Инфрақұрылымы жоқ дайын үйлер көп
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының биылғы 9 айдағы қорытындысы бойынша 8,8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 11,6%-ға жоғары. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, еліміздегі 77 мыңнан астам отбасы тұрғын үй жағдайларын жақсартып, оның ішінде 9,5 мыңға жуық отбасы мемлекеттік қаржы есебінен салынған баспанаға қол жеткізіп отыр.
− Тұрғын үй құрылысына салынған инвестиция өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31,5%-ға артып, 818,9 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар биыл 12,1 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Оның ішінде 1,3 млн шаршы метр немесе 22 мың пәтер мемлекеттік инвестиция есебінен тапсырылады, – деді Ж.Қасымбек.
Халықты баспанамен қамту бойынша Астана қаласы көш басында. Аталған мерзімде елордада 1,8 млн шаршы метр баспана қолданысқа берілді. Алматы қаласында – 1,3 млн шаршы метр тұрғын үй, Маңғыстау облысында 910,5 мың шаршы метр баспана беріліп отыр.
Жалпы, 2018 жылы мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға республикалық бюджеттен 148,6 млрд теңге бөлінді. Қаржыландырудың негізгі бөлігі, яғни, 69,4 млрд теңге тұрғын үй салынатын аудандарға инженерлік-коммуникация тартуға қарастырылған. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарға жалға берілетін тұрғын үй салу үшін 26,9 млрд теңге, «Қазақстан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы салымшыларын несиелендіруге 24 млрд теңге, Астана қаласында апатты жағдайдағы тұрғын үйлерді жою бойынша қанатқақты жобаға 20 млрд теңге бөлу жоспарланған. Сондай-ақ 7,9 млрд теңге халықтың ипотекасын және жеке құрылысшылардың займдарын субсидиялауға бөлінбек.
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасында әлеуметтік әлсіз топтар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйлер қарастырылған. Биыл бағдарламаның осы бағыты бойынша 3 470 пәтер (184,5 мың шаршы метр) салу жоспарлануда. Ал бүгінге дейін 1 176 пәтер (61,5 мың шаршы метр) әлеуметтік жағынан әлсіз топтарға тапсырылған.
Үкімет басшысы Б.Сағынтаев тақырыпты қорытындылау барысында, бағдарлама бойынша жалпы көрсеткіште өсімнің барын айта келіп, кемшін тұстарды да жіпке тізді.
– Бірінші маңызды мәселе – қаражатты игеру. Бірқатар өңірде тоғыз айдың қорытындысы бойынша қаражатты игеру қарқыны төмен болып отыр. Жалпы жоспарда 12,1 млн шаршы метр тұрғын үй тұрғызу керек еді. Бұл көлем өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға жоғары. Жыл соңына дейін екі ай ғана қалды, бұл мерзімде тұрғын үйдің жоспарланған көлемін орындауға, бөлінген қаражатты игеруге кірісу қажет. Екінші мәселе инженерлік коммуникацияларға қатысты. Биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына бөлінген қаражаттың жартысына жуығы осы салаға арналып отыр. Кейбір өңірлерде қажетті инфрақұрылым болмағандықтан құрылысы біткен дайын үйлер пайдалануға берілмей отыр. Еліміз бойынша инфрақұрылымы жоқ нысандар Петропавл, Семей, Ақтөбе, Шымкент, Қарағанды, Орал сынды қалаларда кездеседі. Бұл мәселе уақтылы өз шешімін табуы қажет, – деді Үкімет басшысы.
Б.Сағынтаев бұған қоса, Елбасының биылғы Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау үшін бағдарламаға жаңа аспектілер мен бағыттарды қосу қажеттігін айтты.
Кәсіпкерлік ортаны жақсарту – басты назарда
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – елдегі бизнес ортаны жақсарту. Бұл жөнінде Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов баяндады. Оның айтуынша, ағымдағы жылы Дүниежүзілік банк 5 индикатор бойынша 9 реформаны есепке алған. Қазақстан «Кәсіпорындарды ашу» бағыты бойынша 5 позицияға көтеріліп, 36-орынға табан тіреген. «Халықаралық сауда» индикаторы бойынша 21 позицияға көтеріліп, рейтингтегі 102-орынға жайғасқан. «Келісімшарттардың орындалуын қамтамасыз ету» индикаторы бойынша Қазақстан өткен жылмен салыстырғанда 2 позицияға көтеріліп, 4-орынға ие болды.
− Аталған индикатор бойынша сот шешімдерін және сот жұмысының нәтижелері туралы статистикалық есептерді ашық қолжетімділікте жариялау бойынша 2 реформа есепке алынды. Бүгінде «Сот кабинеті» сервисі шеңберінде үйден немесе кеңседен шықпай, сотқа талап-арыз (шағым, өтініш, пікір, қарсы талап арыз немесе өтініш) беру және мемлекеттік бажды онлайн режімде төлеу мүмкіндігі берілді. Мәселен, электронды түрдегі өтініштердің үлесі 90%-дан асады. Келесі индикатор – «құрылысқа рұқсат алу», біз 17 позицияға көтеріліп, 35-ші орынға ие болдық, – деді Ұлттық экономика министрі.
Межелі көрсеткіштердің индикаторларымен танысқан Б.Сағынтаев аталған рейтингтегі кері көрсеткіштерге назар аударып, мәселенің мәнісін жауапты министрлерден сұрады. Б.Сағынтаевтың айтуынша, артқа тартып отырған индикаторлардың бірі электр энергиясымен жабдықтау жүйесіне қатысты. Қазақстан бұл бағытта 70-тен 76-шы орынға дейін төмен түскен. Үкімет басшысы Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтан мәселенің мәнісін сұрады.
– Жалпы айтқанда, электр энергиясымен жабдықтау жүйесіне қосылу үшін 7 кезең қарастырылған болатын. Өткен жылдың ішінде 3 кезеңді жойдық. Бұл үш реформаны аталған банк есепке алмаған. Бірақ келесі жылы есепке алады, – деді Қ.Бозымбаев.
Үкімет басшысы келесі салық мәселесінде де индикатор жағынан 6 позицияға төмен көрсеткіш барын айтты.
– Салық саласы бойынша кезінде 18-ші орында болғанбыз. Жыл сайын кері кетіп барамыз, – деді Үкімет басшысы.
Б.Сағынтаев жалпы көрсеткіштің жаман емес екенін, осы орайда мыңнан аса заңнамаға өзгерістер енгізілгенін ескеріп, келесі жылы оның жалпы есепте оң ықпалы болатынын айтты.
Азық-түлік бағасын қадағалауды тапсырды
Астана қаласының азық-түлік белдеуін қалыптастыру жөніндегі жол картасын іске асыру барысы туралы Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев баяндады.
− 2017-2018 жылдарға арналған Астана қаласының азық-түлік белдеуін қалыптастыру жөніндегі жол картасы 2017 жылы бекітілді. Азық-түлік белдеуіне Ақмола облысының 17 ауданы мен Қарағанды облысының 4 ауданы кіреді. Былтыр Ақмола облысындағы 17 ауданда қуаты жылына 7 560 тонна болатын 28 сүт қабылдау пунктін, жалпы қуаты жылына 1026 бас болатын бордақылау алаңдарын, қуаты жылына 250 тонна болатын 1 мал сою пунктін ашу қарастырылды. Қарағанды облысының 4 ауданында жалпы қуаты жылына 300 басты құрайтын 30 отбасылық бордақылау алаңын және қуаты жылына 1250 тонна болатын 1 мал сою пунктін құру қарастырылған. Ал Астана қаласында биыл 9 ай ішінде кәсіпорындар 138806 тонна өнім өндірген, бұл 2017 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,8%-ға артық. Атап айтқанда 1929 тонна – шұжық, 105893 тонна – ұн, 12169 тонна – нан, 18815 тонна макарон өнімдері өндірілген. Биыл маусым айынан бастап 17 жәрмеңке өткізіліп, 2 млрд теңгеден астам сомаға 7286 тонна тауар өткізілді, – деді ол.
Үкімет басшысы тақырыпты қорытындылай келе, азық-түлік бағасына қатысты алаңдаушылық білдірді. Б.Сағынтаев Ауыл шаруашылығы, Ұлттық экономика министрліктері мен Ақмола, Қарағанды облыстарының және Астана қаласының әкімдігіне өзара бірлесе отырып, азық-түлік белдеуіне қатысушылардың баға тұрақтылығын сақтауын назарда ұстауды тапсырды.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»