Әркім өз бабасынан қайраткер жасап шығару жолында арпалысқан қазіргі кезеңде көзден де көңілден де таса қалып келе жатқан шынайы қайраткерді танып және елге таныту мақсатындағы мақала үшін басылымға да, тілшіге де алғыс айтамын. Газеттің оқылымдылығы халыққа қажетті, өткенді жаңғыртып, бүгіннің нақты бейнесін бере білумен артады. Сондықтан бес жылға созылған қиян-кескі майданда азаматтық арына, қазақы қанына қылау түсірмей шайқасқан, ел атына кір келтірмеген бабамыз, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби теңізші офицер, Ресей федерациясы «Севастополь қаласының құрметті азаматы» атанған Қалмағанбет Қалақауов насихаттауға, ұрпаққа үлгі етуге тұратын тұлға.
Жер шалғайлығына, мемлекеттің дербестігінен бе, осы уақытқа дейін Қалмағанбет атамыз туралы аталас ағайын-туыстары болмаса, жалпы халықтың, қалың қазақтың біле бермегені ақиқат. «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақала осы тоңды ерітіп, есіл ердің еңбегі мен ерлігінің туған елінде лайықты деңгейде ардақталуына жол ашады деп және Мемлекет басшысы ұсынған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында батыр есімін ұрпақ санасына сіңіру, туған халқымен қайта қауыштыру бағытындағы жұмыстар қолдау тауып, сүйегі жат жерде қалған бабамыздың ерлігі жаңғырады, рухы шаттанады деп ойлаймын.
Қазіргі таңда Қ.Қалақауовтың өмір жолы, қызметі, соғыс жылдарындағы ерліктері мен соғыстан соңғы қызметі, отбасылық жағдайы терең зерттелу үстінде. Соңында қалған екі қызының бірі өмірден өткен екен, денесі Севастополь қаласына жерленіпті. Екінші қызы Ресейден туған елге – Алматы қаласына көшіп келу бағытында жүр. Қызымен хабарласып, әкесі туралы мәлімет алуға қол жеткіздік. Сонымен қатар Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейі басшылығымен хабарласып, музейден өңірден шыққан танымал тұлға, Екінші дүниежүзілік соғысқа бастан-аяқ қатысып, сол кездері қазақ баласы үшін таң көрінетін және сирек кездесетін мамандық – теңізші офицер атанып, соғыстан соң да осы салада жемісті еңбек еткен Қ.Қалақауовқа арнап бұрыш немесе арнайы стенд дайындауды өтінген едік. Өтінішімізді аяқсыз қалдырмаған музей басшылығына да ризашылығымды білдіремін, қазіргі таңда Севастополь қаласынан музей үшін Қ.Қалақауовтың кителі, өзге де бұйымдары алдырылуда. Сондай-ақ Қ.Қалақауов әлемнің әр түкпіріндегі танымал қазақтар туралы мәлімет жинап, олар туралы арнайы энциклопедия құрастыруды қолға алған азаматтардың қызығушылығын тудырып, қазір олар да бабамыз туралы зерттеу жұмыстарын қолға алды. Ол істер – жеке рудың даңқын асыруға емес, батыр ұлды ардақтауға, елді, әсіресе жас ұрпақты ата болмысына қарап бой түзуге шақыруға бағытталатын болады.
Тағанияз БОХАНҰЛЫ,
«Кедей ата» қоғамдық қорының төрағасы
Маңғыстау облысы