Күрес • 07 Қараша, 2018

Солтүстік Қазақстанда грек-рим күресінен халықаралық турнир өтті

600 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Айтулы бәсеке даңқты балуан, абзал азамат, КСРО спорт шебері Уәлихан  Нұркеевтың құрметіне арналды.

Солтүстік Қазақстанда грек-рим күресінен  халықаралық турнир өтті

Турнирдің ашылу салтанатында  туризм және спорт басқармасының басшысы  Руслан Есеналин, облыстың құрметті азаматы Жамбыл Тасеменов, жан жары Бағила  Төлентайқызы, тағы басқалары сөйлеп, марқұмның жақсы қасиеттерін еске алды. Ол өңірде спорттың, оның ішінде кұрестің дамуына  үлкен еңбек сіңірді. Талай байрақты бәсекелерде топ жарды. «Спартак» ерікті спорт қоғамына жетекшілік етті. «Жігер» спорт клубын құруға тікелей атсалысты. Оның жолын қуған шәкірттері ұстаз атына кір келтірмеді. Тірі болса, жетпіс жасын тойлап, төрде төбе би болып отырар еді.

Қырғызстаннан,  Ресейден және Қазақстанның әр қиырынан жиналған екі жүзге жуық грек-рим күресінің балғын балуандары боз кілемде жасындай  жарқылдап, ең мықтылары жеңімпаз атанды. Жастарының кішілігіне қарамастан небір айла-тәсілдерді қолданып, шеберліктерін көрсете білді.

«Уәлихан секілді марқасқа азаматты еске алу турнирі 2011 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Ресейдің Сургут, Петухово қалаларынан командалар жылда қатысады», дейді жарыстың бас төрешісі Мейрам Хамзин.

26 кило салмақта белдескен  Новосібір қаласының өкілі Михаил  Оприш ақтық сайысқа дейін алқынбай жеткенімен, оның жолын  Қырғызстанның жас қыраны  Әділет Асанқұлов бөгеді. 29 кило салмақта түркістандық Ерасыл Мұса жеңістің ең биік тұғырына көтерілді. Ресейліктер 4 алтын жүлдені қанжығаға байлады.

Барлық қатысушыларға марапат  дипломдары, ескерткіш сыйлықтар және У. Нұркеевтің бейнесі салынған төсбелгілер тарту етілді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы