Тегін скринингтен өткізіп, ауруды алдын ала анықтауға жағдай жасайды. Тәуелсіздіктің алғашқы қиын кезеңдерінде жабылып қалған аурухана, фельдшерлік-амбулаториялық пункттер қайта ашылып, жаңадан заманауи орталықтар салынды. Астананың өзінде бүгінгі заманның барлық сұранысына жауап беретін тұтастай клиникалар кластері пайдалануға берілді. Облыс орталықтарында орган алмастыру операцияларына мүмкіндік туды. Бұрын шетелде ғана жасалатын күрделі операциялар бүгінде Үкімет бөлген квотамен тегін жасалады. Алайда жұртшылықтың көңілі арта түсуінің сыры неде? Қазақ «Ауруын жасырған өледі» дейді. Сондықтан олқы тұстың сыры ашылып, оны жою жолында қадам жасалуы тиіс.
Қазір қоғамнан дертіне медет сұрайтын жандар көбейді. Солардың біріне назар аударып көрелік. «Ауруым асқынып бара жатыр, порталдың дайын болуы қиынға соғып кетті. Мен əлде де болса ақиқат бар деп ойлаушы едім, дәл бүгін сол үмітім үзіліп тұр. Маған «жатырда рактың басталуы» деген диагноздың қойылғанына екі айдан асқан. «Сізге шұғыл түрде операция жасау керек» деген еді, міне, әлі хабар жоқ. О баста диагноз қоя алмады. «Гиперплазия эндеметрия» деген диагнозбен жүре бердім. Əр ай сайын емхана мен аурухананың табалдырығын тоздырамын. 4 баланың жалғыз асыраушы анасымын. Жұмысқа жарамсыз болып жатқаныма – 4 ай, денсаулығым барда ешкімге қол жаймай балаларымды бағып жатқан едім. Үкіметтен жəрдем ақша бөліңіздер десем, үш ай сайын құжат тапсыр дейді. Оны жиюдың өзі оңай емес. Денсаулығымның жоқтығынан құжат жиюға шыға алмай, екі рет есімнен танып құладым. Балаларым үшін өмір сүргім келеді». Бұл – Алматы облысының тұрғыны Сәбира Шербайқызының әлеуметтік желіге жариялаған хаты. Бұл мәселе көпшіліктің, «Егемен Қазақстан» газетінің дәнекерлігімен Денсаулық сақтау министрлігінің назарына жеткен соң Сәбира ауруханаға жатқызылып, көптен күткен операциясы жасалды, енді химиотерапия алады.
Сәбираға дәрігерлік көмек көрсетілді, алайда мұндай оқиға жалғыз емес. Елімізде квотамен порталға кезекке тұрып, ауруханаға жатудың кілтипаны көбірек болып кеткендей әсер қалдырады. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі назар аударатын бір олқы тұс – порталға тұрудың ашықтығына қол жеткізу тәрізді.
Осы мақаланы жазуға дайындық барысында Астана қаласының емханаларын түгел дерлік аралап шықтық. Ойымыз деректеріміз нақты, мысалдарымыз өмірден алынсын деген талап еді. Емханаларға кіріп, адам қарасы көп жиылған бөлменің тұсына келеміз. Бұл әдетте маманданған дәрігерлердің бөлмесі болып шығады. Қаралатын көптің бірі тәрізді кезекке тұрып, отырған адамдардың айтқандарына құлақ түріп, әңгімеге араласамын. Сонда жиі бас қатыратын проблеманың бірі – диагноз қою мәселесі.
«Сәуір айында жүрегім қысылып, жедел жәрдемге жүгіндім. «Тұрғылықты жердегі емханаға барып міндетті түрде қаралуыңыз керек», деді дәрігерлер. Содан бері диагноз қойылуы мұң болды» дейді тағы бір сырқат. Дәрігерлердің өз ісіне салғырт қарауына наразы болған оған алғашында өз учаскесінің дәрігері болмай, тексерілуге бірнеше жолдама беріліпті. Ультрадыбыстық зерттеуде жүрек қақпақшасы дұрыс жабылмайды деп жазылып, одан кейін гормондарға ақылы анализ тапсырады. Тағы жүрекке қатысты бірнеше жолдама беріледі. Ал келесіде басқа дәрігер: «Бұл жолдаманы неге берген, сізде мұндай ауру жоқ» деп, ақырында барлық жолдама да, республикалық клиникадан өткен зерттеудің қағаздары да жарамсыз болып қалды. «Жүрегім қысылып, ауа жетпей, түн баласы самалдықта тұрамын, 70 жастағы атам 3-ші қабатқа менен бұрын шығады, ал мен сол аралыққа демалып алмасам көтеріле алмаймын. Бес айдың жүзі болды, жағдайым жақсарған жоқ, тарс-тұрс еткен жүрегімнің соғысынан шошимын, диагнозым болса қойылар емес», дейді ол.
Тағы бір кейіпкеріміз «белдің ауруының бебеулеткені сондай, аяғым басылмай қалды» деп бастады назын. Мейіргер қыз келіп тыныштандыратын екпе егеді, ауруым азайып ұйықтап қаламын. Оянсам мең-зеңмін, солай мәңгіріп жатқанымда тағы екпе салады, тағы ұйықтаймын. Бір күні: «Қалқам, осы маған не бересің, сендер келсеңдер болды, көзім жұмыла беретін болды ғой», десем, «Апай, дәрігердің тағайындауы бойынша сізге ауруды басатын, ұйықтатын дәрі саламыз», дейді. 10 күн осылай ұйықтатып, ауруханадан шығарды. Енді осы ем бе?! Ақылы түрде тағы қаралып едім, омыртқаға операция жасату керек деді. Осы диагнозды аурухана дәрігерлері 10 күн жатқанымда айтқан жоқ. Ең болмағанда жаныңды жылытып, аурудың мән-жайын түсіндірмейді, – дейді налып...
Мұны жазудағы мақсат – медицинаны даттау емес. Осы салада қалам тартып жүргендіктен дәрігерлер еңбегін біршама білеміз деуге негіз бар. Медицина қызметкерлерінің күн-түн демей ауруы жанына батқан пациентінің қасынан табылып, ажалмен арпалысып, қаншама адамның демі таусылмауы жолында күресетінін көз көріп жүр. 500-600 грамм болып туған шарананы адам қатарына қосып, алақандай сәбиге операция жасап, аман алып қалып жүргендеріне де куә болдық. Бірақ отандық медицинада ана мен баланың өмірі де қыршын қиылып жататын жағдай аз емес. Биыл жазда 5 бірдей ана Астанадағы перинаталдық орталықта көз жұмды. Бас дәрігер өз өтінішімен орнынан кетті. Егер мұның бәріне аналардың өз денсаулығына жете мән бермей, өмірге ұрпақ әкелу жолындағы көзсіз тәуекелге баруы ғана себеп дегенге сенсек, онда бас дәрігер неге орнын босатты? Көпшілік тәрізді біздің де көңілімізге сан сауал ұялайды...
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»