Басқосуды жүргізіп отырған қауымдастық төрағасы Икрам Хашимжанов Жолдаудан Елбасының бүгінгі күннің тамырын дөп басатын көрегендігін, алыс болашақты болжай білетін тереңдігін, мемлекеттің жаңа тарихын жасаушы сұңғыла саясаткерлік тұлғасының ерекшелігін байқауға болатынын атап өтті. «Бүгінгі күні өркениеттің биік шыңына шығып, әлем назарына ілігіп отырмыз. Бұл жерде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауының маңызы мен атқарған рөлі ерекше. Елбасы отандастарымызға алғашқы Жолдауын 1997 жылы жариялапты. Естеріңізде болса сол Жолдауында Н.Назарбаев: «2030 жылы біздің ұрпақтарымыз бұдан былай әлемдік оқиғалардың қалтарысында қалып қоймайтын елде өмір сүретін болады» дегенді аса нық сеніммен айтқан болатын. Айтқаны айдай келді», деді И.Хашимжанов.
Аталмыш жиында баяндама жасаған «Өрлеу» АҚ филиалы Түркістан облыстық және Шымкент қаласы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы Махфуза Мусаева Жолдаудың маңызы мен өзектілігіне тоқталды. Баяндамашы өз сөзінде, Жолдауда айтылғандай, әрбір қазақстандық жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін және олардың Отанымызды өркендету жолындағы маңызын жете түсінуге тиіс екеніне екпін берді. Көпшілікті ортақ мақсатта, айқындалған міндеттерді жүзеге асыруға белсене жұмыс істеуге шақырды. Сондай-ақ Төле би ауданы өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Устонали Қодиров, ОҚМПУ шетел студенттерін бейімдеу орталығының директоры Шахло Наралиева жарыссөзге шығып, өз пікірлерін ортаға салды. Жиын қорытындысы бойынша бірлестіктерде түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізу сынды нақты жұмыстар белгіленген қаулы қабылданды.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Түркістан облысы