Аптаның бес күнінде тарыққандар үшін есігі айқара ашық болатын тамақтану орталығы жомарт жандардың мұрындық болуымен, сондай-ақ Алматы қаласы Орталық мешітінің қолдауымен ашылған. Әзірге асхана күніне 120 кісіні қабылдап, 3 мезгіл тамақтандыруға қауқарлы. Мұқтаж жандар мұнда келуі үшін Орталық мешіттің жанындағы «Ықылас» қайырымдылық қауымдастығынан арнайы талон алуы қажет.
«Алматы Орталық мешітінің ұйымдастыруымен «Уақып» асханасын ашуды жөн көрдік. Бір ғана демеуші кісі келіп, өзінің аты-жөнін айтуды құп көрмеді. Талон қарны аш, бірақ ыстық тамақ ішуге мүмкіндігі жоқ кез-келген жағдайы төмен отбасыға беріледі» дейді Алматы қаласы Орталық мешітінің наиб имамы Ермек Көкірекбаев.
Тегін асхана шаһардағы Сейфуллин даңғылы мен Радищев көшесінің қиылысында орын тепкен. Мұнда бір мәрте ауқаттанған адам сол күні қайта келіп тамақтануына да болады. Тек қолында талоны болуы шарт.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ