07 Қараша, 2018

Қарағандыда суретші Қалқабаевтың көрмесі ашылды

1456 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайында белгілі қылқалам шебері, мүсінші Мұрат Қалқабаевтың мерейтойлық жеке көрмесі ашылды. Келушілер назарына шебердің 40-тан астам жұмысы ұсынылды. Олардың арасында текемет, гобелен, көркем суреттер және мүсіндер бар.

Қарағандыда суретші Қалқабаевтың көрмесі ашылды

Мұрат Қалқабаевтың суретшілік өнері тереңнен тамыр тартады. Оның әжесі он саусағынан өнер тамған адам болыпты. Ол кісінің қолынан шыққан текеметтер мен сырмақтар сұлулығымен көз жауын алған. Бала Мұрат жастайынан әжесінің жанында жүріп, осы өнердің уызына қанып өскен. Содан да болар, мамандық таңдауға келгенде ол көп ойлана қоймаған: бірден Алматы көркемөнер училищесіне түскен. Өнер жолын болашақ суретші текемет, сырмақ және гобелен жасаудан бастапты. Қылқалам шеберінің ағасы Тоқболат Тоғызбаев та суретші болған. Өткен ғасырдың 60-шы жылдары жаңа қазақ өнерін қалыптастырушылардың бірі атанған. Мамандардың айтуынша, ағайынды екеуінің туындылары да бір-біріне ұқсас келеді екен.

Суретші киіз басу өндірісінде алғашқы болып станоктік әдісті енгізген. Текеметтер мен сырмақтар үшін сюжетті щебер ұлттық фольклордан алады. Ең бастысы, ол қолға алған тақырыпты өзінің қиялындағы алуан түрлі мазмұндық ерекшелікермен байыта білуді жоғары дәрежеде меңгерген кәсіби маман.

Мұрат Қалқабаев сан қырлы талант иесі. Оның кеңістікті еркін сезіне отырып дүниеге келтірген туындылары осыған айғақ. Мысалы, шебердің  «Қобыз», «Қаза болған шахтерлер ескерткіші», «Қуғын-сүргін жылдары Қазақстанда қаза болғандарға арналған ескерткіш», «Сталиндік қуғын-сүргінге ұшыраған ресейліктерге арналған ескерткіш» атты мүсіндері  жоғары көркемдік тебіреніспен сомдалған өнер туындылары ретінде кезінде жоғары баға алған.

КСРО және Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Қалқабаевтың үздік туындылары АҚШ, Израиль, Канада, Германия, Оңтүстік Корея, Ресей және басқа да елдердің музейлерінде, сондай-ақ жеке коллекционерлердің қолында сақтаулы.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды