Қазақстан • 07 Қараша, 2018

Халықаралық сарапшылар: Қазақстанның инновациялық технологиялар саласындағы әлеуеті зор

478 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биылғы 5 қарашада Астанада Digital Bridge халықаралық инновациялық форумы өтті. Шара қатысушылары Startup Genome бас директоры Жан-Франсуа Готье, Priceline.com, ColorJar және LLC, the Idea Accelerator компанияларының негізін салушы Джефф Хоффман Primeminister.kz сайтына берген эксклюзивті интервьюде инновациялық технологиялардың қазақстандық нарығын дамытуға қолдау көрсету ниеттері туралы айтып берді, деп хабарлайды primeminister.kz.

Халықаралық сарапшылар: Қазақстанның инновациялық технологиялар саласындағы әлеуеті зор

Жан-Франсуа Готье Канададан Қазақстанның инновациялық технологиялар, стартап жобалар саласында дамуына көмектесу мақсатында келген.

«Біз бұл жерде Қазақстанға АТ-технологиялар саласын дамытуға көмектесу үшін келдік. Біз Қазақстанды АҚШ-пен, Еуропамен байланыстыра аламыз, басқа елдерде жинаған тәжірибемізбен бөлісе аламыз, сөйтіп, басқа елдердің компаниялары сияқты Қазақстанның дамуына жәрдемдесе аламыз», — деді Жан-Франсуа Готье.

Бұл орайда ол бүгінгі таңда Қазақстанның инновациялық технологиялар саласында зор әлеуеті бар екенін атап өтті.

«Мұнда Қазақстанның АТ саласында өркендеуіне мүмкіндік беретін инженерлік және ақпараттық жобалар көп», — деді Ж. Готье.

Белгілі кәсіпкер, Priceline.com, ColorJar және LLC, the Idea Accelerator компанияларының негізін салушы және тең иесі Джефф Хоффман өз кезегінде соңғы бес жыл ішінде АТ-индустрия, жаңартылатын энергия көздері, білім беру салаларында қазақстандық стартаперлерге кеңес бергенін айтты.

«Мен бұрын Қазақстанда болғанмын, бұл мұнда бірінші келуім емес. Сол кезде жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, Алматыға барғанмын. Кәсіпкерлермен әңгімелесу барысында мен көптеген жақсы идеяларды естідім. Ал бүгін Қазақстандағы кәсіпкерліктің айналасында экожүйе құруды жалғастыру мақсатында осындамын», — деді Джефф Хоффман.

Атап айтқанда, ол индустриялық технологиялар саласында қазақстандық және америкалық жобалардың одан арғы кооперациялары бойынша жұмыстар жалғастырылатынын айтты.

Сонымен қатар, Д. Хоффман Digital Bridge форумының аталмыш саланы одан әрі дамытудағы рөлін атап өтті.

«Қазір мен нақты жұмыс істеп тұрған жобаларды атап бере алмаймын, сондықтан Digital Bridge форумы аса маңызды, себебі, мұнда біз талантты өнертапқыштармен және өз ісін жаңа бастаған кәсіпкерлермен таныса аламыз», — деді Д. Хоффман.