Қазақстан • 06 Қараша, 2018

Өз көмірі өзінде, бағасы да тұрақты

569 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Былтырғы көмірдің жетпеуі себеп болды ма, биыл өңір тұрғындары үйлеріне көмір жеткізіп алуды ерте жаздан бас­тады. Облыстық әкімдік те «алғашқы суық түспей қысқы мезгілге көмірмен қамданып алуға» шақырды. Ұзын-сонар кезекке тұрмас үшін көмір алуға баға өспей тұрып үлгеру ескертілді. Тіпті аудан тұрғындары жаз бойы көмір тасыды десе де болар.

Өз көмірі өзінде, бағасы да тұрақты

Облыстық энергетика жә­не тұрғын үй-коммунал­дық шаруашылығы басқар­ма­­сы­ның мәліметінше, өңір тұр­ғындарының жылу маусы­мын­дағы көмірге деген сұранысы шамамен 428 мың тоннаны құрайды. Бұл күндері көмірді тасымалдаумен 300-ге жуық шағын және орта кәсіпкерлік орындар айналысуда. 

Ал облыс орталығында «Элит KZ», «А-Вест Павлодар» және «Север-Энергоугольснаб» ЖШС жеткізілген көмірді сатуда. Бірақ жанар-жағармай отынының баға тұрақсыздығына орай, көмір бағасы да өзгеріп тұруы мүмкін. 

– Көмірдің бағасын кеніштер бекітеді. Қазір әкімдіктермен көмір жеткізу бойынша келі­сімшарттар жасалды. Мысалы, «Майкөбен-Вест» ЖШС биыл көмірдің 1 тоннасын 6500 теңгеге өткізбекші. Көмір қоры еркін саудада жеткілікті, – дейді басқарма маманы Талғат Еспұлов. 

Көмір жеткізумен және сатумен айналысатын «Элит KZ» ЖШС-нің директоры Дастан Дәулетбаевтың айтуынша, қазір кәсіпорын қорындағы көмір жеткілікті. Қарағандыдағы Шұ­бар­көл көмірінің тоннасы – 17 мың теңге, Майкөбе көмірі – 12 мың теңге. Өңір тұрғындары Семейдің Қаражыра көмір кенішінің де көмірін тұтынады. Шектеу жоқ. Тұрғындарға сапалы көмір таңдауға мүмкіндік бар. 

Өңірдегі көмір сату қор­ларында қазір 18 мың тонна көмір бар, оның 14,2 мың тоннасы – қоңыр көмір, 3,8 мың тоннасы – тас көмір. Ауылдардың алыс-жақындығына қарай, көмірдің түрі сапасына сай бір тоннасы 6800-17 мың теңге аралығында тұрады. Облыс әкімдігінің қала­лар мен аудандардағы дайын­дау-үлестіру пункттерінің көмір қорлары туралы 19 қазандағы ақпаратына сәйкес, көмір бағасы тұрақты. 

Көмір саудалайтын серік­тестіктердің тиісті сертификаттары бар, салық, эмиссия сынды міндетті төлемдерді жасайды. Аталған сауда орындары көмірді әкімдік ұсынған баға бойынша сатады.

Облыс әкімі Болат Бақауов әкімдікте өткен аппараттық жи­ында көмір бағасын тұрақ­ты ұстауды тапсырды. Ком­муналдық-тұрмыстық сала мен ауыл, қала тұрғындарын көмірмен қамтамасыз ету үшін әкімдік арнайы Жол картасын бекітті. Бұл мәселеге жауаптылар мен негізгі шаралар белгіленді.

Облыстық энергетика жә­не тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық басқармасының мәліметінше, өңірдегі әлеу­меттік сала нысандарының қазан­дықтарына алдағы қысқа 141 мың тонна көмір сатып алу үшін 1,4 млрд теңге қарас­тырылған. Электр стансалары да жөндеуден өткізілуде. Өңірде көмір тапшылығы жоқ. 

Ал өңірдегі «Богатырь Кө­мір», ЖШС «Майкөбен-Вест», «Шығыс» көмір кеніштері бұл күндері энергетикалық және коммуналдық-тұрмыстық кө­мір көлемін арттыру үшін қарқынды жұмыс істеуде. Былтыр серіктестік 40 миллион 900 мың тонна көмір өндірсе, оның 30 миллион 700 тоннасын қазақстандықтар тұтынып, 10 миллион 200 мың тоннасы Ресейге жөнелтілген. 

Ал «Еуроазиаттық энерге­тикалық корпорация» АҚ-қа қарас­ты «Шығыс» кеніші­не елімізде өндірілетін энергети­калық көмірдің 20 пайызы тиесілі. Кәсіпорын биыл да 18 миллион тонна көмір өндірмек. Көмір қазу жұмыстары өнімділігі жоғары заманауи машиналар арқылы жүргізіледі.

Баянауылдың түбіндегі Май­көбе кенішінің көмірі қо­ңыр түсті, лигнит деп аталады. Екібастұздың көмірінен айырмасы бар. Қоңыр көмір тез жанады, күлі аз. Бірақ тас көмірге қарағанда қызуы төмен. Негізінен тұрғын үйлерде пешке жағылатын көмір, – дейді мамандар. Күн сайын 150-200 жүк көлігіне көмір тиеледі. Алдағы жылдары кеніштен өндірілетін көмірдің өндіріс көлемін 4,3 миллион тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. 

Бұл өңірдегі көмір кеніштері кез келген сұранысты өтеуге әзір деген сөз.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»