«Соңғы екі жылда теңге ең төменгі минимумына түскенімен, мұнай бағасы төрт жылдағы ең жоғарғы деңгейіне жетті. Мысалы, екі жыл бұрын мұнайдың бір баррелінің бағасы 45 доллар, яғни 15300 теңге болса, былтыр ол 17000 теңгеге жетті. Қазір мұнай бағасы 80 долларға жақындады. Ал теңгенің 1 долларға шаққандағы курсы 380-ге жақындады десек, осының нәтижесінде әрбір 1 баррель мұнай компанияларына 30 400 теңге таза табыс әкеледі. Сөйтіп артық шығынсыз, тек теңге курсының өзгеруімен ғана мұнай саласының компаниялары жалпы ел бойынша триллион теңгеге жуық қосымша таза пайда көріп отыр. Егер осы қаражатты ғана алатын болса осының өзі халықтың зейнетақы қоры мен депозиттегі салымдарын индексациялауға еркін жетер еді» дейді депутат.
Осы сауалға Үкіметтен және Ұлттық банктен жауап келді. Үкімет өз жауабында. «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын (әрі қарай БЖЗҚ) сенімді басқару Ұлттық банкке жүктелген. БЖЗҚ-ның инвестициялық декларациясы Ұлттық банктің қаулысымен бекітіліп, ұзақ мерзімге шақталған табыс табуға бағытталған» дей келіп, осының өзі зейнетақы салымдарын құнсызданудан қорғайтынын жеткізіпті. Сонымен қатар зейнетақы салымдарын ұлттық валютаның әлсіреген кездерінде құнсызданудан сақтау үшін 2016 жылдан бастап зейнетақы активтерінің валюталық үлесі кезең-кезеңмен арттырылғаны айтылған. Одан әрі заңға сәйкес салынған зейнетақылық жарналар адамның жасы зейнетке жеткен уақытындағы инфляция деңгейіне арттырылумен толықтай төленетініне кепілдік берілетіні көрсетіліп, Ұлттық қорға мұнайдан түсетін қаржы есебінен зейнетақы қорын индексациялау Тұжырымдамада қарастырылмағаны айтылады.
Ал депозиттік салымдарға байланысты айтқанда, оларды сақтау үшін азаматтардың бірнеше амалды қолдануға болатынын, соның ішінде екінші деңгейлі банктерде шетелдік валютамен сақтау мүмкіндігі барын меңзейді. Сонымен бірге салымдарды теңгемен сақтаса өсімі жоғары болатыны және 15 млн теңгеге дейінгі соманың сақталуына мемлекет кепілдік беретіні айтылған.
Ал Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышевтің жауабы бойынша:
Қазақстан Республикасы азаматтарына олардың жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі зейнетақы жинақтарының инфляция нәтижесінде құнсызданудан сақталуына кепілдік береді. Инфляция деңгейі зейнетақы қорының кірістілігінен асып кеткен жағдайда, Үкімет азаматтарға жинақтарындағы айырманың орнын толтырады.
Ортақ зейнетақының мөлшері Қазақстанда жыл сайын инфляцияның деңгейінен 2%-ға аса отырып, ал базалық зейнетақы және жәрдемақылар инфляцияның деңгейіне тепе-тең индекстеледі. Осылайша зейнетақы жинақтарының жарналарын мемлекет құнсызданудан қорғап қойған.
Дайындаған Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»