Аймақтар • 07 Қараша, 2018

Алматыда Денис Теннің үйіне ескерткіш тақта орнатылды

557 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда әйгілі мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиада ойындарының жүлдегері Денис Теннің құрметіне ескерткіш тақта орнатылды. Даңқты спортшының жарқын бейнесін алдыңа әкелетін  тақта Денис Теннің көзі тірісінде тұрған үйінің қабырғасынан  орын алған.

Алматыда Денис Теннің үйіне ескерткіш тақта орнатылды

Ескерткіш тақтаның ашылу рәсіміне жарқ етіп сөнген жауқазын ғұмырдың өнері мен даңқты жолын айрықша бағалайтын Алматылықтар мен белгілі спортшылар жиналды. Олардың сапында  әлемдік аренада топ жарған талай спортшылардың томағасын сыпырған бапкер Татьяна Тарасова мен ресейлік мәнерлеп сырғанаушы Елена Радионова сынды танымал тұлғалар болды.

«Денис Тен – ұлы адам. Оның өнерін тамашалаған миллиондаған адам картадан Қазақстанды іздеді. Денис арқылы Қазақстанды таныды. Онымен жұмыс істеген мен бақыттымын. Ол балаң жасынан ерекшелігімен көзге түскен үздік спортшы болатын», дейді Татьяна Тарасова.

Небары 25 жыл ғұмыр кешкен Денис Тен жаһан спорт тарихында өшпес із қалдырғаны даусыз. Бұл күндері әлемнің әр қиырында атақты мәнерлеп сырғанаушыны еске алуға арналған шаралар үздіксіз ұйымдастырылуда.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ