оң имиджін көтеру, сондай-ақ Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани орталығына айналдыру сөз болды.
Форумның ашылуында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев аталған жиынның маңыздылығына тоқталып, медиа кеңістікті дамыту, киелі шаhарды түркі әлемінің рухани орталығына айналдыру жолында осындай келелі кеңестердің оң ықпал ететіндігін айтты.
«Елбасы Түркістан қаласын Түркі әлемінің рухани орталығына және әлем туристері келуге асығатын қалаға айналдыру жөнінде тапсырма берген болатын. Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында да туризм мәселесіне ерекше тоқталды. Туризмді дамытуда ақпараттық жұмыстың маңызы зор. Бүгін шетелдік ақпарат құралдары өкілдерін, еліміздің жетекші телеарналары мен басылымдарының басшыларын, өңірдегі редакторлар мен журналистердің басын қосудағы мақсатымыз – баршаңызды бірлесіп жұмыс істеуге жұмылдыру. Қаланы көркейтуге және отандық журналистиканы дамытуға арналған ұсыныстарды тыңдауға әзірміз. Бүгінде облыс орталығына мемлекеттік қызметкерлермен қатар бірқатар журналистер көшіп келді. Олар Түркістанның жаңа жылнамасын жазып жатыр. Сіздерді де Түркі әлемінің рухани орталығына жұмыс істеуге шақырамын, – деді Ж.Түймебаев.
Өңірдегі игілікті істерді түркі тілдес елдер БАҚ-тарында тарату және өзге мемлекеттермен ақпараттық салада ынтымақтастықты арттыруды мақсат тұтқан жиында сала білгірлері отандық журналистиканы дамыту бағытындағы тың идеялар мен бастамаларын ортаға салды.
Осы форумға түркі тілдес елдерден арнайы шақырылған ақпарат құралдарының жетекшілері мен өкілдері алдағы уақытта облысты халықаралық деңгейде насихаттауға үлес қосуға дайын екендіктерін жеткізді. Сондай-ақ шынайы әрі сапалы ақпарат арқылы Түркі әлемінің рухани орталығы – Түркістанның туризм саласын дамытып, инвестиция тартуға көп көңіл бөліп отырғанын тілге тиек етті.
Жиында баяндама жасаған БАҚ басшылары Түркістан шаһарында түркі тілдес мемлекеттерге ортақ ақпарат тарататын интернет ресурс құру ұсынысын айтты. Спикерлердің пікірінше, ақпараттық сайт жүйелі жұмыс істеген жағдайда түркі дүниесі елдері арасындағы тілдік кедергілерді жоюға септігін тигізбек.
Форум аясында Түркістан облысы ішкі саясат басқармасы мен шетел басылымдары арасында келісімдерге қол қойылды. Тарқатып айтар болсақ, Түркияның «TRT» телекомпаниясының Астанадағы өкілдігінің директоры Абдулхамит Авшар мен Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бейсенбай Тәжібаев БАҚ саласындағы әріптестік және іскерлік байланыс орнату жөніндегі меморандумға қол қойды. Сонымен қатар Қырғызстанның «Кабар» ұлттық ақпарат агенттігінің ІТ департаментінің директоры Калнур Жаныбаевпен, Татарстанның «Татар-информ» ақпарат агенттігі бас директорының орынбасары Рамис Латиповпен және Әзербайжанның ITV телерадиокомпаниясының Қазақстандағы өкілі Мажиди Фузулимен де өзара меморандум жасалды.
Осы айтулы күнге орай облыс әкімінің қатысуымен «Түркістан медиа» халықаралық орталығы ашылып, облыс туралы ақпараттар түркі тілдес елдердің ақпарат құралдарында 5 тілде (әзербайжан, түрік, өзбек, қырғыз, орыс) тарату жөнінде шетелдік ақпарат құралдарымен келісім жасалды.
Қазіргі таңда «Түркістан медиа» халықаралық орталығы түркіге ортақ ақпараттық кеңістік құрудың алғашқы кезеңін бастап кетті. Бүгінде орталықта Қ.А.Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінде білімін шыңдаған түркі дүниесінің студенттері өз ана тілдерінде ақпар таратуға кірісті.
Нұршат ТӨКЕН,
журналист
Түркістан