Аймақтар • 07 Қараша, 2018

«Challenge Men qazaqsha sóileimіn» акциясы Күршім ауданы жастарынан бастау алды

622 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Күршім ауданында Жастар жылы қарсаңында «Ұлт келбеті - жалынды жастар» атты облыстық жастар форумы өтті. Форум жұмысына қалалар мен аудандардағы жастар ресурстық орталықтарының директорлары мен қызметкерлері, өңірдегі жастар ұйымдарының өкілдері, аудандағы жастар ісі жөніндегі мамандар, ауыл жастары қатысты. Бұл туралы облыстық ақпараттық орталығы хабарлады.

«Challenge Men qazaqsha sóileimіn» акциясы Күршім ауданы жастарынан бастау алды

Іс-шара барысында «Zhas project» жастар корпусын дамыту жобасы арқылы грант иеленген жастар жобаларының іске асырылу барысы таныстырылды. Сонымен қатар, «Ұрпақтар сабақтастығы және жастар» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы, жергілікті жерде волонтерлік қызметті дамыту бойынша семинар-тренинг өткізіліп, облыста Жастар жылын өткізуге арналған іс-шаралар жоспары талқыланды.

Форумның салтанатты рәсіміне аудан әкімі Дулат Зайсанбекұлы Қажанов қатысып, ауданның белсенді жастарын марапаттады. «Ауылдың болашағы – жастар. Біздің Күршім ауданының көптеген ауылдарына өздеріңіздей жас мамандар қажет. Сіздерді ауылдық жерде қызмет етуге шақырамыз», - деді өзінің құттықтау сөзінде Д.Қажанов.

Шара соңыңда аудан жастары әлеуметтік желілерде «Challenge Men qazaqsha sóileimіn» интернет-эстафетасын бастап, Өскемен қаласының жастарына жолдады. Негізгі шарт - елімізге белгілі ақындардың өлеңін жатқа оқып, видеосын әлеуметтік желілерге орналастыру. Бұл акция жыл соңына дейін жалғасып, облыстың барлық қалалары мен аудандарындағы жастарды қамтитын болады.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Күршім ауданы