Қазақстан • 08 Қараша, 2018

Жолдау жүктеген міндеттер қалай жүзеге асады?

328 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты дәстүрлі Жолдауында елімізде 2015 жылдан бері 2400  шақырым автомобиль жолы салынып және қайта жөнделгені айтылды. 

Жолдау жүктеген міндеттер қалай жүзеге асады?

Логистиканың мақсаты мен мүмкіндігі 

Бұл мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жүзеге асқан инфрақұрылымды дамытудың жаңа биікке кө­те­рілгенін айғақтайды. Президент Жол­дауда бұл бағытты әрі қарай дамытуға пәрмен беріп, «2020 жылға дейін қосымша 4600 шақырым жол пайдалануға беріледі. Енді өңірлік және қалалық инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытқан жөн» деп жол көрсетіп отыр. Қысқа мерзімде қол жеткен табыстар өз кезегінде отандық көлік транзиті мен логистикалық хаб және инвестициялық ахуалдың жақсаруына да жол ашқаны анық. Біз дәл осы бағыттар бойынша бірнеше мысал келтірмекпіз. 

Биылғы тамыз айында өт­кен Индустрияландыру күнін­де Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау об­лы­сындағы Құрық портының муль­ти­мо­дальды хабының жұмысымен танысқан болатын. Осы таныстыру рәсімі ке­зінде Президент  «Қорғас – Шы­ғыс қақпасы» арнайы эконо­микалық аймағынан жөнел­тіл­ген жүк пойызына сәтті са­пар тілеген еді. Осы шарадан бастау алған жұмыстар Қор­ғастағы құрғақ порт арқылы еліміздің батысындағы Құрық теңіз портына теміржол арқылы жүк тасымалын қамтамасыз етіп, Қазақстанның транзиттік әлеуетінің артуына үлес қосып жатыр. Жалпы, бұған дейін Қорғастағы құрғақ порттан аттанған контейнерлі жүк по­йызы Құрық портына межелі уақытта жетіп, әрі қарай теңіз жолы арқылы Еуропаға сапар шеккен болатын. Бұл бағыт елімізді  Батыс Қытай мен Батыс Еуропа арасындағы сауда қатынасына дәнекер ретінде танытып, әлемдік көлік хабы аясындағы Қазақстанның орнын да айшықтап берген-тін. Нақты айтқанда, 2017 жылдың басында Қытайдан Ұлыбританияны бетке алған жүк пойызы осы Құрғақ порт арқылы жолға шыққан еді. Көрші елдің Чжэцзян провинциясындағы Иу қаласынан Лондонның Баркинг ауданына дейінгі 11 999 шақырым қашықтықты еңсерген жүк пойызына Қазақстан тарапы логистикалық қызмет көрсетіп, жүк тасымалы бойынша әлемдік талаптарға толықтай сай екендігімізді дәлелдеді.  

Ақиқатында, дүниежүзі, әсіресе Еуропа елдері қазақ даласы арқылы жүк тасымалының өтуіне мүдделі. Өйткені  Қы­тай­дың батыс қақпасынан аттан­ған жүк су жолы арқылы Еу­ропаның орталығына жеткенше 40 тәулікке дейін уақыт жо­ғалтады екен. Ал дәл осы жүк­ті ұшақ арқылы тасымалдау су жолына қарағанда 10 есе қым­батқа түсетін көрінеді. Демек, Қорғастағы құрғақ порт жо­басының іске қосылуы кәрі құр­лыққа бағытталған жүк ке­руенін 15 күн ішінде жеткізуге мүмкіндік береді. Енді еліміздің осы транзиттік әлеуетінің артуына, сол арқылы экономиканы гүлдендіруге бағытталған қа­дамның жемісті болуына «Қор­ғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының сіңіретін еңбегі орасан. Ал құрғақ порттан былтыр 95 мың ЖФМ, яғни жиырма фунттық мөлшермен өлшенетін жүк тасымалдайтын контейнер жөнелтілген. 2020 жылы Құрғақ порттың жүк өткізу қуаты толық іске қосылып, тасымалданатын контейнерлер санын 500 мыңға дейін жеткізу көзделіп отыр.

Инвестиция иірімі мен игілігі

Жақында еліміздің Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов бас­таған шетелдік дипломаттар тобы Алматы облысындағы Қорғас шекара маңы ынтымақтастық орталығында болып, «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысқан еді. 

 – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды Еуразияның аса маңызды көліктік-логистикалық хабына айналдыру бойынша үлкен міндет қойды. Осы мақсатта біз «Солтүстік – Оңтүстік», «Шығыс – Батыс», «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәліздерінің толыққанды жұ­мыс істеуін қамтамасыз етуді, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясын­дағы жаңа экономикалық саясатты қытайлық «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен үйлестіруді, сондай-ақ Қазақстанның өңірлерін «Қытай – Иран» конти­нентаралық магис­тральдары­мен және Кавказ бен Ресей ар­қылы өтетін дәлізімен байланыстыру­ды көз­дейміз, – деген еді сол кезде сырт­қы істер ведо­моствосының басшысы.

Бұл әлем экономикасындағы экспансия үдерісі бойынша Қазақстан өзінің қомақты үлесін қамтып қалу­ға зор мүмкіндік беретін бағыт. Мұның ар жағында трансұлттық компа­ния­лардың дүниежүзі нарығындағы көшбасшылық үшін күресі мен бәсеке майданы тұр. Ал алпауыт компаниялар өз мақсатына жету үшін қолайлы ел мен ыңғайлы аумақтарға инвестиция салатыны анық. Сүйінерлігі, Қазақстан әлем назарын­дағы инвестициялық тартымдылық бойынша алдыңғы қатарда тұрған ел санатында. Мысалға, соңғы 11 жылда Қазақстан экономикасына тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 243 млрд АҚШ долларынан асқан. Бұл ғаламның ауқатты компанияларының елімізге сенімінің бір дәлелі болса керек. Жалпы, еліміз­дің инвестициялық климаты, сыртқы қар­жы көздерінің қызметі туралы әң­гі­мелегенде Экономикалық ынтымақ­тастық және даму ұйымымен арадағы байланыс туралы сөз қозғаған орынды. Осы ұйымның жоғары стан­дарт­­тарына сәйкес кезең сайын елі­мі­з­дің инвестициялық ахуалы­на шолу жасалып отырады. Бүгінге дейін ЭЫДҰ бастамасымен Қазақ­стан­­ның инвестициялық саясатына екі мәрте шолу жасалып, оның нәти­­же­лері бойынша Үкімет тарапы­нан инвестициялық климатты жақ­сар­ту бойынша жеке жоспар қабыл­да­нып­ты. Бұл реформалар отан­дық биз­нес-ортаның бәсекеге қабі­­лет­­ті­лігін арттыруға бағыт­тал­ғаны анық. Және жеміссіз емес. Атқа­рыл­­ған жұ­мыстардың нәтижесінде Қазақ­­стандағы Дүниежүзілік банктің «DoingBusiness» рейтингіндегі көр­сет­­кіші 41-орыннан 35-орынға жоға­­рылады. Әлемнің қалталылары тара­пы­­нан көрсетілген сенімнің әсері болса керек, 2017 жыл­­дың ақпан айын­да ЭЫДҰ кеңесі елі­мізді дүниежүзі бо­йын­ша Инвес­ти­циялар комитетінің мү­ше­сі ретінде қабылдауға шешім қа­был­дады. Бұл соңғы 5 жыл бойына ин­вес­ти­циялық кли­матты жақсарту мақ­сатын­да төгіл­ген тердің өтеуі деуге әбден ла­йық. Өйт­кені Экономикалық ын­ты­мақтас­тық және даму ұйымы инвестициялар ко­митетінің мүшесі болу Қазақстан үшін үлкен мәртебемен қатар жаңа мүм­кіндіктер береді. Нақ­ты мысал үшін бір ғана Алматы облы­сын­дағы ин­­вес­­тициялық ахуал жайына тоқ­тал­а­йық. Қазіргі күні облыс бойын­ша жал­пы сомасы 1,3 трлн теңге бо­ла­­тын 50 ірі инвестициялық жоба жүзе­­ге асы­ры­лып жатыр. Осының 32 жо­­басы  шетел­дік ком­паниялардың қаты­­­суы­­мен жүр­гізілуде. Жетісуда әлем­­ге әйгілі «Кока-Кола», «Фуд Мас­тер», «Данон», «Эфес», «Джи Ти Ай», «Ти­курилла» сияқты жиырмадан астам бренд­­­тер­дің өнімі шығаруда. Бұл ай­мақ­та транс­ұлттық компаниялар үшін қолай­лы жағдай жасалып отырғанын білдірсе керек.

Кеденнің қуаты мен келешегі 

Логистика тақырыбына оралайық. Сөзімізді Қорғастағы құрғақ порттың қуатынан өрбіткеніміздей, транзиттік әлеуеттің артуынан туындайтын мүм­­кін­діктер Алматы облысының да ло­ги­калық хаб аясындағы орнын ай­ғақ­­тайды. Мұны күні кеше арнайы сапар­мен келген Үкімет басшысы Бақыт­ж­ан Сағынтаев та атап көрсеткен болатын. Қазір облыстың Қытаймен шекарасында «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы орталығынан бөлек, «Нұр жолы» кедендік өткізу бекеті іске қосылып, транзиттік-логистикалық қызмет көрсету сапасы жаңа белеске көтерілді. Қаржы министрлігі Мемле­кет­­тік кірістер комитеті төраға­сы­ның орын­басары Ғосман Амриннің айтуын­ша, «Нұр жолы» өткізу бекеті тех­ни­калық жабдықталу, көлік құрал­дары­ның өту жылдамдығы және бақы­лау жүйесін енгізу бойынша тең­дес­сіз болып саналады. Тоқтаусыз жұмыс істейтін, автоматтанды­рыл­ған бақылау және тіркеу жүйесі бар заманауи құрал-жабдықтардың арқасында жүк көліктерін кедендік және шекаралық рәсімдеу уақыты бұрынғыға қарағанда 40 минутқа дейін қысқарды.

– Бұл кешеннің жалпы құрылымы көлік қозғалысының екі бағыты бо­йынша да бірден  2500 көлік құралын өткізуге қауқарлы. Оның ішінде 2200 жүк көлігі, 300 жолаушы көлігі бар. Бұл транзиттік ағындардың едәуір ұлғаюына мүмкіндік берді. Болашақта жаңа бекет тәулігіне 5000 көлікке дейін өткізе алатын болады. Мұндай өткізу пункті бар ірі сауда дәлізінің пай­да болуы еліміздің инвестициялық тартым­дылығын арттырып, өңірлік экономиканың дамуына қуатты серпін береді, – дейді Ғосман Амрин.

Күре жолдың маңызы мен мәні 

Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуеті мен логистикалық ауқымды­лығы туралы айтқанда ел ішіндегі көлік жолдарының үлесін ұмытпауымыз керек.

Тағы да Алматы облысының жағдайында мысал келтірейік. Аймақ­та мемлекеттік «Нұрлы жол» бағ­дар­ламасы шеңберінде бірнеше бағыт­тағы күре жолдар құрылысы аяқ­талды. Соның бірі әлемдік стан­дарт­тарға лайықталған «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автобаны толық пай­да­лануға берілді. Ұзындығы өңір аума­ғында 304 шақырымға жете­тін бұл күре жол еліміздің 8 об­лы­­сы­ның аумағын өзара жалғап, ішкі қатынастың сапасын ғана емес, маңы­зын да жаңа деңгейге көтерді. Мұ­нан бөлек Алматы-Талдықорған бағы­тында 260 шақырым тас жол игілік­ке жарап, қызмет көрсетуде. Бұл жол еліміздің Шығыс өңіріне қарай жал­ғасып, Алакөл жағалауындағы туризмнің өркендеуіне де қолайлы жол ашпақшы. Қазір Талдықорған – Үш­арал бағытындағы жол құрылысы бас­тал­ды. Бұйырса, аз жылдар арасында автобан Өскеменге дейін жетіп қалуы тиіс. 

Облыстағы көлік дәлізі бағытын­дағы тағы бір ауқымды жоба – Үлкен Алматы айналма көлік жолының құры­лысы екенін айтуымыз керек. Жалпы, мегаполис үшін ғана емес, тұтас еліміз­дегі жол қатынасы үшін маңызы зор жо­ба­­ны жүзеге асыру жұмыстары 2019 жылдың көк­теміне қарай толық қуа­­тына қосы­лып, алғашқы легі 4 жыл ішін­де пайдалануға беріледі. Ал жол­дың толық дайын болуы 2036 жыл­ға дейін созылмақ. Қазіргі күні ай­нал­ма жол құ­рылысы мемлекет пен жеке­мен­­шік әріптестігі арасындағы қол жет­кен үлкен табысты жоба болып отыр. Құрылысқа қажетті қаржының қомақ­ты бөлігі жеке инвестиция ретінде құйыл­мақ. Жобаның құны 180 млрд теңге шамасында. Бұл жобаның жүзеге асуы ел экономикасына орасан пайда әке­ле­ді деп күтілуде. Он бес жылға негіз­дел­ген инвестициялық жоба толық іске қосыл­ғаннан кейін қаражаттың қайта­рымы 208 млрд теңге мөлшерінде деп болжанған. 

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы