28237 әскери бөлімі радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс қызметінің бастығы майор Абдужалил Ерназаровтың айтуынша, оқу-жаттығуға ІІМ Ұлттық ұланының құрылымына кіретін азаматтық қорғаныстағы Бауыржан Момышұлы атындағы 28237 әскери бөлімінің жеке құрамы да тартылды. Оқу-жаттығу жоспарына сәйкес Алатау ауданы Алғабас шағын ауданындағы ТЭЦ-2 жылу-энергия стансасының аумағындағы мазуттік цех өртке оранады. Апат орнындағы ауаның ластануы мен аумағының зақымдалуын тексеру және адамдарды құтқару, төтенше жағдай салдарын жою бойынша 28237 әскери бөлімі радиациялық-химиялық және биологиялық қорғаныс ротасының жеке құрамы АРХР және АРС-14 арнайы көліктерімен апат орнына дереу жетті. Ауданның химиялық ахуалы мен жай-күйін бағалаланды. Ауаның, топырақтың құрамы тексеріліп, нәтижесі Алматы қаласының Қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің азаматтық қорғаныстағы радиациялық, химиялық және биологиялық қызметіне сараптамаға жіберілді.
Оқу-жаттығу нәтижесі ұландық құтқарушылардың дайындығы мен кәсіби біліктілігінің жоғары деңгейде екендігін көрсетті. Құтқару қызметі саласынан тәжірибе алмасқан ұландықтардың іс-тәжірибесіне Алматы қалалық Төтенше жағдай жөніндегі департаментінің өкілдері жоғары баға берді.
Оқу-жаттығуларға орталық мемлекеттік органдардың жедел топтары, азаматтық қорғаныс жүйесіндегі қызметтер мен ІІМ құрылымындағы апаттық-құтқару қызметтері мен аумақтық-құрылымдық органдарының қызметкерлері қатысты.
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ