Адриан ОГАНЕСЯН, «Нью-Йорк Таймс». Гомбе штатында сиыр құны 600 АҚШ долларына дейін жетеді, бірақ жайылымдық жер азайып барады.
Дионн СИРСЕЙ, «Нью-Йорк Таймс» – Даминия (Нигерия)
Бұл – Нигерияда ірі қаралар үшін жаңа жайылым іздеген оның және басқа да бақташылардың өмір бойғы күнделікті кешкі әрекеті.
Бақташылық ғұмырында Бака улы жыландармен, індеттің таралуымен, барымташылар және ветеринарлық дәрілердің қолдан жасалуымен күресіп келді. Енді бақташылар өміріне зиян келтіретін мәселемен бетпе-бет келіп отыр: Нигерия халқының қарқынды дамуы ғасырлар бойы бақташылар қолданып келген жерге қызығушылардың артқанын көрсетеді.
Нигерияның әр жерінде жерге иелік етуге таласқан фермерлер мен бақташылар арасында дау-жанжал жиі тұтанып тұрады. Биылғы алғашқы жарты жылдықта осындай қақтығыстың кесірінен шамамен 1300-дей адам қайтыс болды.
Фермерлер мен бақташылар арасындағы жанжалдың әсерінен 300 мыңға жуық тұрғын өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Қақтығыстың басым бөлігіне діни, этностық мәселелер, климат өзгеруі кесірінен туындайтын тұрақсыз ауа райы әсер етеді.
Мали, Нигерия, Буркина Фасо, Кения секілді халық саны күрт артқан мемлекеттер осындай мәселеге тап болып жатыр. Соңғы 60 жылда халық саны төрт есе артқан Нигериядағы қақтығыстардың күшейгені сонша, мемлекет полиция қызметкерлерін ұрыстарды тоқтатуға арнайы бөлетін болды.
Көптеген аймақтық органдар малшылардың құқықтарын қорғауға кепілдік бергенімен, бұл мәселе бойынша аз жұмыс атқарған. Нигерияның федералды үкіметі малшыларға жер бөліп беруді ұсынды. Дегенмен, мемлекеттегі артып бара жатқан жұмыссыздық халықты ауыл шаруашылығына итермелеп, шиеленісті одан әрі арттыруда.
Кейбір штаттар мал жайылымына тыйым салған. Шиеленістерді шешуге бағытталған жергілікті ережелер жүзеге аспайды. Әсіресе үкімет пен басқарудан алыс қалған ауылдық аймақтарда заңдар мен ережелер қауқарсыз.
Бақташылардың көбісі секілді Нигерия президенті Мохаммаду Бухари де мұсылман. Зорлықты бәсеңдетуге шаралар қолданып, бақташыларға көмек көрсетпегеніне қарамастан, оны мемлекеттің солтүстігінде шоғырланған фуланиліктерді қолдаушылар қатарына қосады.
Нигерияның көп бөлігінде, әсіресе оңтүстігінде фуланилік бақташылар террористер қатарында. Жаңалықтарда бақташылардың фермерлерді өлтіргені туралы көп хабар кездестіруге болады.
Мистер Бака табынымен көшіріп әкелген Гомбе штаты бос жатқан жерлерімен және бақташылар мен фермерлер арасындағы жақсы қарым-қатынасымен танымал. Фермерлердің көбісі бақташылар секілді фуланилер, сондықтан өзара этностық қақтығыстар жоқ.
Дегенмен, бұл аймақтың өзінде де бос жерлерге талас болып тұрады. Мистер Баканың ауылына жақын Даминия ауылының халық саны соңғы 15 жылда үш есе, яғни 7000 адамға дейін өскен.
Сиыр табындары мен отар қойларын, есектерін әкелген мистер Бака мен оның туысқандары қыркүйектің басында лагерь құрды. Олардың әр сиырының құны 600 АҚШ долларына жетіп қалады.
Мистер Бака өз тобымен Гомбе штатының былтыр мекен еткен бөлігіне қайта тұрақтады. Бұл жер оның табынына үш ай бойы еркін жайылуға мүмкіндік береді. Дегенмен, Мистер Бака көшіп келген күннің ертесіне жер иесі өз шаруашылығын кеңейткісі келетінін айтты.
Баканың туыстарының бірі Салих Абду жас кезінде малшылықтың оңай болғанын еске алады. Ол кезде сиыр бір не екі сағаттың ішінде тойынып үлгеретін. Қазір сиырды бір күн бойы жаю керек. Өйткені шөп құрғақ әрі шүйгін емес. Кей кезде сиырлары ішуге су таппай, екі күн бойы сусыз жүреді екен. «Мүмкіндігім болса, қалаға көшіп, бұл өмір салтын біржола қояр едім», дейді Абду.
Жақын жердегі ауылдарда жақсы мүмкіндіктер бар. Ол жерде бақташылықты тастап кеткен малшылар өте көп. Олар бүгінде қарқынды дамып жатқан орман шаруашылығына көшкен.
«Осындай қысым көре тұра, отырықшы өмір салтына көшіп, қазіргі кәсібімді тастау ойыма келмепті. Бұл өмірде сүйсіне істейтін жұмысым – сиырларымды бағу, бір жерден екінші жерге көшу», дейді Бака мырза.
Мақалаларды аударған
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
Светлана Ғалымжанқызы,
«Егемен Қазақстан»